9 қарашадан бастап блокбекеттер қайта қойыла бастайды

2660
Adyrna.kz Telegram

СҚО-да эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында 9 қарашадан бастап бірқатар шектеу шаралары енгізілетіні туралы ақпарат жарияланды, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Вице-премьер алдымен Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында болып, өңірдің коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындығы бойынша жұмыстарын тексерді. Сондай-ақ елдің оңтүстік және батыс өңірлерінен келген жас медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жұмыс сапары барысында вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізді, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады. Премьер-Министрдің орынбасары өңірде тіркелген СOVID-19 фактілері санының артып отырғанын атап өтті. Облыстың кейбір аудандарында коронавирус инфекциясымен ауыру өткен аймен салыстырғанда 4,7 есе өскен. Вице-премьер жергілікті билік органдарының аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға күш жұмылдыру қажеттігін атап өтті. COVID-19-ды шетелден жұқтырып келу жағдайларының жалғасып жатқанын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия биылғы 9 қарашадан бастап халықаралық екі жақты және транзиттік жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер (шетелдік және Қазақстан Республикасы азаматтары) үшін теріс нәтижесі бар ПТР тестілеу туралы анықтаманы (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын) міндетті түрде ұсыну жөніндегі талапты енгізу туралы шешім қабылдады. Қазақстан азаматтарының мұндай анықтамасы болмаған жағдайда, жүк тасымалдаушылар ПТР-тест нәтижелері дайын болғанға дейін 2 тәулікке карантинге орналастырылатын болады. Сонымен қатар Ведомствоаралық комиссия облыс әкімдігіне осы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда: Петропавл қаласында қаланың периметрі бойынша блок-бекеттер орната отырып карантин енгізуді; күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер орнатуды; Петропавл ‒ Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды; облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарының аялдауына тыйым салуды; Петропавл қаласынан шығатын әуе жолаушылары үшін теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасының (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын) болуын міндеттеуді; діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды; Жұмыс күндері: үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орынды объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін шектеуді; сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендер жұмысын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеуді; демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тапсырыс берушіге жеткізу нысанына ауыстыру арқылы сағат 08:00-ден 21:00 сағатқа дейін шектеуді; демалыс және мереке күндері сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес дүкендер жұмысын шектеуді; жексенбі күндері сұлулық салондарының, шаштараздардың, бассейндердің, фитнес-клубтардың, жаттығу залдарының жұмыстарын шектеуді; офлайн кеңестер өткізуге тыйым салуды; қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс жасау форматына ауыстыруды қамтамасыз етуді; әуежайларға, темір жол вокзалдарына күтіп алатын және шығарып салатын тұлғаларды кіргізуге тыйым салуды (билет болған жағдайда ғана өткізуді); 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды; карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын, атап айтқанда Петропавл қаласы, Айыртау, Аққайың, Ақжар аудандарында күшейтуді; карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді; облыс тұрғындарын ПТР тестілеумен қамту көлемін арттыруды тапсырған.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары 200 орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың ашылуына қатысқан.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Фото ашық дереккөзден алынды

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер