Жаңғырудың жарқын жолы

2564
Adyrna.kz Telegram

Өркениетке ұмтылу, өзге елдің озық тәжірибесін, жақсы жақтарын ала білу – бүгінгі күннің басты талабы. XXI ғасырда өркениетті жақсы нәрсенің барлығын сіңіру арқылы озық ұлтқа айналуға болады.

Қазіргі кезде еліміз экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем түспейтін рухани-адамгершілік даму кезеңіне келіп отыр.

Елбасы өз сөзінде айтқандай, «мемлекет пен ұлт қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағзасекілді». Сондықтан өзіміздің ұлттық-мәдени құндылықтарымызды заман ағымына сәйкес бейімдеу қажет.

Осы ретте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынған үлкен идеологиялық құжатқа айналды.

«Жаңғыру жолындағы басты идея – болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау»...., «Бұл мәселе біздің ұлтымыздың болашағы мен рухани әлеуетіне тікелей қатысты. Түптеп келгенде мақала қазіргі Қазақстанның экономикалық және техникалық жаңғыруының идеологиялық негізі, -деді ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында.

Бағдарлама қабылданған 3 жылдан бергі уақытта Ақтөбе облысында 6 арнайы бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда. Өңірдегі барлық салалар, қалалық және аудандық әкімдіктер, облыстық басқармалар, жоғары оқу орындарында жүйелі түрде жасалған жұмыстар  сараланып, қорытындыланды.

Мемлекет тарапынан қабылданған қандай да бір бағдарлама, бастама болсын, халық  оның игілігі мен нәтижесін көруі керек. Соған сай оның даму бағыты, озық  тәжірибесі мен кемшін тұстары анықталады. Ол үшін елдегі әлеуметтік үрдістерді және қоғамдық сана құрылымындағы өзгерістерді талдауда әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізіледі және ол зерттеулер қоғамдағы әлеуметтік құбылыстармен процестердің шынайы сипатын білуге мүмкіндік береді.

Осы орайда, облыс тұрғындарының «Рухани жаңғыру» мақаласының мазмұнымен ақпараттандырылуы бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізілді.

Респонденттердің пікірі бойынша қоғамды жаңғыртудың қозғаушы күшінің алғы шебінде  білім беру саласының мамандары – 26,3%, қоғамдық қайраткерлер мен құқық қорғаушылар – 22,3%,  ғылыми зияткерлер – 20,6%,  БАҚ өкілдері – 16,5%,  спорт өкілдері – 16%,  бизнес өкілдері – 11%, медицина саласының өкілдері – 9,1%, шығармашылық зияткерлік – 6,1%, мемлекеттік қызметкерлер  - 4,6% көрсеткіші анықталды.

Осылайша, халық арасында өткізілген сауалдарға сәйкес Бағдарламаның Ақтөбе жұртшылығының қызу қолдауына ие болғанын көруге болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс, қала, аудан әкімдіктері жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталықтары құрылды. Облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктерде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссиялар құрылды. Бұл құрылымдар жұмысына ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, өлкетанушылар, тарих, әдебиет, география пәндерінің мұғалімдері, өнер қайраткерлері т.б. жұмылдырылды. Комиссия мен орталықтың жұмысы жүйелі ұйымдастырылып, жаңғыру бағыттарының орындалуына тиісті дәрежеде ықпал етуде.

Облыстық орталық қалалық, аудандық орталық мамандарын оқытып, олармен семинарлар, тренингтер өткізіп, дайындықтарын,  тәжірибелерін жақсартып келеді. Әдістемелік жинақтар шығарылып, көмектер көрсетілуде, мониторингтер жүргізілуде.

Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының материалдық базасы жасалған. 3 жыл ішінде Ақтөбе қаласында рухани бағытта жұмыс жасайтын бірнеше әлеуметтік-мәдени ғимараттар іске қосылды. Аудандарда 100-ден астам коворкингтер, жастар орталықтары, спорт және балалар алаңдары, балалар шығармашылығы орталықтары, мәдениет үйлері салынып, жаңаша жұмыс жасауда. Жұмыстың түрі мен мазмұны жаңарып, сананың өзгеруіне қызмет етуде. Кітапханалар мен музейлер «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры»  бағыттарында белсенді жұмыс жасауда.

Архив жұмысы жанданып, облыс тарихы бойынша зерттеу жұмыстары және деректер жинау қолға алынды. 3 жыл ішінде облыста 320 әлеуметтік-мәдени құрылыс нысандары іске қосылды. Олар бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, эволюциялық даму және т.б. маңызды бағыттар бойынша жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыруда.

Ұлттың өркениетті, озық болуы оның жерінің үлкендігінің, табиғи байлықтарының молдығының, халқының көптігімен өлшенбейді, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен, білім, мәдениет, денсаулық дәрежесімен, еңбекқорлығымен  айқындалады.  Сондықтан мақаланың негізгі өзегі – ұлттық сана 6 басым бағытқа ие.

Адамның өмірі ең әуелі моральмен реттеледі. Бұған білім мен тәрбиенің нәтижесі арқылы жетуге болады. Олай болса, биыл мерейтойлары аталып өтілетін ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (1150 жыл) «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген идеясы, ұлы Абайдың (175 жыл) «Толық адам» идеясы, ұлы ақын Нұрпейістің (160 жыл) «Білім біл, оқып қарманда, Оқымай қалма арманда» деген өсиеті рухани жаңғыру бағыттарымен сабақтас, мазмұндас келіп, сананың өзгеруіне, жадымыздың жаңғыруына ерекше серпін беруде.

«Ұлттық тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы ең басты қажеттілік – жастардың рухани тәрбиесін жетілдіру, бұл қазіргі кезеңнің ең өзекті мәселесі болып отыр.

Адамзат дамуының қазіргідей аса күрделі кезеңінде, Мемлекет басшысы «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр»-дегендей, күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешу, «Рухани жаңғыру» міндетін атқару, ұлт болып ұйысу, жұмылу арқасында жүзеге асырылады. Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет.

Соған байланысты, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп түрлі бағыттағы тәрбиелік мәні бар іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Басты мақсат мемлекеттің және азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының негізінде барша рухани саланы жаңғырту.

Азаматтық қоғамның бөлінбес бөлшегі – үкіметтік емес ұйымдар бағдарламаны жүзеге асыруға өз үлестерін қосып, тұрғындар арасында бағдарламаны насихаттау бағытында тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар Президенттің халыққа Жолдауында үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру, халық пен биліктің арасындағы диалогты күшейту туралы тапсырмасына сәйкес жұмыстар жасалып келеді.

Бүгінгі күні өңірде 100-ден астам  қоғамдық ұйым белсенді жұмыс жасап, облыстың қоғамдық-саяси және әлеуметтік дамуына атсалысуда.

Мемлекет, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі серіктестігі, кәсіпкер азаматтарды "Туған жерге  тағзым" деп, патриоттықпен туған өлкесін дамытуға жұмылдыру халық көңілінен шығып, лайықты өріс алуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы көлемінде облыста азаматтық қоғам қозғалысы өрістеуде, тұрғындардың, кәсіпкерлердің белсенді азаматтық ұстанымдары айқын көрінуде, патриоттық іс-қимылдары жағымды жақсы нәтижелер беруде. Олардың тарапынан тұрғындар үшін жүзеге асырылған маңызды да көлемді демеушілік шаралар мен жүректен шыққан қайырымдылық, бірлік, достық, татулық акциялары ойлаған жерден шығып, көпшіліктің ризашылығына ие болуда.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында меценаттар, кәсіпкерлер өз қаражаттарына ұлы даланың ұлы есімдеріне, тарихи тұлғалар – хандар мен батырларға, би-сұлтандарға, мемлекет, өнер қайраткерлеріне ескерткіштер орнатып, патриотизмді, тарихымызды танытуға үлес қосса, мұқтаж отбасыларға пәтер алып, балабақшалар салып, мектептердің, мәдениет мекемелерінің ғимараттарын жөндеп, материалдық жағынан көмектесуде.

Тіл, дін, діл, ел, жер секілді киелі де қасиетті ұғымдармен қатар әрбір халықтың мақтаныш ететін, аса құрметтейтін киелі орындары бар, оларды танымал ету, сақтау,  қалпына келтіру киелі жерлер географиясы жобасы арқылы жүзеге асырылуда. Республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне біздің облыстан 10 ескерткіш енгізілді.

Қазақстанның мәдени жетістіктерін әлемдік деңгейде насихаттау барысында заманауи қазақстандық мәдениет бағдарламасын жүзеге асыра отырып, ақтөбелік өнер, мәдениет қайраткерлері опера, би, эстрада, ән, күй, ақындар айтысы, театр, терме, жыр жанрлары бойынша толағай жетістіктерге жетіп, республикада көрнекті орындарға шықты. Қазақ өнері әлемдік дәрежеде өзіндік бояуымен,  әуен-ырғағымен өз орнын алуы керек.

Қазақстанды шетелдіктер тек мұнай арқылы емес, қазақтардың өнері арқылы да тани білуі керек. Бұл мақсатта ақтөбеліктер өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.

Сонымен бірге «100 жаңа есім» жобасы бойынша тәуелсіздік жылдарында қызметтің әртүрлі салаларында жоғарғы нәтижелерге қол жеткізген жерлестерімізді таныстыру, жастарға отанға қызмет етуде табыстылық идеясын насихаттау жолға қойылуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысын ақпараттық қамтамасыз ету  және нәтижелі қоғамдық пікір қалыптастыру үшін өткен кезеңде облыстық БАҚ-да 6603 материал, оның ішінде, баспасөз және электронды басылымдарда  – 1509 материал, ресми сайттарда – 454 материал, әлеуметтік желілерде – 4640 материал жарияланды.

Теледидар арнасынан танымдық-тәрбиелік мәні зор, салт-дәстүрді, ұлттық қасиеттер мен көнекөз жәдігерлерімізді насихаттайтын,  ұлттың тарихын, мұрат-мүддесін толыққанды жеткізетін хабарлардың көрсетілуі де үлкен жұмыстың бір бөлшегі.

Осы мақсатта облыстық «Ақтөбе» телеарнасында «Ауыл – ел бесігі», «Біздің тарих», «Ұлы тұлға» жаңа форматтағы  арнайы  телебағдарламалардың әрбірінен ұлттық әдет-ғұрып, салт-санаға қатысты халықтық дәстүрлердің нышанын айқын аңғарамыз.

Облыстық, аудандық газеттерде «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым», «100 жаңа есім» айдарлары жұмыс жасауда. «100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында Ақтөбе облысының энциклопедиясы және өңірдің имидждік журналы жарыққа шықты.

Қорыта келгенде, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуына қысқаша ғана шолу деп біліңіздер. Себебі, идеологиялық құжаттың тиімді жүзеге асуын нақты индикаторлармен, санмен есептеу мүмкін емес деп айтуға болады.

Ең бастысы бұл мақсатқа қоғамның жұмылуы, қызығушылық танытуы маңызды.  Алаштың біртуар зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың ұлағаты – мәдениетінде» деген сөзі бар. Ұлттық сана-сезімі жоқ, мәдениеті жоқ адамда отаншылдық рух та болмайды.

«Ұлттық рухани құндылықтар, адамгершілік» ұғымдары – мемлекетті, қоғамды ұйыстыратын басты өлшемдер. Егер бұл құндылық өзінің тұтынушысы – адамға керексіз болса, оның құны да, мәні де болмайды.

Сондықтан да бүгінгі ең басты мәселе – адамға сапалы білім мен тәрбие беруде интеллигенцияның, қоғамдық ұйымдардың, жалпы қоғамның қолдауы өте қажет.

 

Пікірлер