Шымкентте жүргізуші куәлігі мен автокөліктерді делдалсыз тіркеуге насихаттайтын іс-шара өтті

1664
Adyrna.kz Telegram

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының аумағында көлік жүргізушілері үшін «Екі есе төлеме!» акциясы ұйымдастырылды. Шымкент қаласында жүргізуші куәлігі мен автокөліктерді делдалсыз тіркеуге насихаттайтын іс-шара өтті.

Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының мамандары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, Шымкент қаласының полиция департаментінің қызметкерлері «Екі есе төлеме» атты үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Мемлекеттік қызметтерді «көмекшілерсіз» қалай алуға болатындығы туралы ХХХХ-тан астам көлік иесі ақпараттандырылды. Оларға «жүргізуші куәліктерін беру» және «көлік құралдарын тіркеу» мемлекеттік қызметтерін онлайн режімде алу процесі көрсетілді.

Мемлекеттік корпорация филиалының директоры Данабек Исабеков атап өткендей, азаматтар мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, автокөлікті қайта рәсімдеп, жүргізуші куәлігін ауыстыра алады. Бұл азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдейді.

- Мұнда күн сайын 500-ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, 1500-ден астам көлік құралы тіркеледі. Көптеген мемлекеттік қызмет электрондық форматқа көшуде. Онлайн тіркеу мамандандырылған ХҚО-ға жүгінбей-ақ, автокөлікті рәсімдеуге және жүргізуші куәлігін ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдейді және кезек күту қажеттілігін жояды, - деді филиал директоры.

Данабек Исабековтің айтуынша, мұндай іс-шаралар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және делдалдармен күресуге көмектеседі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Әли Көмекбаевтың айтуынша, компьютерді пайдалану мүмкіндігі жоқ азаматтар мемлекеттік қызметтерді қалада орналасқан egov аймақтарында ала алады.
Мұндай әрбір қызмет көрсету секторы керекті техникамен жабдықталып, электрондық үкімет порталы мен басқа да мемлекеттік ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді. Шымкенттіктер өздеріне жақын нүктелерді 2ГИС қосымшасы арқылы таба алады.

Анықтама: 2020 жылы Шымкент қаласындағы мамандандырылған ХҚО қызметкерлері азаматтарға 52 мыңға жуық жүргізуші куәлігін беріп, автокөліктерді қайта тіркеу бойынша 195 мыңнан астам қызмет көрсетті.

Жыл басынан бері 7 мыңнан астам қызмет алушы жүргізуші куәлігін электронды өтініш беру арқылы ауыстырды. Сонымен қатар, көлікті қайта тіркеу бойынша 10 мыңға жуық автокөлік иесі онлайн қызметті пайдаланды.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласында 3 Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Пікірлер