Шымкентте алғаш рет жүрек тұсында ахауы бар науқасқа стент-графт орнату отасы жасалды. Күрделі операцияны Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының дәрігерлері Арипов Марат пен Землянский Виктор жасады. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Білікті мамандар операция кезінде қолқа аневризмасы және кеуде аневризмасы бар екі науқасқа хирургиялық жолмен стент-графт орнатып берді. Қолқаның саңылауын қалыпқа келтіретін түтікше медицинада стент-графт деп аталады.
Мұндай ауру жүрек қан тамырларының асқынуынан пайда болады. Жүрек тұсындағы тамырларда пайда болған ахауды емдеу үшін дәрігерлер науқастарды Нұр-Сұлтан қаласына арнайы жолдамамен жіберетін. Енді бүгінгі тәжірибе алмасу отасы нәтижесінде олар білікті мамандардан стенд-графт орнату операциясын меңгерді. Жергілікті мамандар мұндай отаны енді өз бетінше атқара алатынын айтады.
Дәрігерлердің айтуынша, стент-графт орнату - аорта аневризмасымен ауыратын науқасты емдеудің ең жұмсақ әдісі. Науқас алдын алу үшін ұзақ уақыт бойы дәрігердің көмегіне жүгінбейді.
Айта кетейік, мұндай операцияның түрі медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде елдің әрбір азаматы үшін ақысыз.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі