Нұрбол - ақын!

4078
Adyrna.kz Telegram

Сіздер, оқырмандар, Нұрбол Құдайбергенов дейтін жас ақынды білесіздер ме? Өлеңдерін оқып көрдіңіздер ме? Мен оқып алдым. Отыз‑қырықтай. Бұл аз емес. Ақынның ақындығын білу үшін бес‑алты өлең де жетеді.

Айтайын дегенім – осы бір баланың талпынысы да емес, алқынысы да емес, басқаларға ұқсамайтын өзгешелігімен өз ойын жеткізудегі ыстық қайраты, жан қуаты. Өз басым, соған сүйсінді. Әрине, өлең деген шіркіннің қалай келсе, солай жазылатынын ақындар түсінеді. Әсіресе, жас кездегі алқып‑шалқулардың тізгінін тез тарта қоюдың өзі – қылмыспен бірдей! Осы Нұрболдың тізгіні тым еркін кетіп қалғандай да болып көрінеді. Онысы – кешірімді.

Өйткені, әрбір жас адамның ішкі жан дүниесіндегі қозғалыстар сынаптай сырғып тұрады емес пе?! Нұрбол өлеңдеріндегі билер айтар биік сөздердің ұшқыны – оның жүрегіндегі оттың нағыз намыс отының көрінісі. Өлең танитындардың өздері байқар, бұл ақынның қай дәрежеде екенін!

Ақын болып туғаны анық екенін білген соң, Нұрболға аз ғана ағалық ақылымды айтсам деп отырмын.

Нұрбол, жаза алатыным бар екен деп, ұзақ өлеңдер жазба. Бұл – сыртқысы ғана. Тым терең ой толғаймын деп, өз ойыңа өзің кереғар сөздер айтып қойма. Сен өзіңнің күлу туралы өлеңінді тәуір көретін сияқтысың. Өкінішке орай деуші ме еді, қалай: «Мен анандайда күлер едім, мен мынандайда күлер едім» деп тізбелегеніңді де ұғынар едім, әттең, сенің күле алмайтыныңа сенгем жоқ. Күлудің мың түрі бар екенін ұмытпа! Әсіресе, өз күлкіңді құрметте! Өлең жаза алады екенмін деп, «О, Жалғыздық!..» деп, өтірікке ұқсас жалған жырлар жазбай‑ақ қой! Қиыстыруға құмарланба. Қолдан жасама.

Білемісің, сен – ақынсың!

Өлеңдеріңді сырт көзбен тағы бір қара, тіпті, қайта‑қайта оқып көр. Өзің түсінесің. Әрине, жазып тастаған жырларың сол күйінде қалады. Олар – қымбат. Айтайын дегенім, Тәңір сыйлаған талантыңды бекерге шашып алма. Жаңашылдыққа да талпынба. Жаныңды жаз! Сен – ақынсың!

                                                                                                                      Әбубәкір Қайран,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер