Еліміздің әр өңіріндегі мұғалімдердің жалақысы соңғы уақытта тұтас берілмей отыр. Бұл туралы ақпаратты өзіміз білетін мұғалімдер де растады. Сонымен қатар күні кеше Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» тобында да осы мәселе талқыға түсті.
«Педагогтардың еңбекақысын бөліп -жармай толық алатын күн қашан туады?Несие үстінде отырғанымызды білмейді- ау деймін?Осы топтың Сұлтан ағай бастаған мықтылары айлық жөнінде министрге хат жолдайық. Неге біздер местный бюджет,республ.бюджет деп бас қатыруымыз керек?Адал еңбегіміздің ақысы неге уақытылы төленбей отыр?Оқу жоспары алдын- ала бекітілді,бюджет ақшасы бөлінді.Кім ,не себепті ұстап отыр айлықты?...Бөліп-жарып алғасын да приход- рассход есептеуге де көңілің болмайды екен.Қылышын сүйрете қыс келе жатыр,отын-суымыз бен бала шағамыздың киім- кешегі,күзгі жиын-теріннің өнімдерін жылда осы уақытта алып алушы едік.Биыл бөлініп-бөлініп берілген айлықтан берекеміз кірмей тұр....Әлде ұстаздарда артық ақша,инвестиция бар деп ойлай ма екен өкімет?Бар ақшаны ипотечный несиеге құйып,аш отырмыз! Тура мағанасында «Ашпыз!» деп жазды еліміздің мұғалімдері. Осы жазбаның астына қалдырылған пікірлерді оқып, бұл проблема бір ғана өңірде болып жатпағанына көзіңіз жетеді.
Таяуда ғана редакциямызға Павлодар облысы, Екібастұз қаласындағы бірнеше мұғалім хабарласып, жалақыларының жырымдалып, бөлініп түсіп жатқанын айтып шағымданған еді. «Жазғы еңбек демалысымыздың ақшасы азайып түскенімен қоймай, бірнеше бөлініп түсіп әбден ит болғанбыз. Енді міне, тамыз, қыркүйек айларының жалақысын да қолымызға тұтас ала алмай отырмыз» дейді павлодарлық ұстаздар. Өкінішке қарай, атын атамауды өтінген мұғалімдер кімнен көмек сұрарын білмей отырғанын да жасырмаған.
Осы тақырыпқа байланысты жазылған пікірлерде Түркістан облысындағы бірнеше мектептің ұстаздары бір жалақысын үшке бөліп алғаны айтылады. Дәл сондай жағдай Қарағанды, Жамбыл облыстарында да жалғасып жатыр екен. Бұл қалай?Әлде коронавирустың қазақстандық көлеңкесімен «күресеміз» деп бюджеттің бүйірі тесілді ме? Вирустың көлеңкесі деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Егер шенеуніктер «ұмытып» қалса, еске салып өтейік. Биылғы бюджеттің басым бөлігі «ковидпен күреске» деген желеумен желге ұшып жатқаны өтірік емес. Ал ковидпен қалай күрескенімізге осы жылдың шілде айында көзіміз анық жеткен. Миллиардтаған ақша бөлінген бұл ковидіңіз Қазақ даласына «арнайы шақыртумен» шілде айында келіп, жұрт қарапайым ғана аспирин таппай дәріхана жағалап кеткен еді. Мұны мұғалімдердің жалақысы тікелей бюджеттен бөлінетін қаражат болғандықтан еске салып отырмыз. Бюджетте ақша жоғынан ұстаздарымыздың жалақысы жырымдалып жатса, сол бюджеттің ақшасы нақты неге жұмсалғанына биліктегілер есеп беруі керек шығар, қалай ойлайсыз?
Еліміздегі әрбір отбасының негізгі асыраушысы бұл күнде дәрігер мен мұғалім екені шындық. Отбасылық шығындардың ең көп бөлігін ұстаз бен дәрігердің жалақысы жабатыны тағы да ақиқат. Ал сол ұстаздардың айлығы әлгіндей үшке бөлініп төленіп жатса, не болғаны? Қазақстанның өзі ғана емес, тұтас халқы да қарызға белшесінен батпай ма, мынадай жағдайдан соң. Ай сайын төлейтін несиесі, коммуналды шығындары ұстаздарға «жалақыңды бөліп түсіріпті, жарайды, сен де қарызыңды бөліп қайтар» деп жағдай жасай ма? Әрине, жасамайды. Ешбір банк несиені кешіктіріп төлеген клиенттің басынан сипай қоймайды.
Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ұстаздардың осынау жанайқайына құлақ түреді деп сенеміз. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Отыны мен суын қамдайтын уақытта ұстаздарымыз жырымдалған жалақысының тиынын санап, қинала бастады. Бұл проблеманы шұғыл реттеп, жағдайды ушықтырмаған абзал. Өйткені мұғалімдер бас көтерсе, билік көп балалы аналардың наразылығына зар болып қалары бесенеден белгілі.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.