Түрмедегі өмір: сотталғандар мейрамхананың тамағын ішеді

3940
Adyrna.kz Telegram

Елімізде сотталған жандар электронды дүкендер арқылы мейрамхана тамақтарына тапсырыс бере алады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов ІІМ алаңында өткен онлайн брифингте жобаның үш өңірде жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

«2019 жылы біз ҚАЖ мекемелерінде электрондық дүкендерді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Жоба үш өңірде жүзеге асырылуда. Болашақта біз бұл тәжірибені еліміздің барлық колониялары бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің жүйемізді реформалаудың аса маңызды бағыты және сотталғандардың әлеуметтік бейімделуі үшін аса маңызды мәнге ие. Олар колонияда тұрып, өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіне алады», - деп атап өтті ол.

Алдағы уақытта электронды дүкендерде тауарлардың 400-ден астам атауы ұсынылатын болады. Олардың қатарында азық-түлік, сусындар, тұрмыстық химия, кеңсе тауарлары, киім-кешек бар.

Түрмедегілерді бағып-қағу үшін жыл сайын қанша ақша жұмсалады?

2018 жылы түрмедегі бір адамды асырау үшін бюджеттен жылына 877 мың теңге жұмсалған. tengrinews.kz сайты осы жылдың қыркүйек айында әр сотталған адамға жылына 1,1 миллион теңге бөлінетінін хабарлаған болатын. Алайда кеше өткен брифинг барысында бұл мәлімет жоққа шығарылды. Комитет келтірген деректер бойынша,елімізде 2021 жылдан бастап қамаудағы бір адамға порция мәзірінің тәуліктік нормасы 1050 теңгені құрайтын болады. Сондай-ақ, министрліктің тапсырмасы бойынша, келер жылы абақтыдағы тамақ мәзірі 33 тармақтан тұратын өнімге дейін көбейтілмек.

Бүгінде түрмедегілердің жазасын өтеу жағдайын өркениетті елдердегідей жақсарта түсуі мықтап қолға алынған. Десе де, сотталушылардың тек 40 пайызы ғана жұмыс істейтін көренеді. Яғни, қалған 60 пайыз адамды асырау Үкімет есебінен жүзеге асырылуда.

Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер