Түркиялық Хусейн Зерраки Шейіттер мен шерифтер мәдени ассоциациясының президенті он мыңдай шейіттің жалған атпен жүргенін айтып, олардан сақ болуға шақырды деп жазады «Адырна» ұлттық порталы түріктің Sözçü газетіне сілтеме жасап. Түркияда соңғы уақытта 3-5 мың долларға «Шейіт» екенін дәлелдейтін құжат жасатушылар көбейген.
Бұл құжатты жасаудағы мақсат Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы екенін дәлелдеу екен. Хуссейн Зерраки «Пайғамбардың тұқымынанмын, пайғамбардың ұрпағымын» дейтін жалған құжат жасаушылардың саңырауқұлақтай қаптап бара жатқанына алаңдаулы. Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы деген титулды алу аса қиын емес көрінеді. Бар болғаны бес мыңдай АҚШ долларыңыз болса, жеткілікті. Жалған құжатты жасаушылар қалауыңыздағыдай етіп, «Шейіт.Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы» деген мөрі басылған құжатты қолыңызға ұстатады. Ал осындай құжаттың анағұрлым құзыры барын Мысыр жақта 50 мың АҚШ долларына жасатып жатыр екен талай жұрт. Әлгі құжатта шежіреңізді шиырлата отырып, түбін апарып Мұхаммед пайғамбарға тіреп көрсетеді. Яғни, ондай құжаты бар адам басқаларға қарағанда, «шынайы мұсылман, шынайы Ислам дінінің өкілі» саналады мыс.
Міне, осыған байланысты Хуссейн Зерраки «жалған шейіттерден» сақ болуға, олардың қолдарындағы жасанды құжатқа сенбеуге шақырады. Шынайы шейіттердің құжаттары Стамбулдағы мешіттердің арнайы мұрағатында сақтаулы екенін айтқан Зерраки жұртты алдамауға шақыруда.
Кез келген Ислам дінінің өкілі ең әуелі Алланың құлы, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті екенін растайды және осыны мақтан тұтады. Пайғамбардың жүріп өткен жолын өз өмірінде ұстануды берік мақсаты ететін мұсылмандар үшін әрине, «Мұхаммед пайғамбардың ұрпағымын» деу тіпті, зор мақтаныш қой. Түркиядағы осы бір ақпаратқа байланысты Қазақстандағы бірер азаматты сөзге тартып көрдік. «Мұхаммед пайғамбардың ұрпағымын» деген құжатқа байланысты бізбен тілдескен кісілердің кейбірі бейхабар болып шықты. Десек те, сондай құжатқа ие болғысы келетіндер де жоқ емес екен.
«Әрине, менің де қанымды тексеріп, құрамынан Мұхаммед (ғ.с) пайғамбарымыздың ұрпағы екеніме дәлел бір түйір қан табылса, қуаныштан жүрегім жарылар еді. Өзімнің шынайы мұсылман екеніме қазіргіден де артық мақтана түсер едім. Пайғамбардың ұрпағы болуы ең жоғарғы мәртебе мен үшін», -дейді соңғы бес жылын дін жолына бұрған Зүбайра АҚЫЛЖАН. Зүбайраның жолдасы Әбубәкір де әлгіндей құжат туралы естігенде, кәдімгідей елеңдеп қалды. «Шіркін, бізге де сондай құжатқа қол жеткізуді Аллам нәсіп етсе екен. Үйімді сатсам да, алар едім. Қазақстанда Ислам дінін ұстанушыларға кір жағып, жолдарын кесетіндер көбейді. Меніңше, әрбір мұсылманның қалтасында әлгіндей құжаты болуға тиіс. Және сондай құжаты бар мұсылманға басқалар қарсы шықпауы керек. Ең болмаса, ұлық Пайғамбарымыздың ұрпағына құрмет үшін», -дейді Әбубәкір.
Ал дәл осы мәселеге байланысты бізге пікірін білдірген Сапарқұл ӘУЕЛБЕКОВ: «Мәселе әлдебір құжатта емес. Шын мұсылман бір жапырақ құжатпен өлшенбейді. Жүрекпен, жүректің тазалығымен өлшенеді. Болмайтын бір құжат үшін пәлен мың доллар жаратқанша, сол ақша қалтаңа сыймай бара жатса, сауап үшін жұмса дер едім. Ал әлгіндей Пайғамбардың ұрпағы болуға ақша беріп ұмтылуды барып тұрған надандық, даңғойлық деп санаймын», -дейді.
Қалай десек те, Мұхаммед пайғамбардың ұрпағысың деген құжаттың барын, ол құжатты белгілі бір сомаға жасатып та алуға болатынын білдік. Ал пайғамбардың ұрпағы болуды таңдауды әр мұсылманның иман таразысына салғанымыз жөн болар, кім білсін.
Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.