Шымкент: Интернетке мұқтаж мұғалімдер мен мектеп оқушыларына әмбебап нөмірлер мен роутерлер беріледі.

312

Эпидемиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады.
Осыған орай, қаладағы интернетке мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға мектептердегі интернет қызметіне қаралған қаржы есебінен интернет желісіне қосылған «әмбебап-нөмірлер» мен қажетті роутерлер берілетін болады. Бұл туралы жаңа оқу жылына дайындық бойынша өткен брифинг кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов хабарлады.
«Қазіргі таңда мектептер «Bilim Iand» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Қашықтан білім беруге өтуге байланысты 222 050 оқушының 35%-на, оның ішінде 41 900-і компьютерге мұқтаж, 35 798-і әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына компьютерлік техника мен интернет қажеттілігі анықталды. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті қажет ететін 35 798 баланы толық қамтамыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 31 160 компьютерлік техника алу үшін 4,8 млрд. теңге қаржыға сұраныс берілді» - деді әкім.

Қала басшысы Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы шілде айында 10 975 дана компьютер сатып алынып, жалпы компьютерлер саны 20 201-ге жетті. Жергілікті бюджет есебінен қосымша тағы 4 800 компьютер сатып алу жоспарлануда. Мектептердегі компьютерлерді оқушыларға уақытша беру арқылы 24 955 отбасының 41 900 баласы компьютермен қамтылатын болады.

Бұдан өзге, қаламыздағы жалпы 30 колледж де қашықтан оқыту «Smart Nation College» интернет платформасында жүргізіледі.
Қосымша айта кетсек, колледждердегі педагогикалық, ІТ, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар толық қашықтан оқытылады. Ал, технологиялық – аграрлық медициналық, өнер бағыттары аралас оқытылады. Яғни, лекциялар онлайн өтсе, зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірибелер штаттық режимде жүргізіледі.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер
Редакция таңдауы