Пандемияда шыршаны айнала билеп, жаңа жылды тойламақ па?

5214
Adyrna.kz Telegram

«Коронавирустың екінші толқыны келе жатыр» деп еліміздің Денсаулық министрі соңғы күндері ақпарат беттерінен түспей тұр. Ал Қазақстандағы кейбір шенеуніктер жаңа жылдық дайындыққа кірісіп кетіпті. Пандемия деп жанталасқан уақытта шырша безендіріп, жаңа жылды отшашумен қарсы алу... Қисынға келе ме? Қазақстанда бәрі де мүмкін.

Коронавирусқа жұрт күмән келтірсе, биліктегілер жатып келіп «ренжиді». Ал енді шенеуніктердің шырша іздеп, жаңа жылға дайындалғанына қарасаң, «коронавирус саяси ойын» деген жел сөз рас па деп те қаласыз. Неге десеңіз, Мемлекеттік сатып алу порталында соңғы уақытта жаңа жылды қарсы алу шараларына байланысты тапсырыстар аз түспепті. Бұл туралы kznews.kz ақпараттық сайты Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Індеттің екінші толқыны келе жатыр деген Цой өтірікші секілді көрінеді мынау тапсырыстарға қарасаңыз. Себебі, министр айтқандай, екінші алапат ауру толқыны келе жатса, шенеуніктеріміз несіне жетісіп, шырша іздеп жатыр?

Мысалы Қарағандыдағы №23-мектеп мұндай әзірлікті маусым-шілде айларында бастаған. Ал бұл уақытта біздің ел өлім-жітімнен енді-енді ес жиып жатқан еді. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы шыршаға берілген тапсырыс бұл сөзімізге айғақ бола алады. Бірақ мектеп директоры бұл турасында бүй дейді.

«Шыршаны сатып алу жаңа жылға дайындық бастады деген сөз емес, ол болашаққа жоспарланған жұмыс. Екіншіден, шыршаны мемлекеттік сатып алудың баға ұсынуы бойынша өткізілді. Алғашқы берілген баға 714 мың теңге. Конкурсқа 5 жабдықтаушы қатысты. Соның ішінде ең төменгі баға берген 446 555 теңге», – деді №23 мектептің директоры Нұркен Ашықбаев.

Балқаш қаласының әкімдігіне қарасты Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі бөлім де қысқа дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Қаланы эстетикалық безендіруге бақандай 13 миллион теңгесін шытырлатып санап беруге дайын.

Талдықорған қаласының әкімдігі де шаһар орталығын одан сайын әсемдеу үшін 10 миллион теңге бөлгелі отыр. Сондай-ақ қар түспей жатып, қысқа қамданғандардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы. Ғимараттарды безендіруге бөлінген 17 миллион соманы әкімдіктегілер былайша ақтауға тырысты.

«Сейфуллиннің бойында бұрынғы базар болған жерде 5 үй салынды ғой. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілді. Ешқандай жаңа жылдың дайындығы емес. Жаңа жылға түк қатысы жоқ. Былтыр бөлінген ақша. Үй салынып жатқанда сондай безендіруге қосымша ақша бөлінеді. Қызыл жасыл әртүрлі светтері бар. Ондай көріп жүрсіздер ғой, қалада бүкіл жерде бар», – деді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев.

Жұрт жанын шүберекке түйіп, мынау індеттен қалай аман шығуды уайымдап отырғанда, үйлердің сыртын безендіріп, шырша алып, «болашаққа дайындалған»  атқамінерлердің бұл әрекетіне  еріксіз «Бәрекелді!» дегеннен басқа не айтуға болады? Былайғы жұрт карантиннен жұмыссыз қалып, үкіметтің итке сүйек тастағандай етіп берген 42500 теңгесіне телміріп отыр. Ал қолында билік тізгіні бар өзгелері шырша мен ойыншықтар алып, «светтермен үйлерді сәндеп» әлек.

Бір Қазақстандағы екі түрлі әлем. Екі түрлі өмір. Дәл қазір шырша безендіріп, тойлайтын уақыт па? Бюджеттің бүйірін болмашы, түкке керегі жоқ дүниелер үшін тесіп, ақшаны желге шашудың ақыры жақсылыққа соқпасы сөзсіз. Шырша мен ойыншыққа жұмсаған ақшаны аш отырған ағайынға таратып берсе, сол маңызды емес пе еді? Жаңа жылды асыға күткен көкелер, сіздер басып жүрген қазақтың жерінде қаншама адам жоқшылықтан қиналып жүр. Қаншама бала бақытсыз балалық шақтың күндерін өткізуде. Жасанды шыршаға жұмсалатын ақша сол балақайлардың көз жасына айналмасына кепілдік бар ма?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер