Тіс дәрігері: Тіс ауруы өлімге әкеліп соғуы мүмкін

4500

 

–Атақты режиссер Шәкен Аймановтың жұрт жаппай көретін «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі дәрігер Лавровтың бейнесі естеріңізде болар?! Мен де Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран 9 көшесінде орналасқан «ден стомотологияға» аяқ басқанда дәрігер Лавровтың құйып қойған көшірмесін көргендей болдым. Тек бұл дәрігер – жай дәрігер емес, тіс дәрігері Серікбай аға еді. Тіс дәрігерлік салада 37 жылдық өтілі бар Серікбай ағаға тістерімді емдетіп қана қоймай, сұқбат алып қайттым. Ендеше тіс күтімінің қыр-сырына қанық болғыңыз келсе, сүбелі әңгімемізден сусындаңыз.

 

–Бұл дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ шығар, сірә? Қиын да күрделі тіс дәрігерлік мамандығына қалай келдіңіз?

Стоматологияны бірден таңдадым деп сенімді түрде айта алмаймын. Бала күнімнен саусақтарым майысып, түрлі дүниелер жасауға келгенде епті еді. Қолымның қабілеттілігіне қарап, токарь немесе плотник боламын деп ойлайтынмын. Тіптен ұсақ дүниелердің өзін асқан қызығушылықпен, байыппен жасайтынмын. Ал, стоматология – сол ұсақ түйекке жақын жұмыс емес пе?! Медициналық институтқа хирург боламын деп барып, балым жетпей стомотологияға топ ете қалдым. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе? Әу бастан жүрекпен қалап, жаныммен аңсағаным осы сала екен ғой.

 

–Тіс саулығын сақтау үшін қандай тамақтардан бас тартқан жөн?

Бірінші, әрине, тәттілер. Екіншісі, ұннан жасалған тағамдар. Үшінші, фаст-фуд. Жалпы, тәтті тамақтар мен тәтті сусындарды көп тұтынбау керек. Бұрын балаларға арналған стомотология жоқ еді. Қазір соның факультеті ашылды. Неге? Кеше ғана дүниеге келгенде балада тіске келгенде қандай мәселе туындауы мүмкін? Неге тістері шыға салып, қарайып кетеді, сынып қалады?! Әрине, бұның бәрі дұрыс тамақтанбаудан, экологиядан. Тіске зияны жоқ өзіміздің қымызымыз бен етімізді тұтынған жөн. Сүт өнімдерін көп пайдалану керек. Сүт тісті қатайтады. Витаминнің бәрі етте. Сол себепті ет те тіске пайдалы.

–Экологияның да тіске әсері бар ма?

–Тамақтан бөлек, экология да тіске әсер етеді. Көліктердің көптігі де зиян. Мысалы, бізде ауылда тұратындарда тіс жегі(кариес) аз кездеседі. Демек кариес экологияға тікелей байланысты.

–Тісі қисық адамдардың беті қисайып кетуі мүмкін бе?

Тісі қисық адамның жағы қисаяды, аузы қисаяды. Қазір тісі қисықтар өте көп. Себебі қатты тамақтар жемейді. Бұрын сүйек мүжуші едік, нанның қаттысын жеуші едік. Қазір бәрі жұмсақ. Шайнамай жұта бересің. Тіс өз қызметін атқармағандықтан қисаяды. Сондықтан амалсыздан брекетке жүгінеміз.

–Брекетті екінің бірі салдырып жатыр. Осы брекеттің пайдасы мен зиянын айтып беріңізші.

Брекеттің пайдасы – тісіңді түзетіп беретіндігінде. Зияны – брекеттен жағыңыз, тамақ шайнау қабілетіңіз бұзылады. Түріңізге де әсер етеді. Қазір тісінің қисық екеніне намыстанады. Әрине, түзеткен дұрыс. Тісіңіз түзу болса, бет әлпетіңіз де, шайнау қабілетіңіз де дұрыс болады.

–«Ақыл тіс ақыл кіргенде ғана шығады» деген аңыз ба, ақиқат па?

Ақыл кіргенде шығады деген қып-қызыл өтірік. Ақыл тіс адамның жасы 20-дан асқанда шығады. Кейде 30-40, тіпті 70 жаста да шығып жатқанын көреміз. Ақыл тіс ең шеткі жаққа шығады. Ол жаққа тіс тазалағыш жетпейді. Сол себепті құрттауға бейім тұрады. Ең соңғы шығатын тіс болғандықтан, кейде басқа тістерді орынынан қозғап, қисайтып жібереді. Тістің бәрі орнында тұрса, тамақ жегенде қатысатын болса, оны жұлудың қажеті жоқ. Ақыл тістің ауыртып, ауыртпай шығуы жаққа байланысты.

–Сізге қай уақытта келсек те, ағылып жатқан емделушілерді көреміз. Жалпы, тіс дәрігері жақсы жалақы алатын шығар?

Қазір осы жерді жалға алып, айына 500 000-дай төлеп отырмын. Екі дәрігер, екі медбике және санитаркамыз бар. Соларға да жалақы беремін. Шүкір, жетеді.

Тас тістің түбіне жиі жиналып қалып жатады. Бұның тіске қаншалықты зияны бар?

Тас тістің түбіне жиналса, одан иіс шығады. Қызыл иекке күн бермейді. Қызыл иекті ары қарай итеріп, қажай береді. Одан тісің түсіп қалады. Тас біреуде тез жиналады, біреуде аз. Оны міндетті түрде жарты жыл сайын тазалап тұру керек. Тіс жуған кезде қызыл иек қанаса, ол тіс ауырады дегенді білдіреді.

–Тісті ағартатын жапсырмаларды қолданған жөн бе?

Оны көбіне жастар қолданады. Бізде де тісті ағартудың түрлері бар.

Тек стоматологияда емес, сонымен қатар сұлулық салондарында да бұл қызмет түрі кездеседі. Қажеттілігіне қарай жасатуға болады. Бірақ, көп жасату зиян. Тістің эмалін жұқартып жібереді.

– Қандай тіс пастасын қолдануға кеңес бересіз?

Нақты айта алмаймын. Тек бір ғана тіс пастасына тоқтап қалмай, түр-түрін қолданып көрген жөн. Дегенмен айына бір рет ас содасымен тісті жуып тұруға кеңес берер едім. Ол тісті ағартуға ықпалы орасан зор. Одан бөлек, бұрын ата-бабаларымыз тұзбен жуған. Қазір оны ғалымдар да мойындап, тұзбен жууға кеңес беріп жатыр.

–Тістің ауруға шалдығуы қай ағзаларға әсер етеді? Жүйке-жүйесіне әсері бар ма?

Ас қорыту–ауыздан басталады. Тамақты жақсылап шайнап, сұйық су болған соң барып жұт дейді. Сол сияқты асқазанға, келбетке, түрге әсер етеді. Тісің жоқ болса жүйке-жүйең тозады. Жүйкеңе ауырып әсер етпесе, басқаша әсер етпейді деп ойлаймын.

– Кей үлкен ата-апаларымыздың тістері мүлдем жоқ немесе бір-екеуі ғана бар. Оларға жасанды тіс қою керек пе? Әлде өзге тиімді әдіс-тәсілі бар ма?

Қазір инплант деген шықты. Жақ сүйегіңізге имплантты бұрап, тіс жасатуға болады. Бірақ, ол – қымбат. Бір тіске имплант жасату 150 000 теңгеден басталады. Бұрыннан келе жатқан асты-үстіне қойылатын, алмалы-салмалы протездер бар. Жағдай өзгермесе, протезді серік етуге тура келеді. Имплантты жасар алдында анализ тапсыру керек. Кей жағдайда денсаулық оны көтермеуі мүмкін.

–Жаңа босанған әйелдер тістерін қалай күтуі керек?

«Аузыңды ашпа, жылы ұста» деп баяғыда айтушы еді. Жаңа туған сәби кальций, фтор мен фосфорды анасының тісінен алады. Сол себепті тістері босап, көп әйелдер тістерінен айырылып қалады. Алдын алу үшін аяғың ауыр болмай тұрып, тістерді емдетіп алу керек.

"Ден стомологияның" қызметкері

 

Ауыздан иіс шықпау үшін не істеу керек?

Ауыздан иіс төрт жағдайда шығады. Бірінші, тісі ауыратын адамдардан. Екінші, қызыл иегі ауыратын адамдардан. Үшінші, тамағы ауыратын, ангинасы бар адамдардан. Төртінші, асқазаны ауыратын адамдардан. Одан бөлек, гайморит пен бүйрегі ауыратын адамдардан да иіс шығады. Бірінші осыларға анализ тапсыруы қажет.

–Тістің ауруы өлімге алып келуі мүмкін бе?

Иә, ондай жағдай болады. Біз қазақ, тісіміз ісіп кетпегенше, ауырғанша жүре береміз. Ол дұрыс емес. Одан тіс іріңдеп, кей жағдайда өлімге алып келуі де мүмкін. Сол себепті, алдын ала тексертіп, емделіп тұру керек.

–Тіске байланысты қызық оқиғаңызбен бөліссеңіз?

Осыдан талай жыл бұрын ауылда тіс дәрігері болып жүрген шағымда бір жігіттің тісі ауырған. Жаныңдағы достары «темекі шексең қояды» дейді. Ол темекіні шеге-шеге қоймаған соң, ауылдастары «насыбай пайдаланған дұрыс» деген кеңес береді. Одан да пайда болмаған соң, біреулері «тұз бас», енді бірі «арақ іш» дейді. Бәрін істеп көреді. Арақ ішіп, мас болған соң, достары шанаға салып маған алып келді. Креслоға отырғызып, тісін бірден жұла салдым. “Укол салмайсыз ба?” деп достары аңтарыла қарап тұр. Уколды бағанадан бері беріп келе жатыр екенсіздер ғой,– деп күлдім.

–Тіс дәрігері болу үшін қандай қасиет керек?

Шыдамдылық керек. Тіс каналдарын іздеп отыру оңай емес. Тістің оқуын оқып, тастап кетіп жатқандар да бар. Біразы ақшасына қызығады. Мәселе ақшада емес. Білімді болуың керек. Қолыңның ебі болуы керек. Еңбектеніп, адамға көмектесуге ниет болуы керек.

 

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы