Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ: Қырғызстанда шолақ сақалдылардың дәуірі басталды

3524
Adyrna.kz Telegram

Журналист Әмірболат Құсайынұлы Facebook желісіндегі ресми парақшасында көршілес қырғыз елінде болған оқиғаға байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Ол қырғыз елінің билігіне шолақ сақалдылар келді деп есептейді.

«Қырғызда тек оппозиция емес, шолақ сақалдылар да жеңіске жетті, бермеген билікті жұлып алды. 5-не қараған түні мамандығы физрук С.Жапаровта, экс-президент А.Атамбаевта бірдей түрмеден шықты.

Екеуі де тығылып қалған президент Сооронбайдың жауы. Бірақ, бір күннен соң бірден премьерлікке ұмтылған Садырды сот «ақтады», ал ағынан жарылатын Алмазбекті үй қамаққа қолхатпен босатты. Қаңырап қалған үкімет үйін жақтастарымен бірге Жапаров екі күн қонақтады. 8-қазан күні Садырдың сақалды «сарбаздары» сес көрсетіп, «Ало-Тоо» алаңын бастарына көтерді. 9-ы таңертең бірнеше партия амалсыз садырлықтарға қарсы бірікті де, түс қайта Атамбаев пен Бабанов бастағандар үкімет үйінің алдында бейбіт митинг өткізді. Расын айтсам, Бабановта, Атамбаевта ойға қонымды тәуір сөздер сөйледі.

Түс қайта Жапаровтың жақтастары ұрандатып тыныш тұрған алаңдағы Алмазбектердің қолдаушыларына соқтығысып, кимелей келіп төбелесті бастап жіберді.

Сойылмен келген Садырдың агрессивті адамдары аналарды жарты сағаттан соң тас-талқан етті. Премьерлікке ұмтылған Бабановты тепкілеп, жылыжайда қияр өсіруде тәжірибесі ғана болсада вице-премьерлікке үміткер нарындық жігіт Тилек Токтогазиевты ұрып, реанимацияға түсірді.

Алмазбек бронды машинасының арқасында оқтан аман қалды. Қай жеңгенің біздікі дегендей болған билік «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген желеумен көпіріп сөйлегені болмаса жауыздығы жоқ Атамбаевты тағы құрбан қылып, түрмеге тоғыта салды. Қарсыластар бір-бірін сөз бостандығы жолындағы «күрескер» санайды»,-деді ол.

Құсайынұлының айтуы бойынша, қырғыз елі ұзақ уақыт  бойы дағдарыстан шыға алмайды.

«Көрші қырғыздар әлсіз экономикасын тағы тұралатты. Бұқарасы интеллектісі жоғары саясаткерлер мен менеджерлерге зәру. Ең қауіптісі, шолақ сақалдылардың дәуірі басталған сияқты. Көтерілісшілердің арасында операторымды бірнеше рет жоғалтып, айғайлай жүріп аман қайттым. Айтпағым, бекерде сынай беретін біздегі басқару тобы әлдеқайда мәдениетті, білімді, озық ойлы екен»,-деп сөзін қорытындылады ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер