Қазақстанның барлық өңіріндегі 3000-ға жуық мұғалім мен балабақша тәрбиешісі инклюзивті ортада оқытуға үш апталық дайындық бағдарламасы бойынша білім алуды бастады. Бағдарламаны Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің инклюзивті білім беру саласындағы профессор-сарапшылардың халықаралық командасы әзірлеп, «Дара» қайырымдылық қорымен бірге «Шеврон» компаниясының қолдауымен іске асыруда.
«Бұл ауқымды жоба әрбір балаға, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларға да сапалы білім алуға кепілдік беру үшін қоғамдағы өзгерістердің жолсерігі болатын, инклюзивті практикаға ынталы және қабілетті педагогтарды даярлау арқылы инклюзивті білім жүйесін дамытуға үлес қосады», – дейді жобаның жетекшісі, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің профессоры Сулошни Патер.
«Инклюзивті білім беруді қалыптастыру» жобасы ҚР білім беру және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатына сәйкес – барлық мектептерді инклюзивті ету мақсатына қол жеткізуге жәрдемдесетін болады.
Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде осы тақырып бойынша Қазақстандағы үздік сарапшылар командасы жұмыс істейді. Инклюзияны дамыту бағытында істеген жұмысымен танымал «Дара» қорының мамандарымен бірге олар инклюзивті білім беруге көшу кезінде қолдауды, біліктілікті арттыруды және арнайы дағдыларды дамытуды қажет ететін педагогтарды оқыту бағдарламасын әзірледі.
Коронавирус пандемиясына байланысты оқыту онлайн форматында өтеді. Жоба командасы бағдарлама нәтижелерін бағалау және біліктілікті арттырудан өткен педагогтарға одан әрі қолдау көрсету үшін оқуды аяқтағаннан кейін оффлайн кездесулерді де жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бағдарлама барысында мектеп директорларына арнайы тренингтері өтеді. БҒМ, Алтынсарин атындағы Білім академиясының және университеттердің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылады.
Қазақстанда жалпы білім беру мектептерде ерекше қажеттіліктері мен денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалардың саны өсуде. Алайда, бұл процесс өте баяу жүріп жатыр, ал жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, мұғалімдер инклюзивті білім берудің сәтті іске асырылуына сенсе де, олар көбінесе барлық балаларды, әсіресе ауыр мүгедектігі бар балаларды құрдастарымен бірге оқытуға қарсы тұрады. Сондықтан мұғалімдердің көзқарасы инклюзивті білім беруге көшудің шешуші факторы болып саналады.
"Адырна" ұлттық порталы