Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары премьер-министрге зейнет жасын төмендету туралы депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Мәжілісмен Айқын ҚОҢЫРОВ бұл шара қарттардың өмірі мен денсаулығын сақтауға ғана септігін тигізбей, экономикалық дағдарыс жағдайында еңбек нарығына да оң әсер етеді деп санайды.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, COVID-19 вирусының ерекшелігі сол, өлім-жітімнің дені 60 жастан асқан адамдар арасында тіркелген. Егде жастағылардың вирусты тез жұқтыруы организмдегі физиологиялық өзгерістермен, иммундық реакцияның төмендігімен және басқа да қосымша аурулардың болуымен байланысты. Осылардың әсерінен олар індетке шалдығуға бейім келеді, аурудың ауыр түрін бастан өткеріп, асқынып, соңы өліммен аяқталып жатады», – деген депутат «Халық коммунистері» фракциясы азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын қайта қарауға шақыратынын жеткізді. «Азаматтардың пікірін негізге ала отырып, әйелдер мен ерлер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынамыз», – деді Қоңыров.
Жөн сөз. Қазақстанда басқасын айтпағанда, зейнеткерлерге өмір сүру күн өткен сайын ауыр азапқа айналып барады. COVID-19 індеті келмей тұрып та, біздегі зейнеткерлер әр айдан келесі айға дейін тиын санап, бір күн аш, бір күн тоқ, әйтеуір өлместің күйін кешіп жүрген еді. Енді мынау COVID-19 жайлап, итаршылықпен әрең күнелткен зейнеткерлеріміздің тіпті титықтап қалған жайы бар.
Коммунист Қоңыровтың ұсынысы қолдау табады ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Алайда, адамның жасы ұлғайған сайын жұмыс істеу былай тұрсын, жүріп тұруының өзі оңайға соқпайтынын осы коммунистер партиясындағы Косарев мырза өте жақсы түсінсе керек. Партияластары мынадай мәселені көтеріп жатқанда, Косарев шынайы қарттықтың қалай болатынын айтып, биліктегілерге қосымша үндеу жолдар ма екен? Әлде, әріптестерінің мынадай ұсынысы қытығына тиіп, қыжылын қайнатты ма екен?
Қалай десек те, зейнет жасын азайту ғана емес, биліктің құлағын ұстаған зейнеткерлердің мәселесі де мінберлерде айтылып, шешімін тапқаны жөн еді. COVID- 19-дың ең алдымен зейнет жасындағы адамдарды «құлататынын» ескерсек, Қазақстанға бұл індеттің берген пайдасы бәлкім, зейнет жасын азайту мен Ақ Орданы зейнеткерлерден босату болатын шығар, кім білсін.
Меруерт ХУСАИНОВА, «Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.