Атышулы «Астана LRT» лауазымды тұлғаларының ісі сотқа жолданды

3802
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

«Астана LRT» компаниясы лауазымды адамдарының  ісі сотқа жолданды. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров мәлім етті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, ол сотқа жолданды. Сотқа барлығы 7 адам берілді. Қ.Сұлтанбеков және Т. Ардан «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуде. ҚР ҚПК 201- бабының тәртібімен және тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - деді ол онлайн брифингте Данияр Бекайдаров.

Айта кетейік, атышулы жоба 2009 жылы Иманғали Тасмағамбетовтың елорда әкімі болып тұрған кезінде басталған. Метроның ұзындығы 41 шақырым болып бекітілген.

Ал 2015 жылы Тасмағамбетовтың орнына келген Жақсыбеков бұл жобаны EXPO 2017 халықаралық көрме тұсында пайдалануға береміз деп уәде еткен. Арада бір жыл өткенде қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун журналистерге LRT құрылысы 2017 жылға дейін салынып үлгермейтінін айтты. Әкімнің сөзінше, бір жыл бойы құжаттарға қол қоюмен уақыт өткізген.

Бас қаланың әкімдігіне Әсет Исекешов (2017 жыл - ред.) келгеннен кейін  LRT айналасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгіме өрбіді.  Әсет Исекешев «Астана LRT» ЖШС құрылысын  бақылау мақсатында  «LRT Construction» ЖШС деп аталатын жаңа компания құрды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолданып, жобаның құны қысқартылғанын мәлімдеді. Сағызша созылған құрылыс 2019 жылдың желтоқсанында пайдаланатыны хабарланды. Бірақ Нұр-Сұлтанға әкім болып келген Бақыт Сұлтанов LRT жобасының тоқтап қалғанын айтты.

2019 жылы мамырда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Әлихан Смайлов LRT жобасының құрылысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқталатынын айтты. Ал әкім Алтай Көлгінов желтоқсан айында жобаның толық аяқталатынын, бірақ уақытын айтпады. Әкім алғашқыда 1,9 млрд доллорға бағаланған жобаның 1,2 млрд доллары үнемделгенін жеткізді. "Мамандармен есептеп, бастапқы кезеңде 10 минут жеткілікті деп шештік. Одан кейін жиірек бола бастайды. Жер асты өткелдердің де санын қысқарттып, нәтижесінде 350 млн теңге қаражат үнемдедік. Жалпы үнем көлемі шамамен 1,2 млрд долларды құрайды. Көріп отырғандарыңыздай, жоба біршама арзандады. Толықтай алғанда LRT-ны салып бітіру міндеті тұр. Себебі көптеген дүние жасалып, инфрақұрылым тартылып қойылған,"- деді әкім. Қазір метро жолының ұзындығы – 22 шақырым.

 

 

 

 

Пікірлер