Қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын комиссия тарихи әділдікті қалпына келтіреді

693

ҚР президенті Тоқаевтың сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығы жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарларынан, хатшыдан және Мемлекеттік комиссия мүшелерінен тұрады. 

Осыған орай белгілі журналист Серік Әбікенұлы мындай ұсыныс айтты.

"ҚР президенті Қ.К. Тоқаевтың "Саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" жарлығының жобасы шығыпты. Комиссияға қойылатын бірінші талап - заңсыз қудалауға ұшырағандарды толық ақтау! Осыған орай әңгіме қозғалған мамыр айындағы "бандылар" туралы ойымды қайта салып отырмын:
Менің екі жылдан бері айтып келе жатқан ұсынысым:
Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы
1993 жылғы 14 сәуiрдегі Заңды өзгерту керек . Оның 6-бабы, әсіресе в) тармағы отаршы Совет үкіметін қорғайды.
а) шетелге қашып немесе ұшып кетуден басқа Отанды сатудың барлық формалары; қарулы көтерiлiс немесе қарулы бандылар құрамында Республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кiру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа да күш көрсету әрекеттерiне; тiмiскiлiк, терроризм актісі, бүлдiру әрекеттерiне қатысу;
б) жай халық пен әскери тұтқын­дарға қатысты күштеу әрекеттерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезiнде осындай әрекеттер жасауына басқыншылар мен Отанын сатқандарға деп берушiлiк;
в) қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу.
Міне, осындай шым-шытырық. Аштан өлмеу үшін қолына қару алған азаматтар неге "банды" болуы керек, "революцияға қарсы" деген не сөз? Бұған салсақ 1916-32 жылдары көтеріліс жасаған қазақтың бәрі бандит. Комиссия осыны ескерсе, - дейді журналист.

Президент Жарлығының жобасы электронды үкімет порталында жарияланды

Мемлекеттік комиссияның ережесі мен құрамын бекіту мен жарлықтың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелген. Комиссия президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болады және өз қызметінде ҚР Конституциясы мен заңдарын басшылыққа алатыны айтылған.

Комиссияның қызметіне келесі функциялар кіреді:

1) саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру;

2) саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін заң жобаларын және өзге де заңға тәуелді актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсыныстар әзірлеу және енгізу;

3) жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге, өмірі мен бас бостандығынан айыруға, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден шығаруға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқықтар мен бостандықтары өзге де шектеулерге ұшыраған тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықтау;

4) Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау (оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары);

Құқықтық қана емес, сонымен бірге, саяси оңалтуға жататын қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау (оның ішінде: Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілер; өздерінің идеологиялық, ғылыми, шығармашылық, рухани-мәдени құндылықтары мен сенімдері үшін қуғын-сүргінге ұшыраған);

5) комиссия мүшелері, зерттеушілер мен ұрпақтар үшін Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің мұрағаттарындағы жабық қорлардың саяси қуғын-сүргіндер жөніндегі материалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;

6) мемлекеттік органдардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;

7) Қазақстан Республикасында ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқықтарын қалпына келтіруде әдістемелік және құқықтық көмек көрсету;

8) саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен адамдарды мәңгі есте қалдыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдауды қамтамасыз ету;

9) ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қарау.

Мемлекеттік комиссияны Қазақстанның мемлекеттік хатшысы, яғни, Қырымбек Көшербаев мырза басқарады. Оның құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдардың, ұлттық және мемлекеттік архивтердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргізіледі делінген. Төрағаның шешімі бойынша Мемлекеттік комиссияға республикалық және жергілікті деңгейдегі сарапшылар, сондай-ақ, өзге де тұлғалар енгізілуі мүмкін.

Жарлық жобасы қоғам талқысына 5 қазанға дейін ұсынылады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы