Қыдырбек Рысбек. Әлемдік деңгейдегі бапкер

3660
Adyrna.kz Telegram
Бүгін, яғни 13 қыркүйек - қазақ боксына бір кісідей еңбегі сіңген бапкер Мырзағали Айтжановтың туған күні. "Адырна" Ұлттық порталының ұжымы даңқты бапкерді туған күнімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, жемісті еңбек тілейді.
2013-2014 жылдардың қорытындысы бойынша дүние жүзінің екі мәрте ең үздік жаттықтырушысы атанған жалғыз қазақ бапкері. 2009-2018 жылдары Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. Әлем чемпиондары Қайрат Ерәлиев пен Біржан Жақыповтың, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиевтің, әлем чемпионатының медалисі Сәкен Бибосыновтың және Азия чемпионы Бек Нұрмағанбеттің бапкері.
2009 жылдың күзінде Қазақ елі құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Мырзағали Құланұлы 60 жылдық тамаша дәстүрі бар республика боксын жаңа белеске көтеруге білек сыбана кірісті. 2013 жылы қазақ жігіттері әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған асуға табан тіреді. Алматыдағы әлемдік біріншілікте біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді еншілеп, дүние жүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Осы жылы Мырзағалидың командасы Иорданияда болған Азия чемпионатында 7 «алтынды» олжалаған еді. Бұл - қазақ құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық нәтижесі болатын.
2013 жылдың қорытындысы бойынша Мырзағали Айтжанов 196 мемлекеттің бокс федерациясын біріктіретін АИБА-ның ұйғаруымен жұмыр жердің ең таңдаулы жаттықтырушысы мәртебесіне ие болса, Данияр Елеусінов әлемнің ең үздік боксшысы атанды.
Мырзағали баптаған құрама 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында да рекордтық белеске иек артты. Бұған дейінгі бес Азия ойындарында үш алтын медальдан артық олжалап көрмеген қазақ боксшылары осы жолы 6 алтын жүлдені қанжығаға байлады. Он салмақтың алтауында қазақтар топ жарды! Азия құрлығында 40-тан астам ел барын ескерсек, бұл дегеніңіз талай алпауыт мемлекеттердің түсіне де кірмейтін жетістік. Осындай рекордтық жеңістің нәтижесінде және әлемдік рейтингте Б. Жақыпов, Д. Елеусінов, Ж. Әлімханұлы, И. Дычко секілді шәкірттері жеке-дара көш бастап, бұған қоса тағы үш-төрт спортшысы үздік үштікке енген Мырзағали Айтжанов 2014 жылдың соңында әлемнің ең үздік жаттықтырушысы атағына екінші мәрте ие болды. Ендеше, Қазақстан спортының тарихында екі жыл қатарынан жер шарының ең үздік жаттықтырушысы атанған жалғыз маман - Мырзағали Айтжанов екенін хатқа түсіріп қойғанымыз артық болмас.
Материал автордың facebook парақшасынан
Сурет ашық дереккөзден алынды
Пікірлер