Ауылдарда дәріханалардың тапшылығы сезілуде – Әли Бектаев

2702
Adyrna.kz Telegram

Сенатор Әли Бектаев ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына ауыл медицинасының жай-күйіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, «Ауыл» партиясының белсенділері мен еріктілері 200-ге жуық елді мекенді аралап, жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің мүмкіндіктерімен танысқан. Соның нәтижесінде ауылдық ауруханалардағы жағдай күрделі екені анықталған. Депутат ауылдық елді мекендерде тұрғындарды емдеуге бейімделген стационарлардың тапшылығын сөз етті. Сонымен қатар сенатор ауылдық жерлердегі қызмет етіп тұрған дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің материалдық жағдайының нашарлығына тоқталды. Ә. Бектаевтың айтуынша, ауылдарда қызмет ететін дәріханалардың тапшылығы сезілуде. «Нарық талаптарына сай ауыл тұрғындары табысының төмендігіне байланысты ауылдық жерлерде жекеменшік дәріханалар атымен жоқ. Ал медицина мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің деңгейі өте төмен. Яғни, ауылдықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету күрделі проблемаға айналып отыр деп айтуға болады», - деді сенатор. Депутат ауылдағы амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік бекеттерде қызмет істейтін дәрігерлердің кәсіби деңгейінің төмен екенін, мамандардың жетіспеушілігі байқалатынын да тілге тиек етті. Осы мәселелерді айта келіп, сенатор халық саны 3 мыңнан асатын әрбір елді мекенде өзінің дәріханасы, жедел жәрдемі мен перзентханасы бар ауылдық ауруханаларды қалпына келтіруді тез арада қолға алған жөн деген ұсынысын білдірді. «Қажет жағдайда медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің де, көшпелі дәріханаларды ұйымдастырудың да тұрақты шараларын қарастырған дұрыс», - деді Әли Бектаев.

Пікірлер