Барлық қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосқан 627 батыр, олар кімдер?

2476
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында жасалған QazCovid-in® коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинасының клиникалық сынақтарына 627 адам қатысуға ниет білдірді. Бұл туралы Адырна ұлттық порталы  Білім және ғылым білім министрлігінің Ғылым комитетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) қазақстандық коронавирус вакцинасының клиникалық сынақтарына қатысу үшін еріктілерді тартуды жалғастырып отыр.
«Құжаттарды қабылдау осы жылдың 10 қыркүйегінде аяқталады. Бүгінгі күні 627 адам біз жасаған вакцинаны өздеріне салдыруға ниет білдірді. Бірінші кезеңде біз 44 адамды, екіншісінде 240 адамды таңдауды жоспарлап отырмыз. Біз вакцина туралы жоғары хабардарлыққа, қазақстандықтардың жағымды мотивациясы мен патриотизміне қуаныштымыз. Мұндай сенім іс жүзіндегі қолдау ғана емес, сонымен қатар біз сияқты өндіруші үшін және бүкіл қазақстандық ғылымға үлкен моральдық қолдау болатыны анық. 627 адамның әрқайсысы, тіпті олар еріктілер қатарына кірмесе де, біз үшін батыр деуге болады. Біз оларға барлық қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосқан жеке үлесі үшін өте ризамыз», - деді БҚПҒЗИ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия.

31 шілде күні  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) QazCovid-in коронавирусына қарсы қазақстандық инактивтендірілген вакцинаны клиникалық сынақтарға жіберілген кандидат вакциналар тізіміне енгізді.
Институт директоры бастаған жеті вакцина жасаушы вируспен жұмыс кезінде қауіпсіздігін қорғау үшін вакцинаны қабылдаған алғашқы еріктілер болды. Тест нәтижелері бойынша вакцина салғандардың бәрінде вирусқа қарсы антиденелер пайда болды, қызметкерлердің дені сау және ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

Фото ашық дереккөзден алынды

«Адырна»  ұлттық порталы

 

Пікірлер