Шымкентте интернет пен цифровизация қай деңгейде?

2891
Adyrna.kz Telegram

ҚР Үкіметі 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіткен болатын. Биыл осы бағдарлама аясында Шымкент қаласының экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігін  арттыру, сондай-ақ қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірнеше салада жоспарлы іс-әрекеттер жүзеге асырылды.

Интернет желісімен толық қамту. Шымкент еліміздің маңызды қалаларының бірі статусына ие болғалы цифрландыру жұмыстарына ерекше назар аударылып, қала 80%-ға сапалы интернет желісімен қамтылды. Бұл көрсеткіш 100 %-ға жетуі үшін базалық станциялар толық  орнатылып бітуі  тиіс.

Осы күнге дейін 105 шағынаудан мен тұрғын алаптары интернет желісімен қамтамасыз етілген. Мобильді интернетке ­– 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағынаудан қол жеткізген.

Алдағы уақытта қаланы 5G желісімен қамтамасыз ету қарастырылуда.

Мемлекеттік қызметті оңтайландыру. Өткен жылы қала әкімдігі ұсынатын 195 мемлекеттік қызметтің 179-ы оңтайландырылған. 2021 жылға дейін бұл саланың 90%-ын цифрландыру жоспарланған.

Медициналық көмек. Коронавирус туралы нақты ақпарат тарататын арнайы https://covid19shymkent.kz/ ақпараттық порталы іске қосылды. Сайт арқылы қала тұрғындары пневмония және ЖРВИ-мен ауыратын науқастар саны, тәулік ішінде ауруханаға түскен және емделіп шыққан науқастар саны туралы ақпарат біле алады.

Сондай-ақ сайтта білікті дәрігерлер бейне-брифингтер өткізіп, халыққа аурудың алдын алу және оның белгілері жайлы кең мағлұмат береді. Бұдан бөлек медициналық мекемелер мен провизорлық орталықтардың мекен-жайлары мен телефондары туралы ақпаратты табуға болады.

Тек короновирус инфекциясының таралуына қатысты ғана емес өзге де медициналық көмектерді онлайн алу мақсатында Шымкенттің білікті дәрігерлері 1430.kz сайты арқылы тегін кеңес беруге көшті. Осы сайтқа тіркеле отырып, халық жергілікті емханалардың дәрігерлерінен онлайн кеңес пен алғашқы медициналық көмек алуына болады. Қазірде сайтқа хирург, травмотолог, уролог, гинеколог сынды жетпіске жуық маман тіркелген. Мұндай Start-Up жоба бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге асқан.

Білім саласы цифрлануда. Пандемияға байланысты биыл оқу процесі онлайн режимге өтетіндіктен қаладағы білім беру ұйымдары жоғары сападағы интернетпен қамтамасыз етілуде. Таяуда Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досан Әлібеков баспасөз брифингінде қаланың білім саласы толық цифрланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол өз сөзінде: «Білім саласы – ең маңызды әлеуметтік саланың бірі. Биыл білім саласы толық автоматтандырылды. Балалаларды білім ұйымдарына қабылдау толық электронды форматта жүзеге асты. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау, отбасы және балаларға қатысты қызметтер, тағы басқа қызметтер толық автоматтандырылды. Қала аумағын жоғары жылдамдықты және қуатты интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде 11 базалық станция орнатылуда. Оларды орнататын 11 орын бойынша да қалада заңдастыру жұмыстары аяқталды. Шымкент қаласының аумағына кіретін барлық шалғайдағы елдімекендерді жоғары сападағы интернетпен қамту үшін қосымша 43 нүктеге талдау жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек, қазан айларында базалық станциялардың жұмысын іске қосу жұмыстары аяқталады», – деп оң өзгерістермен таныстырды.

Алдағы уақытта өзге салалардың да жұмысын уақыт талабына бейімдеу мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарлы іс-әрекеттер атқарылады.

 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер