«Ізетті іс» қайырымдылық қоры: Көмегім тисе болды деген әрбір жан қатарымызға қосыла алады

2611
Adyrna.kz Telegram

Қайырымдылық - қайырлы іс. Елімізде 4 мыңға жуық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 367 мың аз қамтылған отбасы, 698 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың барлығы да көмекке зәру. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары қайырымдылық қорларының саны жыл санап өсіп келеді. Мұқтаж жандарға көмектесіп, игі істерді атқарып жүрген сондай қорлардың бірі - «Ізетті іс». Негізгі мақсаты - мүмкіндігінше мұқтаж жандарға жәрдемдесу, балаларға шаттық сыйлау.

Студенттердің бастамасымен құрылған «Ізетті іс» қайырымдылық қоры бүгінде біраз жанға көмек қолын созып үлгерді. «Адырна» ұлттық порталы қор ұйымдастырушысы  Мұқасан Бердіханмен әңгімелесті.

- Біз ерікті түрде ниеттес қыз-жігіттер болып, мұқтаж адамдарға көмектесейік деген ниетпен біріккен едік. Бастапқыда қор ашамыз деген мақсат болмады. Кейіннен қатарымыз көбейіп,жобаларымыз мен мақсаттарымыз ауқымдырақ бола бастағаннан соң қор ретінде құрылуды жөн санадық.  2019 жылдың 9 желтоқсанында ресми мемлекеттік тіркеуден өттік.

Қазіргі таңда «Ізетті істің» көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетін «Бақытты отбасы», балаларының үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыстанатын  «Сәби» және әртүрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастыратын «Мейірімді қала» атты үлкен жобалары бар.

 

Сұхбат барысында Мұқасан мырза қайырымдылық жасау үшін шынайы ниеттің жеткілікті екенін атап өтті.

- Қайырымдылық шараларын ұйымдастырудың ешқандай да қиындығы жоқ. Кейде кішкентай ғана мәселелер шығып қалып жатады. Бұл іспен ерікті түрде, шын ниетпен айналысып жүргендіктен оларды тосқауыл ретінде санамаймыз.

Қайырымдылық бір-біріне ұқсамайтын, бірақ әлемді бірге жақсартуды мақсат еткен жандарды біріктіреді.

- Командамызда 50-ден астам ерікті бар. Олар Алматы, Тараз, Жетісай қалаларында көп шоғырланған. Біз еріктілерге нақты бір талап қоймаймыз. Моральдық, материалдық көмегім тисе болды деген әрбір жан қатарымызға қосыла алады.

«Ізетті істің» құрылғанына 1 жыл болды.

- Осы уақыт аралығында мұқтаж жандарға  мүмкіндігімізше септігімізді тигізуге тырыстық. Біз ең алдымен көмекке зәру адамдардың жағдайымен танысамыз, олардан статусын растайтын құжаттарын ұсынуын өтінеміз.

Қор Мақтарал ауданындағы су тасқынынан  зардап шегіп, үй құжаттары дұрыс болмай, мемлекет назарынан тыс қалған 10 отбасыға үй құрлысына керек деген заттарын, ал 20 отбасыға тұрмысқа қажетті заттарды алып берді және "Молла Исмаил" мешітінің құрлысына көмектесті. Сондай-ақ, Рамазан айында әлеуметтік жағдайы төмен 50 отбасыға азық-түлік пен ауызашар мәзірін тараттық.

Бұл «Ізетті іс» жасаған игі істердің бір парасы ғана.

- Қорға көмектесіп жүрген меценаттар жоқ, бірақ біршама тұрақты салымшыларымыз бар.

 

«Ізетті іс» қайырымдылық қоры әрбір қайырымдылық шарасынан соң міндетте түрде есеп беріп отырады. Ерікті боламын, қайырымдылық жасаймын десеңіздер, мархабат. Жақсылық жасап жарысайық!

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер