Қазақстанға үйсіз адамдар туралы заң қажет

2711
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық коммунистер тұрғылықты жері жоқ адамдарға көмек көрсетуге бағытталған түрлі қызметтер мен ведомстволардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік беретін жеке заң қажет деген бастама көтерді. Бұл туралы Көкшетауда «Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы. Пандемия кезінде туберкулездің таралу мәселесі, қаупі, тәуекелі» тақырыбымен өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды.

«Әр ведомство өз жұмысын өзінше жүргізеді. Алайда, ведомстволар арасында үйлестіру жетіспейді. Мәселен, денсаулық сақтау саласындағылар науқастарды емдеп шығарып, әлеуметтік ортаға жібереді. Кейін бұл адамдарға ешкім қарамайды да, қайта науқастанады. Сөйтіп, бәрі қайтадан басынан басталады. Сол себепті барлық ведомстволар мен үкіметтік емес ұйымдардың, заңды және жеке тұлғалардың басын біріктіретін заң қажет», - дейді ҚКХП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Олжас Сыздықов.

Қаңғыбастар вирусты таратушы топ па? Мұндай пікір қай кезде пайда болды?

 Туберкулез – жұқпалы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың әлеуметтік осал санаттары арасында жедел таралатын ауру. Қазақстанда халықтың едәуір бөлігі кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр. Табысы төмен адамдар өздерін қажетті заттармен, оның ішінде азық-түлік өнімдерімен, витаминдермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмайды. Осы орайда әлсіреген адам ағзасы қауіпті инфекцияларға тез беріледі.

Ковидтан кейінгі кезең әсіресе әлеуметтік тұрғыдан да, медициналық тұрғыдан да туберкулезге қатысты жағдайды ушықтырды. Қауіп-қатерге ілінетін топта үйсіз адамдар, сотталғандар, балалар үйінің түлектері ғана емес, бұған дейін тұрақты табысы болған адамдар да бар. Карантинге байланысты көптеген қазақстандықтар жұмысынан айрылды. Яғни, қалыпты өмір сүру, отбасыларын асырау, тұрғын үйді жалға алу мүмкіндігі де төмендеді. Оның үстіне вирустың өзі де респираторлық сипатқа ие.

– Қазіргі уақытта үйсіз адамдар саны өсу үстінде. Біздің қаладағы бейімделу орталығы тек 50 адамды ғана қабылдай алады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әсіресе қыс мезгілінде, – деді коммунистер.

Жиынға қатысушылар әр ауданда осындай ұйым ашып, бейімдеу қызметінің жұмысын үйлестіру туралы ұсыныс жасады.

– Карантин кезінде бейімдеу орталықтары азаматтардың осал санаттарын қабылдаған жоқ. Әрине, олардан ПТР-ге ешкім тест алған жоқ. Ауруханаларға да ешкім қабылдамады. Ал аурудың қауіптілік тобы кеңейді, – деді Олжас Сыздықов.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша айтылған ұсынымдар «Халық коммунистері» парламенттік фракциясына жіберілетін болды.

– Осы жылдың соңына дейін біздің депутаттар үйсіз адамдар туралы заң қабылдау қажеттігін жеткізеді деп үміттенемін, – деді Олжас Сыздықов. Бұл туралы Қазақстан халық коммунистік партиясы сайтында хабарланды.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Аяулым ӘБІЛДА

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер