Шекараны бекіткен Алаш қайраткеріне бір құлаш қана көше беріпті

3249
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтан қаласының Әлімхан Ермеков көшесімен келе жатып, ішім удай ашып кетті. 1919-1920 жылдары аралығында Қазақ елінің шекарасының бекітілуіне аса көп үлес қосқан математик, Алашорда өкіметінің алғыр да, зерек мүшесі, көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы Әлімхан Ермековке көлемі бір құлаш қана көшені бере салыпты. Мынау дегенің әруақ алдында қылмыс қой деп өзімнен өзім тарылып кеттім. Бұл тарихи тұлға өзінің жап жас шағынан бастап Әлихан Бөкейханның жанында қалмай жүрген. Әлихан да бұл жас жігітті зеректігі мен алғырлығын терең танып, мемлекеттің ең маңызды шаруаларына атсалысу үшін жанынан тастамаған. Әлімхан Ермеков өте жас кезінен бастап мемлекет пен өкіметтің шаруаларына араласып, әбден ысылып, жас шағының кезінен өздігінен мемлекеттік деңгейде шешім шығаратын тұлға болып қалыптасты. Оның Қазақ елінің шекарасын бекітуде Ленинмен, Калининмен, Енукидземен отырып талқылған кезіндегі Қазақ елінің жер көлемі 3 миллион 467 мың 922 шаршы шақырым болып көрсетіліпті. Ал қазіргі Қазақ жері осы жердің 69 пайызын құрайды. Бізлің 31 пайыз жеріміз қолды болып кетті. Сонда біздің қаншама миллион шақырым жерлеріміз жаттың қолында кеткенін есептей беріңіз. Небәрі 29 жасында ұлты үшін ұлы істерге өмірін арнаған Әлімхан Ермековке Қазақтың елордасында дұрыс көше бұйырмапты. Жалпы, Қазақ жерінің шекарасын бекітуде ең көп үлес қосқан тарихи тұлғалар 20 ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков үшеуі болғанын ұрпақ білсе екен... Бұлар ұлылар. Ұлылар ешқашан да ұмытылмайды. Қазақтың тағдырын арқасына арқалаған тарихи азаматқа бұл көшені қалай беріп отыр екен, түсінуге миым жетпей тұр...

 

Бекболат ҚАРЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер