Миллиондар жайында сөйлесейік

1546

Былтырғы жылдың шілде айында мемлекет басшысының өкімімен Аружан Сайын Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі қызметіне тағайындалған болатын. Алайда, аталған орынға Аружан ханым келгелі бала құқығы қорғалғаннан гөрі, тапталу оқиғалары жиілеп кетті.

«Балалардың құқығын қорғай алмай отырған Аружан Саин отставкіге кетсін!»-деді заңгер Айгүл Орынбек. Бір апта ішінде бірнеше бала зорлау оқиғасы болғанын тілге тиек еткен қоғам белсендісі бала құқығын қорғаушы омбудсмен болу, интернетте тапсырма бердім деп пост жазу емес, нақты іске көшу. Балаларды қорғау үшін нақты не жасалынып жатыр? Қай өңірде зорлық-зомбылықтың көп екені туралы статистика жасалып, есеп бергенін көрмедім. Халықтың тілін білмейтін, түсінбейтін адам балалардың құқығын қорғайды деп ойламаймын,-деп жазды заңгер. Халықтың тілі дегеннен шығады. Аружан ханым не себепті қазақша сөйлемейтінін де айтқан болатын. Шамамен бір жыл бұрын қазақ тілінің онша жақсы еместігін, бірақ күнделікті жаттығу жасайтынын айтқан ол ақыр аяғында уақыт керек. Ал оған қазір уақыт жоқ деп жалтарған еді. Балалар омбудсменінің бүлдіршіндердің құқығын қорғауға да уақыты жоқ па деген ойға келеміз. Себебі, статистика соған мәжбүрлейді.

Еліміздің бас прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылы 154 жасөспірім қаскөйлердің зұлымдық әрекетінің құрбаны болған. Биыл небәрі 6 айдың ішінде 125 балаға зорлық-зомбылық көрсету фактісі тіркелген. Жыл соңына дейін әлі бірнеше уақыт бар екенін ескерсек, көрсетілген сандар өсіп, антирекорд орнауы да мүмкін. Беті аулақ, әрине! Ал, Аружан ханымның аталған мәселеден гөрі, бас ауруы басқада секілді. Бірнеше күн бұрын фейсбуктегі парақшасында Алматы облысындағы №1 Балалар үйіндегі балалардың қаржысы жымқырылғаны туралы жазыпты. Аружан ханым, жетімге қарайласқан, олардың мұң-мұңтажын бөліскен құптарлық іс қой, әрине. Алайда, балалар үйіндегі қаржы мәселесімен сол саланың «қасапшылары» айналысқаны дұрыс шығар...

Қаржы туралы күні кеше бала құқықтары жөніндегі уәкіл тағы көтерді. «533 миллион 630 мың теңге» жайында сөйлесейік, - деді әлеуметтік желіде. Бір жыл бұрын жаңа қызметіне кіріскен ол 2017-2019 жылдар аралығындағы қаржылық құжаттарды көріп, есеңгіреп қалған. Жазбасында жарты миллиардтан астам ақшаның қайда жұмсалғаныны жайында «жіліктеп» беріпті.

Оған журналист Гүлбану Әбенова: Бір жыл бұрын қоғам белсендісін балалар омбудсмені ретінде тағайындағанда көбі қуанып еді. Ал, сол омбудсмен жыл бойы колл-орталықтардың қаржысын есептеумен айналысқан ба? Қысқасы, елімізге кәсіпкер, халықтың немесе бюджеттің ақшасын жинаушы емес, балаларды бөліп-жармай қорғайтын омбудсмен керек,-деді.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы