«Назарбаевтың Танькасы» қайда жүр?

1523

Бұдан 11 жыл бұрынғы, яғни 2009  жылдың 1 сәуірінде Ұлттық баспасөз клубында  өткен атышулы баспасөз мәслихатын жұртшылық ұмыта қоймаған болар. Бұл  жиынды әсіресе көзіқарақты журналистер қауымы жадынан шығармайды.  Өйткені дәл осы баспасөз мәслихатында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевке айып тағылды. Ал енді сұрақ...

Мұхтар Жәкішевке айып таққан кім?

Бәрін де басынан бастайық. Ол –Татьяна Квятковская. 2009 жылдың 1 сәуірінде сол кездегі «Отан» партиясының мүшесі Татьяна Квятковская деген  белсенді баспасөз мәслихатында Мұхтар Жәкішевтің ісін сотта қарау туралы мәселе көтерді.

Оның айтуынша, «Мұхтар Жәкішев басқарған «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы «уран кеніштерін талан-таражға салған». Жәкішев «ҚазАтомӨнеркәсіптің» «Ақдала», «Южный Инкай», «Орталық Мыңқұдық», «Қорасан-1», «Қорасан-2», «Солтүстік Қорасан» сияқты ірі-ірі уран кеніштерін оффшорлық компанияларға қайтарымсыз негізде сатқан». Квятковскаяның дерегіне сенсек, «Ақдала», «Южный Инкай» кеніштері құрдас әрі бизнес-әріптестер Әблязов пен Жәкішевтің ортақ кәсіпорны «Бетпақдала» ЖШС-на берілген. Бір жылдан соң аталмыш кеніштердің 70 пайызын Әблязов АҚШ-тың Urasia Energy оффшорлық компаниясына 350 млн долларға сатып жіберген. Бір сөзінде Квятковская  «өз мүддесі үшін мемлекет байлығын шашқан Жәкішев пен Әблязовтың мұндай заңсыз әрекеттері салмақты қылмыстық тергеуді талап етеді» деп, құзырлы органдардың бұған назар аударуын талап еткен.

Міне содан кейін Мұхтар Жәкішевке қысым көрсету басталған. Квятковскаяның атышулы баспасөз мәслихатынан кейін бір жарым ай өткеннен соң, яғни 23 мамыр күні ол ұсталды. «Оған ірі уран кен орындарындағы мемлекеттік үлесті сатты» деген айып тағылды. Ақыры 14 жылға сотталды.  Сот үкімінде Жәкішевтің 99,6 миллиард теңге мөлшеріндегі шығынды өтеу қажеттілігі айтылды. «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-президенті өзіне тағылған айыптың бәрін жоққа шығарды. Бірақ билік, сол кездегі сот жүйесі дегенін істеді. 11 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның әр аймақтағы түрмесінде отырған Мұхтар Жәкішев жазасын толық өтеу мерзіміне 3 жыл, 2 ай 17 күн қалғанда 2020 жылдың 19 наурызында бостандыққа шықты.

Жәкішев 1998 жылдары ««ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына басшы болып келді. Ал ақиқатына келсек, ол айналасы 10-12 жылдың ішінде тұралап қалған еліміздегі уран өнеркәсібін аяғынан тік тұрғызды. Бір жылдың айналасында компанияның 85 миллион доллар берешегін жапты. 2009 жылы «Қазатомөнеркәсіп»  уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Әлемдік нарыққа шығып, Жапониямен келісімшарт жасау бағыты таяп қалғанда ол сотталды. Ал мұның артында кімдер тұрғаны туралы жорамалдар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен  интернет көздерінде айтылды да, жазылды да

Ал Жәкішевті «соттатқан» Татьяна Квятковская кім?

Оның мамандығы  - заңгер, журналист. Талғардың тумасы. әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1990 жылдардан бастап, еліміздің белді басылымдарында жұмыс істеген. Кезінде Алматы энергетикалық коалициясының төрайымы, АПК қоғамдық кеңесінің сарапшысы болған. «Дружная ребята» балалар басылымында жұмысын бастап, әртүрді БАҚ-та қызмет істеген. 1992-1994 жылдары «Азия» және «Казахсстанская правда» газеттерінің парламенттік тілшісі болған. Баға және монополияға қарсы саясат мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген. Экономика және сауда министрлігінің Тұрғын үй коммуналдық саласындағы және тұтынушылар құқын қорғау департаментінің директоры қыметінде болған. Бірнеше жыл «Әділет» жоғары мектебінде оқытушылық қызмет атқарған. Заң ғылымдарының кандидаты. доцент. 1998-1999 жылдары «Отечества» басылымының бас редакторы болып жұмыс істеген. 1999 жылдың қазан айында «Отан» (қазіргі – «Нұр-Отан) республикалық  партиясының атынан Мәжіліске депутат болып сайланған.

Жалпы Татьяна Квятковскаяның есімі жалпақ жұртқа «Жәкішев ісінен» кейін таныла бастады десек, қателескеніміз. Ол  1995 жылы парламентті таратқан «тұлға» екенін қазіргі жас буын біле бермеуі мүмкін. Кейінге шегініс жасар болсақ, Татьяна Григоревна 1994 жылдың наурыз айында Жоғары Кеңестің 13 шақырылымында  сайлауға түсіп, ол бар-жоғы 31,01 пайыз ғана дауыс жинап, қарсыласы Д. Әділбековтен ұтылып қалады. Орталық сайлау комиссиясына  арыз жазып, көптеген заңсыздықтардың болғанын атап көрсетеді. Сол талап-арыздың негізінде Конституциялық кеңес сайлаудың Конституцияға сай әділ  өтпегені туралы шешім шығарады. Сөйтіп, Жоғары кеңестің 13 шақырылымы заңсыз деп танылып, парламент таратылады.

Сол парламенттің депутаты болған, ақын  Олжас Сүлейменовтың  «Жоғарғы Кеңесті тарату үшін Ельцинге үш танкі қажет болса, Назарбаевқа бір Танька жеткілікті болды» деген қанатты сөзі кейін ел арасында мәтелге айналып кетті.

Ресейдің парламенттік  тарихына көз жүгіртер болсақ, Борис Ельцин 1993 жылдың 21 қыркүйегінде арты саяси текетіреске ұласқан №1400 жарлығын шығарған. Сол кездегі парламенттің төрағасы Руслан Хасбулатов Ельциннің бұл әрекетін «төңкеріс» деп бағалап, жақтастарымен бірге Жоғары кеңестің ғимаратынан шықпай қойған. Ақыры Ельциннің бұйрығымен үш танк парламенттің жоғары қабатын атқылаған. Бірнеше уақыттан соң наразылық білдіргендер сыртқа шығып, ұсталып, қамалған. Кейіннен бәрі босатылды.  Ал ақын  Олжас Сүлейменов жоғарыдағы қанатты сөзі арқылы осы саяси көріністі айтып отыр.

"Жоқсың сен, қайдасың, қайда?!."

Біз осы мақаланы жазу барысында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарын ақтарып, интернет көздерінен атышулы Татьяна Квятковскаяның дерегін іздедік. Бір қызығы, парламенттегі өкілеттік мерзімі біткеннен кейін ол жұмыс іздеп, «өз-өзіне тендер» жариялаған екен. Бұл шамамен 2006 -2007  жылдар болса керек. Бір кезеңдерде Ұлттық банктен кеткеннен соң жоғары жалақы сұрап, Григорий Марченко да өзіне тендер жариялағаны белгілі. Расында депутаттық мерзімі аяқталған соң, Квятковская да еуропалық деңгейдегі жалақы іздеген. Бірақ тапты ма, жоқ па, ол жағы мәлімсіз күйінде қалған.

Ал біздің есебіміз бойынша Сүлейменовтың сөзімен айтсақ, «Назарбаевтың Танькасы» Мұхтар  Жәкішевке айып тапқан 2009 жылдары 61-де  болған. Демек ол зейнеткер жасында Жәкішевке қатысты «тапсырысты» орындаған.

1995 жылы парламентті таратып аты шыққан, 2009 жылдары «Жәкішев ісін» зерттеп. оны соттатқан Татьяна Квятковская бүгінгі күні тірі болса, жылдың аяғында 72 жасқа толады. «Тірі болса» деп бекер айтып отырған жоқпыз. Бір қызығы, 2009 жылдардан кейін, соңғы 10 жылда  оның аты-жөні еш жерде аталмайды. Тіпті газет-журналдарда, интернет көздерінде мүлдем кездеспейді. Соған қарағанда,  ол көрінбейтін көлеңкелі жаққа  кетсе керек. Әлде Ресей асып кетті ме? Мүмкін саяси белсенділігі төмендеп, әл-қуаты кеміп, кәрі құртаң  кемпірге айналды ма екен.

Сондықтан бүгін бізге амал жоқ, жұрт жиі айтатын хит әннің қайырмасын ғана қайталауға тура келіп тұр:

... «Танька» жоқсың сен, қайдасың, қайда?

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы