Абай ұрпақтары туралы қызықты 10 дерек

4732
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың ұйықтап жатқан санасын оятып, сәулесін жаққан ағартушы-демократтардың бірі – Абай артындағы ұрпағын да білім мен өнерге баулып, елге қызмет етуге өнеге көрсетіп, бойына сіңіре алған. «Атадан – алтау, анадан – төртеу» Абай 7 ұл, 3 қыз сүйді: Ділдәдан Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан болса, Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайыл, Кенже.

Ақылбай. Абай көп талап қойған ұлдарының бірі – тұңғыш ұлы Ақылбай. М.Әуезовтің деректерінде: «Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Оның ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері, әнші, домбырашы, скрипкашы болған». Талантты Ақылбайдың «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр» секілді дастандарыұрпаққа мұра боп қалған.                                        

Әбдірахман. Абайдың әлем ақындарының жауһарларын аударуына ықпал жасаған балаларының бірі – Әбдірахман. Ол неміс тілін жетік біліп, Г.Р. Державин, Н.М. Карамзин, В.А.Жуковский, И.А. Крылов, М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.В. Гоголь, А.С. Грибоедов, И.В. Гете шығармаларын ден қоя оқыған. Абайдың арнау өлеңдерінің көпшілігі осы Әбдірахман атына жазылған.

Күлбадан. Абай қазақтың қыз балағабайланысты көп тыйымын құптай бермеген. Жидебайдағы музей-үйде көп жыл шырақшы болған Ниязбек Алдажаровтың Абайдың қызы Күлбадан жайлы естелігінде ақынның қазақтың кейбір салт-дәстүрін, наным-сенімін аса жартпайтындығы туралы да айтылады.

Абай  Күлбаданды қыз баласы демей, Мағауиямен қосақтап, орысша білім алуға Семейге аттандырады. Ниязбек Алдажаров Күлбдан жайлы: «Ұзын бойлы, қыр мұрын, сары еді, адуындап сөйлейтін, былапыт сөздерді араластырып айтатын бейпіл ауыз кісі еді», - деп есіне алады.

Әкімбай. Абайдың Ділдәдан туған тағы бір ұлы – Әкімбай. Ол жеті жасында қайтыс болған.

Мағауия. Абайға ел жұмысына көмектескен балаларының бірі – Мағауия. Ақындыққа бет бұрып, көптеген ұсақ өлеңдер мен көлемді поэмалар да жазған. «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым» сынды оқырман қауымға етене таныс поэмалар Мағауия Абайұлына тиесілі.

Райхан.  Абай жайлы көп естелік қалдырған қызы – Райхан. Оның әкесі туралы естеліктері Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінде сақтаулы тұр.

Тұрағұл. Абайдың көркем образын жасап, әлемге танылуға түрткі болған жазушы М.Әуезов болса, сол жазушының ақын өмірі жайлы, шығармашылығы жайлы деректің бірден-бір көзі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы – Тұрағұлдың   «Әкем Абай туралы» атты естелігі.

Тұрағұл Абайұлы – кешегі қазақтың ақтаңгер ұлдары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлылармен бір сапта, қазақтың көзінің ашылып, алға қадам басуына ілкі қызмет еткен азамат. Сондай-ақ, орыс тіліне жетік Тұрағұл аудармашы да болған. М.Горький, Д.Лондон, А.Неверов, Г.Сперанский сынды қаламгерлердің шығармаларын аударып, қазақтың қараңғы көзінің ашлуына үлесін қосқан. Абайтану ілімінің қалыптасуына да түрткі болған.

Мекайыл. Абайдың көп қуғын көрген балаларының бірі – Мекайыл. 1931 жылы бай баласы ретінде ұсталған. Ол да арабша мен орысшаға жетік, домбыра тартып, ән айтып ортасына өнерін сыйлаған зерделі жастың бірі болған.

Ізкәйіл. Тұрағұл мен Мекайылдан кейінгі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы – Ізкәйіл скрипкада ойнаған. Сонымен қатар қазақ даласында ең алғаш рет Ойқұдық жайлауында, Әйгерімнің отауында қойылған «Еңлік-Кебек» қойылымында рөл сомдап, актерлік қырынан көрінеді.

Кенже. Абайдың ең кіші қызы – Кенже. Абай әндерінің халық арасына таралуына көп үлесін қосқан жан. Түрлі жиындарда Абай әндерін нақышына келтіре орындаған.

Абай бауырдан да, баладан да кенде болмаған дегенмен, ұрпағының көп қуғын көргенін тарихтан білеміз. Олардың айдауға түскендегі бар айыбы – бай-бағланның, қазақтың ілгері дамуына үлес қосқан ағартушының ізін жалғар ұрпағы болғаны.

Абай ұрпағының көпшілігі жер аударылып, қиындық көрсе, кей ұрпағы интернат табалдырығында тәбиеленіп, тарыдай шашылып кеткен-ді. Одан қалды, 1941-1945 жылдар аралағындағы КСРО мен нацистік Германия арасындағы соғыста да 10-нан астам ұрпағы ерлікпен қаза тапқан.  

Абайдың бесінші, алтыншы ұрпақтары бүгінде Алматы қаласында өмір сүруде. Олар Ақылбайдан тараған ұрпағы Айдос Ақылбаев пен Данияр Ақылбаев. Екеуі де орта жастан асқан. Айдос Ақылбаевтың – Александра, Данияр Ақылбаевтың  – Дана, Кәмила, Меруерт есімді қыздары бар.

 

Айжан ҚҰРМАНБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер