Дәулеткерей Кәпұлы. Аңсар

653

Бүгін  белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлының туған күні. 1977 жылдың 9 тамызында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі.

Халықаралық "Алаш" әдебиеті сыйлығының иегерін туған күнімен құттықтай отырып, бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

Алтай астым, Алатауда түледім,
Сарыарқаға салдым жырдың түренін.
Таң асырып, тамшы терін тұндырдым,
Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін.

 

Шабыт артқан шағымда бұл шалымды,
Елден алдым, елге берем барымды.
Ертіс жұлып, екпінімен ағызған,
Емеспін ғой судан шыққан салынды.

 

Атамекен, тек өзіңе бар құрмет,
Сағынышым саған деген сан бүрлеп.
Жақпарда өскен жалқы, қасқа қайыңдай,
Жанарыңда жәудіреймін тағдыр боп.

 

Қасқыр емген қалыбыма тартармын,
Алтайымнан асқақтыққа ант алдым.
Ай мүйізі шағылысқан айменен,
Тамырымда қаны ойнайды арқардың.

 

Беу, туысқан, өкпең несін қабынар,
Жан бауырың мен боламын -сағынар.
Ұшар басын тұғыр еткен құзардың,
Ұшқат сынды тағдырымды танып ал!

***

Суретің қандай сүтті іңір,

Балтырлы қайың жұп-жұмыр.

Қасқайған қарағайлардың,

Сырғауыл бойы сыптығыр.

 

Атқандай мүлде жұмбақ таң,

Бақыттың қолын бұлғатқан.

Тағдырдың ғажап тартуы-ай,

Табиғат даусын тыңдатқан.

 

Айдынға құлап алып қыр,

Өзегін жусан жарып тұр.

Тамырсыз тастың бетінде,

Қып-қызыл қына жанып тұр.

 

Қиялым қыран құсқа ерсе,

Сағыныш одан да үстелсе.

Үлгірер ме едім жыр жазып?

Бүлдірген ағып түскенше.

 

Табиғат өзің табындыр,

Арнадым саған лағыл жыр.

Таңқурай тастап таңдайға,

Тамсанып тұрған шағым бұл!

***

Тобылғы торы  тіршілігім –ау,

Көбеңсіп қапсың көптен шын.

Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,

Дүр рухыма от берсін!

 

Сексеуіл шоқты жанарым менің,

Жасын ойнатшы жалғанға.

Бақытқа байтақ бала күндерім,

Алақан жайсын арманға.

 

Бала күндерім- балауыз бақыт,

Баяның кеткен жырақтап.

Қаймақ ерінге қара уыз қатып,

Қаймана жылдар жұбатпақ.

 

Жұбаныштарым-жыр ағыстарым,

Балауса белдің тұмасы.

Жанымның жазға құрақ ұшқанын,

Сарғалдақтардан сұрашы.

 

Бөрте жусанды,бұйырғын белді

Үйірлі жылқым жусаған.

Құйғыта шапқан құйын күндерді,

Талғажау етіп жүр санам.

***

Аңсар

Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,

Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?

Әбдіғайса шал жасаған ауыздығымен,

Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!

 

Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,

Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.

Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,

Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын.

 

Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,

Сонау күндерге қызығам шегіне тұрып.

«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед, неткен,

Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып.

 

Туған жер сені көп болды жырламағалы,

Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.

Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,

Құлынға құда түсетін тумаған әлі.

 

Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,

Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.

Құрдастарың да есімде, әлі сенбейтін,

Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.

 

Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,

Бәсірелерді санаушы ем, бас бармақ бүгіп.

Тайқызыл жорға тағдырың қандай болды екен,

Әкеммен бірге жылаған көштен қап тұрып?!

 

Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,

Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?

Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,

Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма.

 

Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,

Бүгін де жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.

Атам басына барар ем, білмеймін қайда,

Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!!!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы