Дана Асылбек. Гексакосиойгексеконтагексафобия

937

 

 

Сындым

Келед енді өлгім,

Өзімді жетімге балаймын.

«Жынды» деген сөзді көрдім

көзінен, бетінен талайдың.

Бәрі де сенің кесірің,

Кешірім сұрама енді.

Жабылад мұнда есігің,

Бұл жерде жерлеймін сені!

Speetamen (QQ)

 

          Жарты сағаттық жолымдағы ебедейсіз ойларымды аялдамаға таяғанда әзер жинақтап алдым. Автобус ішіндегілердің де ішінде менікіндей ебедейсіз ойлары шашырап жатыр ма, олар да мен секілді бұл адамдар арасынан өз орындарын іздей ме, бұл мені қызықтыратын сауал. Бірақ олар мен секілді менің ойларыма қызықпайтын сияқты. Себебі, әркім өз уайымымен бірге бүгінгі қарбалас өмірге асығатындары байқадым.

Өз аялдамамнан адамдармен қыстырылып-қымтырылып түстім де, дәмханаға қарай жүгірдім. Негізі бұл аялдамадан мен он бес минут бұрын түсіп, жұмысыма кешікпей кірер едім. Тек үй иесінің таң атпай шығарған у-шуның арқасында жұмысқа он бес минутқа кешіктім. Дәмханаға кіргенде еден жуушы әйел де, кассадағы қыз да, менің сәлеміме жауап бере қоймады. Бірақ ерекше көңілді екендерін байқадым.

Қызметкерлерге арналған орынға кіріп, киімдерімді алмастырдым. Жұмысқа кірісер уақытта мені бүгіндікке алғаш байқаған адам қасыма келді. Тазалық дейгейі: жағасына май тамған кірлісұр жейде киген адам;толықтық деңгейі: кіндігінің шұңқыры көрінетінтолық адам. Және мен оның атын атамаймын, мен үшін ол: қасқабас. Қолындағы қызметкерлер тізімін алды да, қолсағатына бір қарады. Маған бүгін назар бұрған алғашқы адам болғанмен, амандаспады.

«Он сегіз минут өтті, СО-ФИ!»

Сөздерінің соңғы екпіні өте ауыр естілді, буынды да ерекше бөлді. Он сегіз-ақ минут, он сегіз сағат, не тәулік емес. Бұл екпін сондай күнәлі іс жасап қойғандай сезіндірді. Оның үстіне бұл алғашқы кешігуім. Бірақ мен оған ештеңе дегім келген жоқ. Себебі, оның өз есебі бар:

«Осы айда нешінші рет кешіктің, білесің бе? Сан жетпейді тіпті. Тағы қайталанса...»

Бір ғана сөз аузымнан шыққысы келді. «Бірақ» деп айтпақ болғанмен, ештеңені дәлелдеуге шыр-пыр болғым келмеді. Жалпы алғанда менің жұмыс істеп жүргеніме тек төрт күн ғана болды. Қасқабас интригалы аяқсыз сөздерін жалғауға ерінді ме, әлде ойын жеткізе алмады ма, әйтеуір бетіме қарап тұрып айқайлай бастады:

«Тез, бар да қоймадағы тауық етін қуыруға апар. Тез-тез, ширағырақ!»

Тұрған жерінде аузында жұтылып үлгермеген тамақ қалдықтарын сілекейлетіп төге сөйледі. Бәрі оның айқайлағанында ұртында сақталып қалатын тамақ қалдықтарының өздеріне ұшпауын тілейтін шығар. Бұл менің тілегіме айналатыны сөзсіз.

Дәліз бойымен қоймаға қарай асыға келе жатырмын. Алдымнан дәмхананың менен «жоғары қызметкерлері» шыға берді, көзқарастары да өзгермеді. Олар өздері тіпті ыдыс жуса да, еден жуса да деңгейлерін қоймадан тамақ таситын менен жоғары санайтынға ұқсайды. Сайып келгенде, қоймадан тамақ таситын менімен, кір жейдесін тастамайтын қасқабас екеуміздің еш айырмашылығымыз жоқ. Ол да, мен де – адам. Бірақ бәрі өздерін бір құдіретті адам санайтыны несі?!

Қойманың алдына келіп, қалтамнан кілтті іздей бастадым. Қалтамнан түсіріп алып, тез-тез еңкейіп жерден алдым. Айналама жалтақтап, құлыпқа кілтті әзер салдым. Кілттерді сықырлатып, бір айналдырып, одан екі айналдырып қойма құлпын аштым. Қойма ішіне жарық қондырылмаған. Бұл қасқабас қойма мен әжетханаларғаүнемшілдіктен жарық жалғамағанға ұқсайды. Мүмкін, қоймада жарықтан тамақ бұзылып, болмаса әжетханада адамдардың көздері шағылысып дұрыс дәрет сындыра алмай қалатын шығар.Кілтті құлып аузынан алмай, есікті ашық қалдырып, ішке кірдім.

Қара суық қойма ішінен ылғал ауадан бөлек шикі еттің иісі шығады. Қойма сөрелерінің бәрінде тамақтардың тізімі жазулы. Қуыстағы тоңазытқышта піспеген тауық еті, сиыр еті, қой және шошқа еттері сақтаулы. Оның бергі жағында арнайы жәшіктерде көкөністер мен жемістер. Ал алдымдағы сөрелерде басқа да тағамдар бір-бір қораптан жіктелген. Сөре-сөрені ашып қарап, орналасу ережесін еске сақтамақ болдым.

«Дұрыс, асықпай арала. Ал есік кілтеніп қалды».

Бейтаныс адам есік тұстан сөйледі. Есіктен түскен дәліз жарығының жоғалғанын байқамай қалыппын. Қараңғылықты аса ұнатпаймын. Дереу тоңазытқышты ашып, қолыма бір жәшік тауық етін алдым. Есікке жүгіріп барсам, тұтқасы жерде жатыр. Құлпы сынық екенін алғашқы жұмыс күнінен-ақ байқағанмен, қамалып қаламын деп ойламағанмын. Тіпті сол үшін де есікті ашық тастадым. Тауық етін жерге қойдым да, есікті шұқыладым. Тұтқа орнындағы кішкентай тесікке шынашағымды тығып, есікті өзіме тарттым. Негізішынашақпен оны аша алмайтынымды түсініп те тұрмын. Бәрібірмәселе тұтқада емес, құлыпта. Есікке жақындап,  дауысымды естіртіп, айқайладым:

«Қойманың есігі жабылып қалды. Эй! Кім бар?»

Қойманың жанынан өткен-кеткеннің дауысын ести қоймадым, тиісінше, менің дауысымды да ешкім естімегенін түсініп тұрмын.

Жанымдағы бірге қамалып қалған бейтаныс адамсөрелерге сүйкеніп тұр. Бейнесі анық байқалмайды.Бірақ өткен жұмыс күндерінен мен мұндай адамды байқамап едім. Маған қарай тұрып қалған ол, менің әрекеттерімді түсінбегендей:

«Неге айқайлап жатырсың?»

«Көмек сұрап жатырмын».

«Неге?»

«Тауық етін қуыру керек. Апармасам, жұмыстан шығамын».

«Сонда сен бұл жұмысты өте қатты жақсы көресің бе?»

Оның бұл сұрағына ойланып қалдым. Маған бұл қоймадан тамақ таситын жұмыс қатты ұнайды деп айта алмаймын. Оның үстіне мұндағылардың аларған көздері де жетерлік. Сондықтан бұл сұраққа шынайы жауап беруді шештім: «Жоқ».

Ол басын изеді де: «Бәсе».

Неге екенін қасымдағы тауық етін алдым да, тоңазытқыштағы орнына қайтадан салдым. Есік тұсқа келіп отырдым. Өткен-кеткен біреу болса, дауысымды естіртсем деп ойлағанмен, бұл қоймада ештеңе істемей отыра бергенді де жөн көріп отырмын. Қасымдағы адам көкөністер тұстағы сөрелер арасына қарай кетті. Үнсіз қалдық. Ойыма еміс-еміс бала кезім түсіп қояды. Бала шағымдағы сасық сарайға мені балалар ойнап қамап қойғанда, ойлайтын орындалмай кеткен қиялдарым мен армандарымды жиі еске алып тұрамын. Ол адам болса, осы ойларым мен үнсіздікті бұзып:

«Неге үндемейсің? Қорқып отырсың ба?»

Беретін жауап та жоқ. Мен өз ойларыммен арпалысқанды ұнататынымды, оның үстіне қараңғылықты жақтырмайтынымды да айтып жатқым келмеді. Ол тағы ойымды бөліп, сөрелер арасынан шығып:

«Алма жейсің бе? Тек шын жауап бер. Жейсің бе?»

Басымды изедім. Қолындағы алманы лақтырып жіберді. Қараңғыдан көздерім бұлдырап, алманы уысымнан жіберіп алдым. Домалаған алманы қасымдағы шаң басқан сөре астынан қолыма алып, киіміме сүртіп жатырмын. Ол аяқасты күле бастады. Басындағы жай күлкі кейін ессіз күлкіге айналды. Күлкісін әзер жинақтап:

«Өмірдегі мүмкіндіктер мен сені осы көрініспен өлшеп қарауға болады. Сен мүмкіндіктерді жіберіп алып, ластанып, шірігенде қолыңа алып, оны қайтаруға, пайдалануға тырысасың».

Оған алманы аузыма салған күйі қарап отырып қалдым. Қойма соншалықты оның түрін көре алмайтындай қараңғы емес, бірақ оның жүзі еш көрінбейді. Маған бұл сөздерді айтқан сондай ақылды адамның кім екенін қатты білгім келді: «Сен кімсің?»

Ол кішігірім кідірістер жасап:

«Мен ешкім емеспін. Мені танып саған керек те емес. Балалық шағыңды ойлап, менің сөздерімді ішіңнен қорытындылай берсең болады».

Ол адам ойын оқи ала ма, әлде мен байқамай ойларымды сыртқа шығарып алдым ба?Оның түрін көргім келді. Жүзіне үңілгім-ақ кеп барады. Ол теріс айналыпқуысқа қарай қайта сүңгіп кетті. Оны сөрелер арасынан көзбен іздей бастадым. Неге екенін, сонша үрейлендім бе, аяқтарымды жиып алып, тіземді құшақтап алдым. Қорыққаннан дауысым қарлығып:

«Сен мені қайдан танисың?»

Одан жауап болмады. Бұдан соң арамызда тағы бір тыныштық орнады. Оны көре алмадым, тіпті қарауға да қорықтым. Адамдар мен жайлы білуге ешқашан қызыққан емес. Менің ойларыма, менің армандарыма ешкім назар аударған емес. Бірақ ол менің ойымды оқып қойды. Және бұл мені шошытқанымен қоймай, қуантты да. Себебі, оған менің ойларыма бәрібір емес шығар. Үнсіздікті құртқым келді. Әдетте, бәрі менен қашады, жалтақтайды, мені жақтырмайды. Мүмкін, бұл менің жасан адам екенімнің белгісі шығар. Одан бұл жайлы сұрағым келді: «Қалай ойлайсың, мен жақсы адаммын ба?»

Сөрелер арасынан жөтел естілді. Менің сөздерімнен қақалып қалды ма, әлде күлкісі келді ме, білмедім. Көкөністер сақталған жақтан оның жауабы естілді:

«Өзіңді жақсы адаммын деп ойлайсың ба?»

Біраз естеліктерді есіме алып:

«Мен білмеймін. Мен ешкімге зиян келтірмеген сияқтымын».

«Бірақ сен рұқсатсыз алма жедің. Сен ұрлықшысың!»

Тағы бір кідіріп қалдым. Оның өз кінәсін еске салып:

«Сен алманы маған өзің бердің».

«Бірақ оны жеген сен. Саған оны жеуден бас тартуға болар еді».

Тағы қарқылдаған күлкі естілді. Ол мені кінәлі етіп шығарып, өзінің кінәсін есінен шығарды. Қатты күлкіден соң ол менің бұл күнәлі ісіме өзін сыбайлас күнәһар ретінде санамайтынын айтты. Менің бұл екі тістелген алма үшін маған өмірде қандай қайтарымдар болатынын да айтты. Жұқалап айтқанда, бір ғана алма мені қалай «күнәһар» еткенін жіктегендей болды. Мен неге екенін өзімді бұған кінәлі санай қоймадым. Ол бұл ойларымды біліп алғандай:

«Сен өз істегендеріңді мойындай алмасаң, өзіңді жақсы адаммын деп айтпағаның дұрыс болады».

Дәл осы сөздерден соң есімеосыдан екі жыл бұрынғы оқиғаларым келді. Мен ол кездері шіркеуге жиі баруға тырысатынмын. Ғибадат етуге арналған орында отырып, тордың арғы жағындағы бейтаныс шіркеу қызметкеріне сыр ақтарушы едім. Бастапқыда ондағы қараңғы атмосферадан шошынғанмен, артынша толықтай Құдай алдында ақтарыла бастадым. Өз күнәммен бетпе-бет келгендей сезімдер пайда болған сәтте өзім мойындағым келмейтін дүниелерді Құдайдан жасырып қалғым да келетін. Әрқашан күнәмді ақтарған соң тор терезенің арғы жағындағы күнәмді кешіруге ықпал етуші шіркеу қызметшісі «Софи, сізді Құдай жақсы көреді. Сіздің күнәларыңызды кешіреді. Тек шын сеніңіз» деп шығарып салатын. Ол кездері аздап клептоман болғаным бар. Ұсақ-түйекті көрсем, қалтама салмасам, тыныш тұра алмайтын да едім. Бірде сауда үйінен ұрлап әкеткен затым жайлы айтып жатып, «Мен оларды алғым келмейді. Бірақ адамдар, күнкөріс осылай етуіме ықпал етеді» дегенім сол еді, шіркеу қызметкерінің суық сөздерін ести бастадым. «Софи, сіз күнәңізді мойындауға келдіңіз. Сіз неге бұны басқалардан көресіз? Құдай мұндайды ұнатпайды» деп тарпа бас салғанда, демек, Құдай бұл күнәмді кешіруден бас тартты, не менің кінәм жоғын шіркеу қызметкері мойындай алмайды деп түйдім. Сол күнгі ғибадат етуден соң шіркеуге аяқ басқан емеспін. Бірақ неге екенін жағдайды дұрыс ұға алатын Құдайдың дінін іздеп сабылғаным да бар. Мені түсіне алатын Құдайды іздеп ақыры таба алмадым. Солай мен Құдайсыз адамға айналдым. Бірақ зат ұрлаудан өзімді тоқтатқандай болдым.

Дәл қазір ойланып қарасам, бейтаныс адамның айтқаны да осыған жақындайды. Бәрі маған ықпал етуге шебер де, айналып келгенде мені күнәһарға айналдыратындарына мен не істей аламын?! Мені күнәһар етуге тырысқандар, менімен тозақты бөлісуі де шарт емес пе? Бар білерім, менің күнәма ықпал еткендер ғана кінәлі. Дәл қазіргі алма оқиғасында барлық күнә оның мойнына жазылатыны сөзсіз!

Ойыммен естен қатып отырғанда, есік тарсылдай бастады. Арғы жақтан қасқабастың дауысы шығады. Даурығып, айқайлап жатыр.

«Софи, шық бол! Осында тығылып отырғаныңды білемін. Неғып отырсыңмелшиіп? Тамақ ұрлап жатырсың ба, а?! Аш, тез!»

Есікке түкіріктері шашырап жатқан шығар. Ол шамасы құлыпқа салынып тұрған кілтті көріп те тұрған жоқ. Әрине, мені кінәлағанды жақсы көреді ғой бәрі. Орнымнан жылжымастан, есік кілтеніп, тұтқа сынып, жерде жатқанын айттым. Қасқабас бұлданып тез есік ашатын біреуді табатынын, ал маған қоймадағы ешбір затқа тісімді тигізбеуімді айтты. Жерге тастаған алманы қалтама салып алдым. Бейтаныс адам қораптар арасынан мені аңдығандай, тағы тегін күле бастады да:

«Сен сондай нақұрыссың. Білесің бе, адамдардың ішіндегі ең нақұрысы сен. Әлемде нақұрыстар арасында байқау болса, мен сенің жеңуің үшін сені жарнамалап, адамдарға қандай нақұрыс екеніңді айқайлап айтушы едім!»

Менің бұған берер жауабым болмады. Мен жұмыс іздеуден шаршағаннан осылай істедім. Ал бір ғана алма үшін мен тағы жұмыс іздегім келмейді. Бұл адам мені нақұрысқа балағанмен, ештеңені түсінбейді және мен жайлы түк те білмейді.Ал мен оны білемін. Оның мені жек көретінін білемін. Жек көргеннен менің әр әрекетіме рахаттана күлетінін білемін. Ол күліп болған соң терең дем алуы менің әрекеттеріме аянышпен қарағанынан екенін білемін. Ол қазір тағы солай терең тыныс алды. Артынша қораптар арасынан шығып, алдыма кеп тоқтады. Мұндағы заттарға көзім үйренсе де, оның сұлбасының қоймадан да қараңғылығына көзім үйрене алмайды.

«Сен бала кезіңді көп ойлайсың. Неге сен кішкентай Софи армандаған Софи емессің?»

Маған ешкім ешқашан мұндай сұрақ қоймаған. Тіпті мұндай сұрақ қойса, не деп жауап беремін деп те ойланбаппын. Сұраққа дұрыс ойлануға тура келеді.

«Мен есейе келе армандарымды жоғалтып алдым...»

«Біреу армандарыңды тығып қойды деп ойлайсың ба?»

Бұл да ойланарлық сұрақ екен. Жауабым: «Жоқ...»

Бірақ...

«Иә!Ересекке айналғанда мен бастағы қиялдың бәрін жүзеге асырамын деп ойладым. Бірақ бұлай бола қоймады. Балалық армандарым есейген кезде мақсатқа айналмады. Басқалардың өмірінде еш шаруам болмаса да, айнала менің ойларымды тежеуге үмітті екенін білдім. Әлі де сол көрінбейтін қоршаулардың арасында қамалып отырмын. Сол қамалдан қашқым келеді. Тек қалай қашып, қайда тығыларымды білмеймін. Себебі, мен білмеймін: мен кіммін? Мені адамдар неге тұншықтыруға құмар? Мен кімге кедергімін? Олардың ойлағаны не? Мен білмеймін!»

Ол орнынан атып тұра маған айқайлай бастады. Дауысы қатқылданып, қаталдана түсті. Маған өте ашулы. Себебі, мен айтқан шындықты ол қабылдай алмады:

«Сен неге басқаларды кінәлайсың? Бәрі өзіңнің кесіріңнен болған нәрсе. Бұның бәрі сенің өмірдегі әрекеттеріңнің нәтижесі».

«Себебі, менің кінәм жоқ. Бәріне адамдар кінәлі. Олар мені бөтен көреді. Бәрі мені жек көргендіктен маған балалық армандарымның ішінде болған ұнайды. Мен басқалардан неге бөтен екенімді түсінбеймін! Олар сенетін Құдай да мені бөтен көреді. Мені сайтан да жек көретініне сенімдімін!»

«Дұрыс айтасың. Мен де сені жек көремін, нақұрыс!»

Бұл жауапқа деген реакциямды қалай жеткізсем болады? Біреу бетіме қара мұздай су төккендей, болмаса ішімдегі бар қорқыныш алқымымнан алып, «Бәрі бітті, Софи!» деп тұншықтырып жатқандай болды. Аяқ-қолым бір сәтке істен шыққан сияқты. Қозғала алмай, тек көздерімнен жастар аға түсті. Өзіңіз ойлаңызшы, қараңғы қойма ішіндегі бейтаныс адам сайтанмын деп айқайлайды. Мүмкін, қазір ол мені шынымен буындырып өлтіретін шығар. Оның дауысы қойманың бар бұрышында жаңғыра түсті: «Иә, мен сайтанмын. Ал сен менен өткен сайтансың, құрып кеткір!»

Бұл дауыстарды біреу естіп мені тез шығарып құтқарса болар еді. Шіркеуге баратын жылдарымда жиі ойлап, түңілетін сайтан менің қандай күнәһар екенімді бар дауысымен жар салып айтуы қандай қорқынышты көрініс! Күлкісін тыймастан:

«Адамдардың бәрі бірдей. Өз күнәсіне басқаларды кінәлайды. Мен саған алма бердім. Бірақ сен жемесең де болар еді. Сен ұрлық жасадың. Бірақ бұған кінәлі сайтан, бірақ адам емес. Адамдарша бұл сайтанның кесірі, иә?!»

Ентігін баса соңғы сөздерін айтты: «...Сағат 18:30-ға дейін дұғаңды оқи түс, Софи!»

Ащы күлкі дауысы құлағымда ерекше жаңғырды. Есіктің құлпы тырсылдады да, қойманың есігі айқара ашылды. Жарық түскенде сайтанның бейнесі жоғалып кетті. Қасқабас пен есік жөндеуші менің түрімнен шошып кетсе керек, қоймадан шығарып алды. Қалтамнан шығарып, қоймадағы еденге қойған алма қалдығын көрсетіп, ақталғандай сыбырладым: «Оны мен жеген жоқпын».

Менің алдымда келе жатқан қасқабас қолындағы қызметкерлер тізімінен менің атымды сызып: «Үйіңе қайт. Мұнда ендігәрі келме».

Айқайламады. Ешкім маған жабылмады. Бірақ дәлізде жылап келе жатқан маған бәрі аларып қарады. Бірақ бұл мені алаңдатпайды. Мені алаңдататыны «18:30». Менімен болған жан алғыш болар, мүмкін, сайтанның нақ өзі. Бұның бәрі көз алдыма елестеді дейін десем, оның күлкісі әлі құлағымда. Мен сайтанмен кездестім. Қандай күлкілі оқиға! Өз-өзіммен тарқылдай күліп дәмханадан шықтым. Өте күлкілі оқиға! Айналадағылардан сұраймын: «Мен сайтанды көрдім. Ол маған не айтты білесіңдер ме?»

Бәрі менен қаша түсті. Әрине, ешкімге мен маңызды емеспін. Ал мен сайтанмен тілдестім. Құрып кеткір, ешкімге бүгін кеште жаны ұшып, тәні өлетін Софидің сайтанмен тілдескені барлық адамдар үшін мүлде маңызды емес...

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы