Мұғалімдер неге ремонт жасап жүр?

10050
Adyrna.kz Telegram

Карантин кезінде мұғалімдер үйінде емес, мектепке барып жүр. Еліміздегі барлық аймақтың мұғалімдері қазір мектепке барып, түрлі шаруаларын атқаруға кірісті. Бірі осыған дейін жасалған ремонттан кейінгі сынып бөлмесін тазаласа, енді бірі өз қаражатына сынып бөлмесіне ремонт жасап жүр. Бұл қалай?

 «Атыңнан айналайын ҮКІМ ЕТ деген....Сенің арқаңда сыныбымды халықтың баласы үшін өз қаражатыма өзім жөндеп алдым.

Қызық!? Осы сыныптардың жөндеу жұмыстарына қанша қаражат бөлді екен?

Ол қай жерде қалды екен? Ол қаражатты санаған адам арзымаған ақша үшін шет елге кете қоймас...» деп жазды Түркістан облысының мұғалімі Света АЛПАМЫСОВА өзінің әлеуметтік желі парақшасында.

Бұл жазбаны оқи отырып, бірнеше сұрақтың құлағы қылтиды. Біріншіден, неге карантин кезінде мұғалім мектепте жүр? Екіншіден, карантинде мектепке барған мұғалімге сынып бөлмесін ремонттау не себепті жүктелген? Үшіншіден, неге ремонт жұмысы маусым, шілде айларында жасалып, бітпеген? Тамыз айы әр мұғалімнің жаңа оқу жылына дайындалуға тиіс уақыты емес пе? Ал ең басты сұрақ, не себепті мұғалім өз қаржысына сынып бөлмесін ремонттап жүр?

Света апайға хабарласып, мән жайды сұрамақ ниетіміз орындалмады. Бәлкім, ремонт жұмысы мен ешқашан бітпейтін мектептің қағазбасты шаруасынан мұршасы болмаған шығар.

Десек те, ең сорақысы, осы жазбаның астындағы кейбір пікірлердің жаға ұстатқаны болды.

«Өз қаражатыма демеңіз, айлығыңызға ай сайын надбавка бар ғой сыныпты ұстағаныңыз үшін» депті Алхимик Алхимик деген біреу. Әрине, бұл фейк. Бірақ сол фейктің артында қазіргі шіріп біткен жүйені қолдайтын бір пенденің отырғаны анық қой. Демек, жалақыға қосылатын әр тиынды осылай есептеп, осындай пікір білдіретіндер қоғамда әлі де жеткілікті. Сонымен қатар дәл осы пікірді Света апайдың жазбасына арнайы жолданған, жалдамалы адамның жазғаны да сөзсіз.

Сынып үшін берілетін бес мың теңгенің айналасындағы ақша мұғалімге әр оқушы үшін жауапкершілік жүктейтін ақша. Сабақ уақытындағы баламыздың амандығын мұғалімге тапсырамыз. Міне, сол үшін мемлекет ұстаздың жалақысына бес мыңның айналасындағы теңгені қосады.

Егер жоғарыдағы қисық пікірді мұғалім жазып отырса, онда арамызда соншалықты сауатсыз, соншалықты білімсіз адамдардың да ардақты «ұстаз» деген атты арқалап жүргені ғой, демек? Міне, осындай пікірдегі пенделердің кесірінен басқалары зардап шегуде.

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ ұстаздардың заңды құқығының тапталуына жол бермей, мына мәселе бойынша тиісті шара қолданады деп сенеміз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер