Праймериз халық арасындағы «менің депутатым кім?» деген сұрақтың жауабы болу керек – Әлібек Әлденей

3868
Adyrna.kz Telegram

Биыл тамыз айында басталатын «Nur Otan» партиясының праймеризі нағыз көшбасшыларды анықтауы тиіс. Сондай-ақ, халықтың «менің депутатым кім?» деген сауалына жауап бере алатындай жағдай орнатуы керек. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген онлайн-конференцияда партия хатшысы Әлібек Әлденей айтты.

Айта кетейік, бір топ белгілі белгілі қоғам белсенділерінің бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы осымен бірнеше рет zoom-конференция өткізіп үлгерді. Оған лигаға мүше болған қоғам белсенділері мен партия хатшылары қатысып келеді.
Партия ішінде праймериз өткізудің басты мақсаттары мен міндеттеріне тоқталған Әлібек Әлденей.
«Көп жағдайда – қандай да бір мәселеге қатысты дұрыс шешім қабылданғанның өзінде, егер сол шешімдерге жауапты адамдар өз ойларын ашық түсіндірмесе, халықты соған жұмылдыра алмаса, ол істің іске асуы екіталай. Сондықтан да, біз үшін праймериз – жауапты, кәсіби деңгейі жоғары, бәсекеге қабілетті, өз ойын еркін жеткізе алатын, халықтың арасында беделі бар, ашық негізде іріктеліп шыққан азаматтарды партиялық жұмысқа тарту. Яғни, ертең олар өз ауданының мәселелерін біле тұра шешу жолдарын өздері анықтап, халықпен бірге соны талқылап, мәслихатқа не Мәжіліске барған кезде ұсыныстарын айқын дәлелдер арқылы қорғап, іске асырылуын қадағалай алатын адамдар болуы керек», - деді Ә.Әлденей.
Қатысушылардың сөзінше, қазіргі депутаттар әлеуметтік желілер мен дәстүрлі БАҚ-тың өзінде жиі сынға ұшырай бастаған. Тұрғындар олардан жұмыстың нақты нәтижесін талап етіп халықпен сөйлесуін және маңызды сұрақтарды ашық көтеруін сұрауда.
«Осындай жағдайларды болдырмаудың бір тетігі – праймериз. Партияның атынан сайлауға түсу үшін кез-келген азамат праймериз арқылы өзінің өңірінде халықпен кездесіп, олардың проблемаларын біліп, тиісті жауапкершілік алып, сол сайлау берушілердің сөзіменен шығу керек. Сонда, болашақта халықтың көкейіндегі «менің депутатым кім?» деген сауал туындамайтын болар. Осындай жолмен сайланған азаматтар ертең жауапкершілікті сезініп, халықпен тығыз жұмыс істейді», - деді бұл мәселеге қатысты ойын түйіндеген Әлібек Әлденей.

 

“Адырна”  ұлттық порталы

Пікірлер