Адырна күнтізбесі: 1 тамыз - Ақан сері ескерткіші қойылған күн

264

1991 жылы 1 тамыз күні  Көкшетауда Ақан серінің ескерткіші қойылды. Айтулы күнде өздеріңізбен Ақан серінің аңызға айналған Балқадиша әнінің шығу тарихымен бөліскіміз келеді.

Ақан той-томалақтан тыйлып, үйінде отырған кезде «Ақан жынданып кетіпті, түн ортасында су перісімен ойнас қылып жүр» деген қауесет өршіп тұрады. Ақан шығармашылық дағдарыста жүрген осындай тұста, ол бір шілдеханаға шақырту алады. Тойда отырғанда Ақан отырған үйге тотыдайын сыланған Хадиша атты қыз келеді. Сол ауылдың ол ауылдағы Ыбырай деген ауқатты кісінің қызы екен. Бір кезде Хадиша: “Ақан ағамның қасына отырып ән тыңдайыншы”, - деп достық пейіл танытады. Сол кеш бойы Ақан мен Балқадиша сұлу әуезді ән шырқайды. Мұны естіген қыздың ағалары жеңгелерін жұмсап, Балқадишаның үйге қайтуын бұйырады. Сондай сәтте:

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боласың қандай жанға жар, Қадиша.

Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша

Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша,

Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша, - деп Ақан сері ұзақ әнге басқан екен.

Ақантанушылардың сөзінше, сері Балқадишаны шын ұнатқан, ал Қадиша Ақанның өзіне емес, әніне ғашық болған. Негізінде ол өзі сүйген жігітке тұрмысқа шығып, бірнеше перзенттің анасы атанып, бақытты ғұмыр кешкен деседі. Ал жасы елуден асқан Ақан атамыз ойын ашық айта алмай, іштен тынған екен.

Арқаның ақберен әншісі, қазақтың сұлу серісі Ақан әндерінің дүниеге келуіне себепкер болған нәзік жандылар мұнымен бітпейді. Одан бөлек, Ақтоқты да, сыған қызы да  мәңгілік өлмейтін әндерге арқау болған аңыз аруларымыз.

 

Аяулым ӘБІЛДА

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы