А. Цой: «Тағамыз-тақпаймыз», «қосамыз-қоспаймыз»

660

Әлеуметтік желілерде премьеринистрдің орынбасары Е. Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың шілденің отызы күнгі брифингте халықты жаппай маска тағуға міндеттеген талабы сынға алынды. Министрдің міндеттеуі бойынша еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін маска тағуы тиіс еді. Ал педиатрлар 2-3 жасқа дейінгі балаларға бетперде тағу қауіпті екенін бұған дейін талай ескерткен. Халықтың жаппай қарсы шыққанынан болар, министр А. Цой көп өтпей-ақ бұл талаптың ашық алаңда жаттығу жасаушылар мен ойнап жүрген балаларға қатысты еместігін айтыпты.

Шілденің 30 күнгі ОКҚ-дегі брифингте қоғамдық орындарда маска тағып жүруге байланысты журналистердің сәбилерге арналған масканы қайдан алуға болатыны жайлы сұрағына Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов дәріханалардан алатынын айтса, Денсаулық сақтау министрі А. Цой дәкеден жасап алуға болатынын айтып,  тәптіштеп үйреткен.

Денсаулық сақтау министрі сәбилердің маскатағуынан бәлендей мәселе көрмейді екен. Оның ойынша, үлкендерге арналған бетпердені сәбилерге шақтап немесе дәкені бірнеше рет орап та жасап алуға болады.

Пандемия басталғалы бері  шетелдік педиатрлар да, отандық педиатрлор да екі-үш жасқа дейінгі балалардың бетперде тағуы өте қауіпті екендігін ескертіп келеді. Маңғыстаулық дәрігерлердің айтуынша, үш жасқа толмаған балалардың тыныс алу жүйесінің физиологиялық ерекшелігіне байланысты бетперде тағу олардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін (https://www.lada.kz/).

Ал пандемияның бастапқы кезінде-ақ Жапонияның педиатрлар ассосациясы екі жасқа толмаған балаларға маска тағуға болмайтынын ескертсе, РФ Денсаулық сақтау министрлігінің Балалар денсаулығын сақтау орталығы үш жасқа толмаған балалардың маска тағуы денсаулыққа айтарлықтай кері әсерін тигізетінін айтқан.

Мамандардың пікірінше, бұл екі-үш жасқа дейінгі балалардың тыныс алу жолдары тым кішкентай, сол себептен маска демалуға кедергі келтіріп, тіпті тұншықтыруы мүмкін. Сондай-ақ маска жүрекке де артық күш түсіріп, ұйқышылдықты, мазасыздықты тудырып, тез шаршатады.

Тайландта перзентханаларда вирустың алдын алу үшін жаңа туған сәбилерге арналған арнайы қорғаныш-маскасын сыйға тартып отырған. Педиатрлар мұндай маскалар да балалар үшін өте қауіпті екендігін ескертеді.

Бұдан бөлек, 1 тамыз сағат 11.00-ге белгіленген ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің «Қазақстандағы COVID-19 және пневмония статистикасын біріктіру» мәселесіне байланысты баспасөз конференциясын да басталуына санаулы уақыт қалғанда дүйсенбі күнге ауыстырды. Конференцияның спикерлерінің қатарында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят, ДДСҰ Еуропалық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Доктор Каролин Кларинвал бар.

Еліміздің білдей Орталық комкоммуникациялар қызметі баспасөз конференциясын санаулы минуттарда кейінге шегергеніне қарағанда, мәселе әлі де шешімін таппаған сыңайлы.

Онсызда вирустан үрейі ұшып, ашуын сабырға жығып беріп отырған халық бір емес екі рет  сөзінен тайған министрдің бұл әрекетінен кейін еліміздің медицинасының сенімді қолда екендігіне күмәндана бастағандай.

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы