Қазақ халқына феминизм керек пе?

2523

Феминизм деген не?

  Әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік құқықтарын кеңейтуге бағытталған идеологиялар. Феминизмнің басты идеясы – қоғамның барлық саласында әйелдерге еркектермен тең мүмкіншіліктерді орнату.

   Біздің елімізде де соңғы жылдары феминистердің саны артып, ашық митингілерге де шығып жатыр. Ғасырлар бойы өзін ерінен бір саты төмен санаған қазақ халқы үшін феминизм керек пе? Феминизмді кім қалай түсінеді?

     Осыған дейін Баян Мақсатқызы әйелдер құқығын қорғайтын орталық ашқысы келетіндігін айтқан болатын. Себебі ол кісі де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандықтан осы мәселеге жіті ден салып араласқысы келетіндігін айтқан. Одан басқа тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзіп отырғандары мен көз жұмғандары қанша ма?

Бұл туралы кім не дейді?

Алпысбаева Орынтай. Көпбалалы ана.

     Кімді күйеуі ұрмады дейсіңдер. Бәрімізді ұрмады емес ұрды ғой. Шайтанның суына тойып алып келгенде артық сөйлеп қалсам қол көтеретін. Әйтпесе, аталарың олай көкала қойдай сабамапты. Ол кісі олай көп ішпейді. Сау кезінде жолдасымнан асқан жақсы адам жоқ. Осындай жақсы адамды қиып бір-екі рет қол көтергенге бола кетіп қалмадым. Ол кезде заман қазіргідей емес еді. Бірақ қазір жағдай тым қорқынышты. Әйелін қоймай бала-шағасымен бірге өртеп жіберіп жатқандар да бар екен. Құдай сақтасын. Мұндай есуастармен кәдімгідей күресу керек.

Сәуле Жақсылыққызы. Психолог

   Маған көмек сұрап күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен азғындардың құрбанына айналған қыздар қауымы көп келеді. Осының бәрін көре тұра феминизмді қалай қолдамайсың. Амал жоқ. Үйтіп қорлық көріп отыратын шама жоқ. Көмек сұрап келгендердің көбі психологиялық тұрғыдан өте нашар хәлде болады. Кейде шыдай алмай өздерін тастап қол жұмсайтындары да бар. Қолымнан келгенше көмегімді аямаймын. Күйеуінен зәбір көргендер жаңа өмір бастауға  икемдеу оңайырақ. Ал азғындардың азығына айналып, жастайынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған қыздар қауымына көмек көрсетіп, бұның өткінші екенін түсіндіру қиынырақ. Сол себепті еркектермен бірдей болып иық тіреспесек те, аман-есен жүре алатындай болсақ екен.

Талғат Аманжолов. Мұғалім

    Феминизм орнасын. Мен қарсы емеспін. Әйелдер мен еркектердің құқықтары тең болсын. Еркектер де әйелдер сияқты ертерек зейнетақы алсын. Жақсы емес пе?! Мен қолдаймын. Бірақ әйелдер үшін қорқамын. Еркектермен құқығымыз тең болсын деп жүргенде бар мүмкіндіктеріңізден айырылып қаласыздар ма деп. Қыз баланы о бастан сыйлап үйренген едік. Феминиз орнаса осындай сыйластықтың иісін де сезбей қалуларыңыз мүмкін ғой. Мен таң қаламын,сонда әйелдер қауымы еркектердің жұмысын істеуге дайын ба екен?

Ақбота Нұрғали. Студент.

      Елімізде феминизмнің орнамайтынын білсем де, орнағанын қатты қалаймын. Иә, мен феминисткамын. Әйелдердің құқығы еркектермен тең болғанын қалаймын. Жылдар сайын саны артып жатқан қыз зорлау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны азайса екен. Өз елімде емін еркін ешкімнен қорықпай өмір сүргім келеді. Бір күні әйтеуір бәрі оңалар.

Айнұр Сырымқызы. Медбике

Феминизм біздің қоғамға жат. Бірақ соның ішінде қолдайтын тұстарым бар. Қанша арыстанды айға апарсаң да еркектермен бірдей бола алмайсың. Ол анық. Ал еркектерден зәбір  көріп отрыған әйелдердің құқықтарын қорғап,алдын алу мақсатында бірталай жұмыстарды атқару керек. Жазықсыздан жазықсыз жастайынан тағдырына балта шабылып жатқан қыздар қанша ма? Ондайға жол бермеу керек. Феминизмнің осы тұсы бізге керек.

Лаура ТҰРСЫНЖАН, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктес/Партнер
Студия IMA - создание сайтов