Аймағамбетовпен алысқанша, бәлевируспен алыссаңдаршы!

8827
Adyrna.kz Telegram

Соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары Асхат Аймағамбетов туралы жарыса жазуда. Естеріңізде болса, министрдің диссертациялық жұмысынан шикілік табылып, соңы дауға ұласқан еді.  «Адырна» ұлттық порталы Аймағамбетов туралы желілерде жазылған пікірлерді жинақтады.

Қыдырәлі БОЛМАНОВ:

Әлемдегі ең маңызды министрлік - Білім және ғылым министрлігі. Осы екеуі түзелсе ғана қалғаны түзелмек! Қазақ елінің бәрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бауырымызды жүз пайыз қолдайды. Үстімізде Алла бар!

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ:

«Әліппеміз» бен «Ана тілін» қайтарып берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовте қай әкелеріңнің ақысы кетті, айтыңдаршы маған, айналып кетейіндер!? Сендерге ешкім жақпады-ау... Дәл қазір 37 жыл қайта келсе, Аймағамбетовты отбасымен құртып жіберуге дайын отырсыңдар ғой тегі... Сендердің пейілдерің мен ниеттеріңнен қорқайын дедім. Аймағамбетовпен алысқанша, бәлевируспен алыссаңдаршы!

Мұхтар ТАЙЖАН:

Білім министрі Асхат Аймағамбетов орнында қалу керек деп санаймын, достар. Жас болса да ойлы, тәжірибелі жігіт. Білім саласын нақты қалай арттыру керек екенін жоспары бар. Әліппені қайтарып отыр, үш тұғырлы тіл деген пәледен бас тартып жатыр, қазақ тарихын қайта енгізіп отыр. Бұндай жас және сауатты министрлерге 5 жылдай уақыт беру керек деп ойлаймын. Саланың жетекшісі болған соң өз жоспарын жүзеге асырсын, ал оған уақыт керек. Білім министрлерін жыл сайын ауыстыруды доғару керек. Әйтпесе балалар мен ата-аналар, студенттер, білім жүйенің логикасыз реформаларынан әбден шаршады.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ:

Асхат Аймағамбетов секілді аз ғана уақыттың ішінде мұншалық деңгейде ел ықыласына бөленген басқа министр жоқ шығар. Халық оны кешеден бері жапай қолдап жатыр. Маған оның зиялылығы мен қарапайымдылығы, мәселені популизмге немесе әлеуметтік желіден соққан желге қарай емес, ұзақ мерзімді жемісті нәтижеге қарай шешуге талпынатындығы ұнайды. Жұмыс істеуіне кедергі келтірмей мүмкіншілік берілсе, білім, ғылым саласында тыңғылықты талай реформа жасайтындығына сенемін.

Баян АЛАГӨЗОВА:

 

Соңғы күндері Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде жиі талқыланатын тұлғаға айналды. Карантин кезінде біз 3 министр туралы ғана көп естиміз, десе де жас министрдің ісі мені де қызықтырды. Ол сонша не бүлдіріп үлгерді? Аймағамбетов бір жыл бұрын келсе де, бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының директорларын ауыстырды, дипломдарды былай да былай басып шығаратын жеке университеттерді әшкереледі, олардың 40-ы мемлекеттік гранттардан айырылды, ғалымдарға деген талапты күшейтіп үлгерді, Әліппе мен Ана тілін қайтарды. Енді сұрақ: Асхат Қанатұлы қанша беделді адамның тынысын тарылтып, жолдарын кесіп өтті?

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ:

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің оқу бағдарламасына "Әліппе" мен "Ана тілін" қайтарғанына қуанышымда шек жоқ. 2002-жылдан еңбек жолын бастағаннан бері білім саласында жүрген Асхаттай министрдің қазіргі білім саласына жасап жатқан еңбегі мен өзгерістеріне жеке басым дән ризамын! Өзі осы салада 20 жылдай еңбек еткеннен кейін, білім саласында болып жатқан келеңсіздіктерді байқап, аз уақыттың ішінде жемістерімен бізді қуантып жатқан көрегенділігіне тәнтімін

Ләззат КЕНДЕБАЙҚЫЗЫ:

Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын?! Танымасам да, білім саласына онша қатысым болмаса да, А.Аймағамбетов мырзаға халықпен бірге тілеулеспін. Халықтың қолдауы-аз уақыттың ішінде болса да, ел үшін еткен еңбегі зая кеткен жоқ деген сөз ғой. Осыдан артық қандай баға керек?! Халықтың ықыласын,  шынайы бағасын ақшаға да, ат басындай алтынға да сатып алу мүмкін емес! Халыққа тап қазір  керегі- оның диссертациясының дұрыс-бұрыстығы емес, жұмыстың көзін тауып, істеуі.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР:

Көз алдымызда Асхат Аймағамбетов деген тұлға туды. Енді ол қызметінен кетсе де, кетпесе де - халықтың ұлы. Мұндай абырой отыз жыл билік сахнасынан түспей жүрген ешбір шал-кемпірде жоқ.

Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ:

Біз білетін Асхат Аймағамбетов - өз ісінің маманы. Нағыз мұғалім. Мектеп проблемасының азаюына тікелей адал күшін қосқан, мұғалімдердің үніне құлақ асқан, мұғалімдер ортасынан табыла білген, білім саласының нағыз МИНИСТРІ. Барлық министрлерге үлгі болған министр. Ел басына күн туған кезде де білім саласы тоқырап қалған жоқ. Мұғалімдермен, ата-аналармен жиі қарым-қатынасқа  түсті. Қиын сәтте де онлайн байланыста болып, мұғалімдер жүрегіне сенім ұялата білді.

Құрметті оқырман, ал сіз министрдің өз қызметінде қалғанын қолдайсыз ба? 


Диана АСАНОВА, «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер