Цифрлық даму министрі Жұмағалиев қызметінен кетті

1573

Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылды", - делінген хабарламада.

Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев 1972 жылы Ресей Федерациясының  Орынбор облысында дүниеге келген.

Свердлов Суворов әскери училищесін тәмамдаған.  Радиобайланыс, радиотарату және теледидар мамандығы бойынша Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқыды. Қазақ гуманитарлық-заң университетінде "Құқықтану" мамандығы бойынша екінші жоғары білімін алған.

Орыс, қазақ және ағылшын тілдерін біледі.

Еңбек жолын 1996 жылы "Жарық" ЖШС бас директоры қызметінен бастады.

Бұл қызметке дейін  "Телекоммуникациялық трафик биллингі республикалық орталығының" басқарма басшысы, "Қазақтелеком" АҚ-ның президенті,  Премьер-министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметтерін атқарды.

Естеріңізге сала кетсек, бұл министрлік телекоммуникация және байланыс, электронды өнеркәсіп, электронды үкімет және мемлекеттік қызметтер, аэроғарыш өнеркәсібі, ақпараттық қауіпсіздік, геодезия және картография сияқты салаларымен айналысады.

Асқар Жұмағалиев ел ішінде билік басында ұзақ жыл қызмет еткен шенділердің бірі  Қайрат Мәмидің күйеу баласы ретінде танымал. Қайрат Мәми 2017 жылдан бері Конституциялық кеңстің төрағасы қызметін атқарады.

Жасұлан Наурызәлі,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы