Меконг аймағы індетті қалай жеңді?

1026

Әлемдік басылымдар Тайланд, Вьетнам сынды елдердің COVID-19 індетін еңсеріп, өз территориясында түбегейлі жойғанын жарыса жазуда. Індеттің негізгі ошағы – Қытайдың іргесінде орналасуы мен сырт мемлекеттерден туристер ағылып келетініне, сондай-ақ халық тығыздығына қарамастан бұл мемлекеттерде вирус жұқтырып тіркелгендер саны өте аз. Аталған мемлекеттерде жағдай мамыр айының басынан бастап тұрақталып, халық қалыпты өмірге қайта оралған.

Тайландта жыл басынан бері барлығы 3240 жағдай тіркеліп, оның 58-і қайтыс болған, жеті аптадан бері вирус жұқтырған адам тіркелмеген, ал Вьетнамда – 372 азамат тіркеліп, қайғылы жағдай орын алмаған, 3 айдан бері бұл елде жағдай оңалып, ешқандай науқас тіркелмеген, Мьянмада – 340 адам ауырып, 6-уы қайтыс болған, Камбоджада – 171 , Лаоста – 19 жағдай тіркеліп, адам шығынынсыз вирусты толықтай жеңіп шыққан.

«Жергілікті халықтың мәдениеті мен сәлемдесу ерекшеліктеріне байланысты ма? Әлде, тайландтықтар вирустың жайын ертерек біліп, жаппай бетперде кие бастады ма? Меконг бассейні елдері мен тайлардың иммундық жүйесінде коронавирусқа қарсы генетикалық компонент бар ма? Немесе 70 миллион халқы бар елді осы фактордан оқшаулаудың қандай даалхимиясы бар ма екен - деп сауал қояды The New York Times.

Тайланд Денсаулық сақтау министрі Тавизин Висануйотин мұны генетика мен иммундық жүйенің мықтылығымен емес, жергілікті халықтың мәдениетімен байланыстырады: «Бұл біздің мәдениетімізбен байланысты. Тайлардың сәлемдесуінде дене байланысы жоқ. Меконг аймағының өзге елдері де бір-бірімен солай сәлемдеседі».

Тайландта ең алғаш короновирус инфекциясын жұқтырған адам қаңтар айында тіркелген еді. Ол Уханнан барған турист болатын. Бұдан кейін Жапония, Еуропа, АҚШ-тан барған туристерден табылған. Наурыз айында елге карантин режимін енгізген соң, бұл вирус тек шетелдік туристерден шыққан.

Тайландтың оңтүстігіндегі Паттанидегі коронавирустың өршуін зерттеуші Бангкоктағы Чулалонгкорн университетінің қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі сарапшысы доктор Випут Фулчароен вирус жұқтырғандардың 90 пайыздан астамы симптомсыз болғанын айтады.

Доктор Випут The New York Times-те Оңтүстік-Шығыс Азияның осы бөлігіндегі тайлар мен басқа да елдер өзге континенттерден келген вирустардан гөрі, масалар арқылы тасымалданатын денге безгегінен қатты зардап шеккенін айта келіп: «Егер денге безгегіне иммундық жүйе төтеп бере алмаса, біздің иммундық жүйеміздің Covid-ті де жеңеалмайтынын білдірмейді,» - дейді.

Ауруханаларда вируспен арпалысып жатқандардың сейілгеніне біршаама уақыт болғанына қарамастан, Тайландтың экономикалық жағдайы күрт құлдырап кеткен.

Тайландтық туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, туризм арқылы экономикасын жақсартып отырған бұл ел сәуір айынан бастап, ішкі рейстерді де тоқтатуы салдарынан жыл соңында кәсіпорындар мен қонақ үйлердің 60 пайызынан айрылуы мүмкін. Дүниежүзілік банк 2020 жылы 8 миллионнан астам таиландтық табысынан айрылатынын хабарлаған.

Жағдай бір қалыпқа түскендіктен, мектептер ашылып, балалар бетперде тағып сабаққа бара бастаған. Сондай-ақ келген туристер вирус тасымалдауы мүмкін екендігіне қарамастан, Тайланд бүгінде шет елден қонақ қабылдауды бастап қойған.

Әлемдік деңгейдегі глобалистер мен инвесторлар ерекше бағалайтын Вьетнам да індетті аз уақытта ауыздықтай алған. 100 миллионға жуық халқы бар бұл мемлекет ақпан айында,  вирустың таралуы қатты өршіген алғашқы сәттерінде-ақ өз шекарасын жауып қойған. Бұл тұрғыда Вьетнам індет таралымы басталған Қытайдан да ертерек әрекет еткенін айта кеткен жөн. Samsung секілді оңтүстіккореялық алпауыт компанияларға шикізаттың сырттан келуін тежейтіндігіне қарамастан, бірпартиялы Вьетнам билігі сыртқы қатынасты қатаң түрде тоқтатуды бұйырған. Нәтижесінде бұл ел осы жылы ЖІӨ өнімі өсуі мүмкін аз ғана мемлекеттердің қатарына еніп отыр.

Вьетнамдағы Қазақстан елшісі Ерлан Байжанов Facebook парақшасында Вьетнамның індетті қалай тез жеңуге сеп болған бірнеше факторды атап өтеді:

- Біріншіден, вьетнамдықтар санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды сақтай алды. Қытаймен көршілес, құс тұмауы немесе атипиялық пневмония сияқты аурулар туралы жаңалықтар мезгіл-мезгілімен келетін вьетнамдықтар осы қызметті барынша нығайта алған. 2003 жылы олар SARS-COV деп аталатын атипиялық пневмонияның өршуіне қарсы тәжірибе жинақтады. Сол кезде 68 адам ауырған болатын,әйтсе де, Вьетнам тиімді инфекциялық бақылауды қамтамасыз ете отырып, ең бірінші болып ауруды еңсере алды.

- Екінші фактор медицинаға емес, жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік ұйымдарынабайланысты. Вьетнамда ежелгі заманнан бері "староста" институты сақталған. Әр ауылда, округте, қалалық кварталда тұрғындардың күнделікті тіршілігіндегі барлық мәселелерді шешуге қатысатын және барлық істерден хабардар  құрметті адам, ақсақалдар бар. Бұдан бөлек, тәртіпті қадағалайтын мұндай старосталар қоғамдық қауіпсіздік органдарының штатында есепте тұрады.

Дәл осы адамдардың арқасында (бұл қоғамдық өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды элементі) инфекцияланған азаматтар ғана емес, олармен байланыста болған адамдардың барлығы да тез анықталып, оқшауланды.

Елшінің айтуынша вирусты жоюға әсер еткен үшінші фактор – вирус тасымалдаушыларды қатаң оқшаулап, аумақтарды зарарсыздандырған Қоғамдық қауіпсіздік министрілігінің құрылымдарының қуаттылығы, төртінші кезекте тәртіп, сана, өзін-өзі бақылау сияқты қасиеттерді қамтитын вьетнамдықтардың менталитеті, ал бесінші санатта – Вьетнам эпидемияға қарсы ресурстармен барынша қамтамасыз етілген. Е. Байжанов осы факторларды айта келіп: «Соғысқа дайындалғандай» дайындық екеніне сенімдімін. Қандай жағдайда да кез келген қорғаныс құралдары мен препараттарды дәріханалардан сатып алуға болады, ал бетпердені емханалар мен супермаркеттер тегін таратады,» - дейді.

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы