Еңбек демалысымды қашан аламын?

3524
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта Павлодар облысы Екібастұз қаласының ұстаздар қауымынан "Адырнаға" шағым жиілеп тұр. Хабарласушылардың көбі аты-жөндерін атағысы келмейді. Шағым көп болғанымен, тақырып біреу: еңбек демалысы төлемі мен зейнетақы аударымдарының дұрыс еместігі.
Таяуда "Адырна" поштасына тағы бір хат түсті. Мәтіні төмендегідей:

"Мен Екібастұз қаласына қарасты бұрынғы Қарасу, қазіргі Бесқауға орта мектебінің мұғалімімін. Осы жылғы еңбек демалысына маусым айының бірі күні шықтым. Алайда сол күннен бері бір жарым айға жуық уақыт болса да, әлі күнге еңбек демалысының ақысын түгел ала алмай отырмын. Мектеп басшысына хабарласып, мәселені шешіп беруді сұрадық. Өкінішке қарай, мектеп басшысы бар кінәні мектептің бухгалтериясына аударып, мардымды жауап бермейді. Директордың айтуынша, бұрынғы есепшіміз ақшаны дұрыс есептемей, соның салдарынан мұғалімдерге артық ақша салып жіберіпті. Директор сол ақшаны кері қайтарыңдар, сонда ғана отпускнойларыңды аласыңдар деп отыр. Есепшінің жіберген қателігі үшін біз неге зардап шегуіміз керек? отпускной ақшамыздың өзі дұрыс есептелмеген. Аз шыққан. Сол аз шыққан ақшаның өзін түгел ала алмай отырмыз. Өзімнің есебім бойынша шамамен 130 мың теңгедей ақшам түспеген. Осы мәселе бойынша тексеру жүргізіліп, былықтың беті ашылса деймін. Жылына бір рет алатын отпускной ақшамыздың ырың жырыңын шығарған адамдардың жауап беруін сұраймын. Осы ақшаға сеніп едік. Өкінішке қарай, ырың жырыңы шыққан ақшамыздың жұлымы шықты да, енді қарызға батып, түк бітірмеген күйі қалып отырмын. Есепші отпускнойға қанша ақша шыққаны туралы квиток та бермей отыр. Бұл қалай болғаны? Бұл ақша біздің маңдай терімізбен келген ақшамыз ғой?! Неге бұлай ырың жырыңын шығарады? Бұл аздай, соңғы жарты жылдық зейнетақы қорына түсуге тиіс жарнамыз да салынбапты. Банкке кредит сұрап барып, осыны білдік. Бұл былықтың бәріне кім жауап береді? Неге біз бұлай зардап шегуіміз керек? Білім министрі Асхат Аймағамбетов те егер отпускной ақысында проблема болса, жауапқа тартатынын мәлімдеген еді. Олай болса, біздің мектептегі бұл мәселе бойынша да кінәлі адамдардың жауап беруін сұраймын".

Редакцияның зерттеуі нәтижесінде хатта аталған мәліметтер ішінара расталды, яғни, жалақыны артық есептеу фактілерінің орын алғанын, аталған мектепте одан бері бухгалтерлер ауысып, мәселенің реттеліп жатқанын білдік. Десе де бұдан әрі біз бұл мәселеге орай Павлодар облыстық білім басқармасынан ресми түсініктеме күтеміз.
Хат авторының электронды поштасы, байланыс мәліметтері редакцияда.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер