Аурухана былығын әшкерелеген дәрігер жұмыстан қуылды (Видео)

7918
Adyrna.kz Telegram

Бірнеше күн бұрын  Түркістан облысының хирург-дәрігері  әлеуметтік желіде ота жасауға арналған қолғаптардың сапасы тым нашар екенін жариялаған еді. Қазір сол Қайрат Сейдуалиев есімді дәрігердің жұмыстан қуылғаны белгілі болып отыр. Бұл туралы "Otyrar news" хабарлады.

Түркістан облысы,  Келес ауданының орталығы Абайдағы аудандық ауруханасында қызмет ететін хирург-дәрігер Қайрат Сейдуалиев ота жасауға берілген қолғаптың сапасыз екенін айтып, оны кимек болып әлектенген сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.

"Қазнетте" қызу талқыланған бұл видеодан соң аурухана қызметкері жұмыстан босатылған.

Дәрігер 8 жыл бұрын "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен жұмысқа келген. Оған қоса 7 жыл бойы хирургия бөлімінің меңгерушісі болған.  33 жастағы дәрігердің айтуынша, 2020 жылдың ақпанында жаңа басшылық тағайындалғалы бері оны себепсіз қудалаумен қатар, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық жиілеп кеткен.

 

Қайрат Сейдуалиев, хирург-дәрігер: 

«Сапасы жағынан өте төмен, тіпті талапқа сай емес қолғаптардың жарамсыз екенін көрсеткенім үшін аурухана басшылығы – бас дәрігері, бас дәрігердің орынбасары, кадр бөлімінің басшысы, заңгері, аурухананың кәсіподақ төрағасы, сондай-ақ олардың мүшелері – 10 шақты адам маған қарсы хаттама жасап, мені бұйрықпен жұмыстан босатты. Бұйрықты қолыма 3 минуттың ішінде әкеп берді. Мен аурухана басшыларынан материалдық көмек сұраған жоқпын, коронавирус пандемиясынан  қорғану үшін сапалы қолғап сұрадым. Өзім қарапайым дәрігермін, сонда ақшасы жоқ, танысы жоқ, туысы жоқ дәрігерлер осындай қысымға ұшырай беруі керек па? Әділдік қайда? Заң қайда?».

 

Ал аурухананың бас дәрігері қызметкерінің жұмыстан босатылуына бірнеше себеп болды деп отыр. Айтуынша, дәрігер жалған ақпарат таратқан. Оған қоса науқастар  тарапынан түскен арызға байланысты арнайы комиссия оны жұмыстан шығаруға мәжбүр болыпты.

Аида Бексұлтанова, «Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері: 

«Қайрат Сейдуалиев емханада қолғаптардың түрлі өлшемдері болса да емхана меңгерушісі мен аға мейірбикеден сұрамай, өзінің жеңіл мінезімен бізге жала жауып, әлеуметтік желі арқылы таратып жіберген. Оған қоса ол 2020 жылдың ақпан айында тәртіп сақтамағаны үшін ескерту алды. 2020 жылдың 30 наурызында бұл дәрігердің үстінен науқасты қарамай, 3 сағат көлемінде көмек көрсетілмегені туралы арыз түскен».

 

Комиссияның мұндай  шешімімен келіспеген хирург енді Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен бас дәрігерді өзін жалған жаламен жұмыстан қуды деп Президентке арыздануға бекініп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер