Еңбекақысын қайтарып алған. Жамбылдық дәрігер видеоүндеу жасады (видео)

3085
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл облысы, Жуалы ауданы орталық ауруханасына қарасты Фарида Жанбатырова атты емхана қызметкері видеоүндеу жасады. 

Емхана қызметкері  карантин кезінде індеттің алдын алу шараларына байланысты бірінші бекетте рентген лаборант болып жұмыс істеген. Емхана басшылығы қызметкерлерге берілетін қосымша еңбекақыны қайтаруды талап еткен.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа!

Мен,  Жанбатырова Фарида Қанатбекқызы 1995 жылдан бері Жуалы ауданы орталық ауруханасына қарасты емханада рентген-лаборант болып қызмет атқарамын. 2020 жылдың сәуір айынан бастап ауруханаға кіреберіс жердегі бірінші бекетте таңғы сағат 07:30-дан кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істедім. Сәуір айында есепшотымызға айлығымызға қосымша ретінде үкіметтен 160 мың теңге түсті. Оған көп-көп рақмет айтамын. Енді біздің емхана басшылары осы 160 мың теңгенің 39 мың теңгесін қайтаруымызды талап етті. "Неге" деп сұрақ қойғанымда  "Жоғарыдағы басшылардың талабы, соларға қайтарып береміз" деді. Бекетте отырған барлық қызметкерден осындай жолмен ақшаны  жинап алды. Мен де сол ақшаны өз қолыммен кассир Эльмираға апарып беруге мәжбүр болдым. Май (мамыр) айында коронавирус індетіне байланысты айлықтан бөлек қосымша 200 мың теңге түсті. Ақша түскеннен кейін, бас дәрігердің орынбасары Абзал Дәулетбайұлы Байтөреев кабинетіне қызметкерлерді жеке-жеке шақырып, соның ішінде мені де шақырып, 200 мың теңге түсетінін, оның 150 мың теңгесін қайтарып беруін талап етті. Мен 150 мың теңгені қайтармағандықтан, 26 маусымнан (26.06. 2020ж)  бастап мені бекеттен алып тастады" деп үндеу жасады.

Дәрігер осы істі әділ тексеріп, кінәлілердің жазалануын, жұмысына қайта оралып, маңдай терімен тапқан ақшасын қайтаруын сұрайды.

Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Алдағы ауқытта істің анық-қанығы жайлы ақпарат беретін боламыз.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер