Түркияға қоныс аударған Мәншүк: «Елге қайта оралу жоспарымда жоқ»

5650
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта шетелге қоныс аударып, елден кеткендер саны уақыт өткен сайын артуда. Бұрын шетел асқандар өзге ұлт өкілдері екен деп, өзімізді жұбатқандай болатынбыз. Алайда соңғы уақытта өзге елге біржолата кетушілердің санын  еңбекке жарамды жастар құрап отыр. Қазақстанда әр адамның өмір сүруіне жағдай жасалып, заң талаптары бәріне ортақ күшке ие болса, жұмыссыздық, жетіспеушілік, үйсіз қаңғушылық секілді проблемалар шешілсе, ешкімнің де өз елін тастап кетпесі анық.  Мәншүк ЖӘЛЕЛМЕН болған сұхбатымыздан осыны аңғару қиын болмас.  Мәншүк елге танымал, мықты журналист, өкінішке қарай таяуда ғана дүние салған  Жасұлан КӨЖЕКОВТІҢ жары.  

-        Қайырлы күн, Мәншүк! Бізге сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

-        Атырау қаласының тумасымын. Алматы энергетика университетінде ақпараттық технологиялар бойынша білім алдым. Университетті 1999-2000 жылдары бітіріп, мамандығым бойынша ірі мұнай саласындағы шетелдік компанияларда қызмет еттім. Отбасын құрғаннан кейін жолдасым екеуміз 2015 жылға дейін Астанада тұрдық (қазіргі Нұр-Сұлтан). Жолдасым Жасұлан Көжеков Қазақстандағы белгілі журналист. Атырауда Облыстық телеарнада басшылық қызмет атқарған. Одан бөлек "Atyrau Today" газетінің , "Atyraunews.com" порталының құрушысы, "Ақ Жайық", Астанада "Личный счет", "Азаттық Радиосында" журналист болып жұмыс істеген.

-        Түркияға қоныс аударғаныңызға неше жыл болды?

-        Түркияға 2017 жылы көшіп келдік. Содан бері Анталия қаласында тұрып жатырмыз.

-        “Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар” демекші, көшуге де бір себеп болған шығар? Көшудегі мақсатыңыз не?

-        Басты себеп - кенжеміз Русланның аутизм дертімен ауыратыны. Дәлірек айтсам, баламыз жоғары функционалды аутизмге шалдыққан. Қазақстанның қай мектебіне апарсақ та, мектептер менің баламды оқыта алмады. Себебі білім беру жүйесі инклюзивті білім беруге дайын болмай шықты. Аутист баланы оқытуға мұғалімдер де мүдделі болмады. Әйтеуір, үлгерімі де, тәртібі де жақсы сыныпқа ауысып кетуге асығып тұратын еді.

Ал мұндай балалар ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ол да қоғамның бір мүшесі ретінде көпшілікпен біріге отырып дамуға құқылы. Қазақстанда мұндай мүмкіндікті көре алмадық. Министрліктен де білім беруге қатысты айтарлықтай көмек болған жоқ. Қазір ғой кішкене бір өзгерістер жасалып жатқаны. Ол кезде Қазақстандағы білім беру жүйесі бізді қанағаттандырмаған соң, біз шетелге кетуге бел байладық.

Көшетін мемлекетті жан-жақты іздеп, Европа мемлекеттерін де қарастырдық. Бірақ кейбір мемлекеттерде өмір сүру қымбатқа түседі екен. Соңында түркі тектес халық, өзімізге жақын деп, бар жүгімізді бір мәшинеге тиеп, Түркияға жолға шықтық.

-        Көшу процесі қалай болды? Көшу кезінде қандай қиындықтар бар?

-        Құжаттармен біраз шаруалары бар. Оларды қиындық демес едім. Бірақ көшу кезінде болатын шығындарға дайын болу керек. Машинамен келсе, әсіресе. Себебі жолда кез келген жағдай болуы мүмкін. Жолда жанармай, тамақ деген секілді қосымша шығындар бар.

-        Көшу кезінде мемлекеттен, дос-жараннан қандай да бір көмек болды ма?

-        Сырттан айтарлықтай көмек болды деп айта алмаймын. Барлық шығын өз тарапымыздан төленді. Бірақ Анталияға барғанда Анталиядағы қазақ қоғамының төрайымы Ақмарал апай бізге үй жалдап, балаларды мектепке орналастыруға көп көмектесті.

-        Анталияға келгенде мамандықтарыңыз бойынша бірден жұмыс тауып кете алдыңыздар ма?

-        Келген соң біз жұмыс жасау туралы емес, қалаға орналасып, елге сіңісіп, тіл үйреніп, балаларды мектепке орналастырумен айналыстық. Бұған дейін өзіміздің жинаған қорымыз болды. Алғашында сол қаржыға өмір сүрдік.

-        Қазір мамандығыңыз бойынша жұмыс жасайсыз ба?

-        Жоқ. Қазіргі таңда блогерлікпен айналысамын. Табысым айтарлықтай үлкен демеймін. Алайда ел қатарлы табыс тауып жатқан жайымыз бар. Жолдасым екеумізді үнемі интернетте қазақша контентті дамыту ісі қатты қызықтыратын. Сөйтіп екеуміз қазақша блог жүргізе бастадық. Өзіміз Түркияда тұратындықтан, осында көшіп келу, үй сатып алу, мектепке орналасу, университетке түсу туралы посттар жаза бастадық. Адамдарға осы процестер бойынша қызмет көрсетемін, консультация жүргіземін.

-        Иә, парақшаңыздан білім беруге қатысты ауыз толтырып айтарлықтай, өте сапалы ақпараттар алуға болады. Мұның астарында не жатыр? Қазақтарды Түркияға көшуге үгіттеу емес пе? (күліп)

-        Бүкіл халықты артыңнан ертіп кету мүмкін емес. Мақсатым - халықты Қазақстанда жоқ мүмкіндіктермен, қарапайым ғана ерекшеліктермен таныстыру. Басқа елдің жақсы тұстарын көріп, оны Қазақстанмен салыстырып, қажет тұстарын елде жүзеге асырса деймін. Ешкімге алданбай, мақсаттарына қол жеткізсе деймін.

-        Қазақстандағы білім беру жүйесінің осал тұстарын байқадыңыз, білдіңіз. Түркиядағыдай озық технологияларды Қазақстанға әкелгіңіз келе ме?

-        Ол үшін мемлекеттен қолдау болу керек. Арнайы реформа жасалу қажет. Мемлекет тарапынан қолдау таппаса, жүйеге өзгеріс енгізу мүмкін емес.

-        Түркияда тұрудың артықшылықтары қандай? Қазақстанмен салыстырғанда қандай айырмашылықтары бар?

-        Адамдары бізге қарағанда мейірімдірек сияқты. Танымайтын адам болса да амандасып, хал-жағдай сұрасып тұрады. Дүкендерінен бір шыны кофе ішіп кетуге де болады. Мысалы, мен аутист баламен талай жерді, мектепті араладым. Балам бір затқа тиісе бастаса, “Орнына қоя ғой, балам” десем, мұғалімдер маған “Тиіспеңіз. Ойнасын, ұстап көрсін!” дейді.

Балаларды қысып ұстап, оған жоғарыдан қарау деген атымен жоқ. Әрбір мұғалім балаға досындай қарап, сұхбаттасады. Мұғалім бала үшін үйретуші ғана емес, сырлас досы, қатарласы іспеттес. Балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның әрбір пікіріне құрметпен қарайды. Қысқа қайырсам, халықтың қарым-қатынасы, көзқарасы біздегіге қарағанда едәуір жоғары.

-        Жалпы қарағанда, қазақстандықтардың ішкі ойында шетелге кеткісі бар. Не себепті деп ойлайсыз?

-        Себебі саяси жүйеге байланысты сияқты. Біздегі жағдай қандай? Бүкіл жүйе үкімет авторитарлық президентке тәуелді болып, тек соның мүддесіне жұмыс жасайды және халық құқығын соның жолында таптайды. Өз құқығын талап ету, әділдік таба алмай, өз еркіндігін іздеген адамдар елден кеткісі келеді.

Басшылыққа белгілі бір мерзімге біреуді сайлап қояды. Ол адам өз реформасымен келіп, шаруаның басын қайырғандай болады. Бірақ ешқандай шара соңына дейін жеткізілмейді. Ол туралы ашық айтса, тәуліктеп абақтыға қамайды. Ал Түркияда демократиялық жүйе біршама орныққан. Халық өз ойын дер кезінде жеткізуге қауқары жетеді. Өз құқығының тапталып жатқанына дер кезінде реакция көрсете алады. Қазақстандықтар бұл турасында мүлде сауатсыз демеймін. Қазір халықтың "саяси санасы" көтеріліп келе жатқаны қуантады. Және қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп келе жатқаны да көңілге медеу болды. Ал бұрын әттеген-ай деген кездер болғаны рас.

-        Балаларыңыз Қазақстан тарихын біле ме?

-        Жоқ. Әзірге тарихқа деген қызығушылықтары жоқ.

-        Қай жақты Отаным деп есептейді?

-        Қазақстанда туғанын, отаны Қазақстан екендігін үнемі айтып отырамын. Патриотизм дегенді әлі түсіне бермейді. Қазақстан олардың туған жері екенін, ол жақ туысқандары бар ел екенін ғана біледі. Ерекше бір сезімі, сағынышы бар дей алмаймын.

-        Балаларыңыздың Қазақстанға деген патриоттық сезімі байқала ма?

-        Меніңше, саясатпен айналысқан адамда ғана патриоттық сезім болады. Себебі, сол кезде адам өз халқының жайы үшін алаңдап, әрекетке бара бастайды. Демек, патриотизм туындайды.

-        Саясатпен айналысу дегенді қалай түсіндіресіз?

-        Саясатпен саясаткерлер ғана айналысуы керек деген идеядан арылу керек. Бұл туралы фейсбукта жазбам да бар. Байқағаным, халық саясат дегенді түсінбейді екен. Саясат пен саяси ойындардың айырмашылығын білмейді. Саясатпен халық емес, тек саясаткерлер айналысу керек деп түсінеді.

Менің ойымша, САЯСАТ деген күнделікті айнала қоршаған заң, алатын жалақың, зейнетақың, әлеуметтік көмегің, істейтін жұмысың немесе жұмыссыздығың, жүретін жолың, ішетін суың, базардағы тамағың, балаңның мектебі, тіпті кітабы, университеті, емделетін дәрігер мен аурухананың сапасы, полицияның саған қарым-қатынасы, демалуға, қыдыруға баратын жерің, айтатын пікірің мен сөзің, бас еркіндігің.

-        Мәншүк Жәлел саясатқа келуі мүмкін бе?

-        Бәрі де мүмкін (күліп).

-        Балаларыңыздың өзге топырақта өсіп, сол елдің салтын, мәдениетін, рухани құндылықтарын игеріп жатқаны сізді қынжылтпай ма?

-        Түріктер өзіміз сияқты түркі тектес халықтар ғой. Сондықтан салт-дәстүр, діни  ұстанымдары қазақтардікіне ұқсайды. Мысалы, біздегі мақал-мәтелдер сияқты оларда “Ата сөзі” деген бар. Мұнысымен байырғы сөздерін сақтап қалған халық. Сол себепті мәдениетке қатысты барьер жоқ.

-        Заң жағы бізге қарағанда қаталдау ма ?

-        Заңды бекіту бар, сол заңға бағыну тағы бар. Бізде төтенше жағдай кезінде көпшілік жиналуға болмайды десе, тығылып той өткізіп жатқандар да бар. Ал Түркиялықтарда заң шықты ма, оны орындау керек деген принципті ұстанады. Өйткені ережемен жүргеннен өздеріне келетін пайданы сезіне алады.

-        Сөздеріңізден елдегі жүйеге деген реніш, партия жұмысына көңіл толмаушылық байқалады? Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы ТОП-3 кемшілік қандай?

  1. Сөз еркіндігі, ой еркіндігінің жоқтығы
  2. Саяси жүйенің бір партияға байлануы
  3. Халық арасында сауатсыздықтың белең алуы.

-        Елге қайтып оралғыңыз келе ме?

-        Мен Түркияға балаларым үшін келдім. Осы жерде толықтай емделіп, өз бастарын алып жүріп, жұмыс жасай алатын жағдайға жеткізсем деймін. Елге оралу әзірге жоспарда жоқ.

-        Сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Ісіңізге сәттілік! Балаңыздың тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз!

-        Әумин, рақмет!

 

 

 

Сұхбаттасқан: Аяулым Әбілда,

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер