Кіндіктің қасиеті

14162
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқы үшін кіндік қастерлі ұғым. Туған жерімізді «кіндік қаны тамған жерге» теңейміз, анамыздан кейінгі жақынымызды «кіндік шеше» деп атаймыз. Тырнақтай ғана теріге байланысты пайда болған тыйымдарымыз тағы бар.Ал сіз оның қасиетіне үңіліп көрдіңіз бе?

Барлығымыз дерлік  "Табалдырықты баспа", "Оттың басына түкірме" деген тыйымдарды естіп өстік. Ал бұл ескертпелер не себепті пайда болды? Кезінде ата-бабаларымыз ұл баланың кіндігін «шаңырақтың иесі , тірегі болсын" деген ниетпен туған үйінің табылдырығының астына көмсе , қыз баланың кіндігін "отбасының ұйытқысы болсын, үйдің шырағы сөнбесін" деп оттың басына көмген екен. Осыдан сіз бен біз білетін тыйымдар шықты. Ал қазір ше? Кіндікті көмбек түгелі, көрмейміз де..

«Ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Кіндігі жерге "жабысқан"  бабаларымыз ұлтарақтай жерінің өзін жатқа бермей жан алып , жан беріп жаумен шайқасқан.Бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. Бұл күнде жерді "сатамыз" дейтін, қарны тойған жерде жүре беретін ит тектестер көбейді. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін",- дейді этнограф Зейнеп Ахметова.

 Кіндік шеше

 Сонымен қатар, халқымызда "кіндік шеше" деген ұғым бар. Ол - баланың туған анасынан кейінгі ерекше құрметпен қарайтын жақыны. Осы орайда тағы да Зейнеп Ахметованың пайымдауларына сүйенеміз: «Бабаларымыз "Бала кіндік шешеге тартады",- деп тегін айтпаған. Мұны қазір ғылым да қостайды. Өйткені, жарық дүниеге шыр етіп түскен сәбидің пәк тәнін ұстап, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында әртүрлі деңгейде болатын биоөріс, жаратылысындағы тектік қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Сондықтан баланың өз жақындарына ұқсамайтын кейбір мінездерінің кіндік шешеге тартатыны анық. "Ой, бұл пәленшенің кіндік баласы ғой, мінезі содан аумай қалған" дейтініміз содан».

 Кіндік пен адам арасындағы байланыс

 Бүгінде медицина кіндік пен адамның арасында көзге көрінбейтін нәзік байланыс бар екенін анықтады. Десе де, ата-бабаларымыз бұл байланысты ертеден-ақ білген-ді. Қазақ ана мен баланың кіндігіне суық тигізіп алмауына аса назар аударды, себебі оның адам ағзасындағы аса маңызды бөлшек екенін білді. Ал шетелдік ғалымдар кіндіктің адам денесінің орталығы екенін енді ғана дәлелдеп жатыр. Қытайлықтар бұл ішектің сезімтал екенін ескере отыра, оны мүлдем ашпауға кеңес береді. Ал даоисттер кіндікті энергия көзі деп есептейді. Қазіргі таңда дәрігерлер кіндік қанды онкогематологиялық (қан ауруы), онкологиялық, гематологиялық ауруларды емдеуде пайдаланады.

Әйелдің бар байлығы кіндік тұсында

Эзотерик мамандар, тылсым сырын зерттеушілер адамның кіндік тұсын киелі деп санайды. Әсіресе, әйелдер денесінің осы тұсына үлкен мән бергені жөн екен. Себебі әрбір әйелдің әдемілігі мен әйелдік тартымдылығын арттыратын қуат көздері осы кіндік тұсындағы чакрада орналасқан. Кіндікті ашып жүру осы қуат көздерінің жабылуына соқтырып, әйелді бақытсыз етеді дейді эзотериктер.

Сонымен қатар әйелдің аналық органы да осы жерде орналасқанын ескерсек, кіндікті ашып жүру арқылы болашақ ана болу арманынан да алыстатуы мүмкін екен. Тұрмыс құра алмау, бедеулік, отбасылық өмірдегі бақытсыздықтың бәрі де осы кіндік тұсындағы қуат көздерінің ластануынан. Сол себепті әрбір ата ана кішкентай қызының болашағы үшін сәби кезінен қызының әр дене мүшесіне жіті назар аударып, таза ұстауын қадағалау керек дейді мамандар.

Міне, кішкентай ғана кіндіктің қасиеті осындай. Осы орайда ата-бабаларымыздың даналығына қайран қалмасқа шара жоқ. Қазақтың әр ырымы мен тыйымы жақсылыққа бағышталған ғой!

 

Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер