Шұғыл! Нұр-Сұлтанның 450 медицина қызметкері қайда қонады? (видео)

12047

Дәл осы сағатта Нұр-Сұлтан көшелерінде киім салған сөмкесін сүйреп 10 медицина қызметкері қонатын жер іздеп жүр.  Олар жәй қызметкерлер емес, елордада жаңадан салынған жұқпалы  аурулар ауруханасының  жұмысшылары. Коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлері кешкісін жұмыстан шыққалы бері қонатын жер іздеп көшеде жүр.  Бұл туралы "Адырнаға" Нұр-Сұлтанның медицина қызметкерлерлері хабарлады.

Көше кезіп кеткен тек осы 10 адам ғана емес, жалпы саны 450ге жуық қызметкер. Кешеден бері яғни, 16-17 маусым күндері қызметкерлердің барлығын қонақ үйден шығарып жіберген. Олар Рамада плазада тұрып келіпті. Кімнің қайда баратынында ешкімнің шаруасы жоқ. Тек қонақ үйді босатыңдар деген бұйрық келген.

450 қызметкер көше кезіп кеткен. Ағайын-туысына бара алмайды. Себебі өздері коронавирустың нақ ортасында жүргендіктен бірден бір тасымалдаушы адамдар болып есептеледі. Сондықтан оларға ешкім квартираны жалға да бергісі келмей жатыр.

"Онымен қоймай, бұрын жұмысқа алып барып, алып келетін арнайы автобустар да тоқтап қалды. Енді ақ халаттылар коронавируспен күресуге қоғамдық көлікпен қатынайды. Сол себепті 450 адам 450 covid-19 тасымалдаушы  болып есептеледі," - дейді қызметкерлер.

Шағымданушылардың айтуынша,  біріншіден,  күн-түн демей қызметте жүрген мед.қызметкерлерге жасалып отырған әділетсіздік. Екіншіден,  масканың өзін әрең тағып жүрген қарапайым тұрғындар үшін де қауіп.  Себебі олар эпицентрге күн сайын кіріп-шығып жүрген адамдар. ⠀

"Түсінуге миым жетпей отыр. Ел болып сақтық шараларын сақтауға шамамыз жетпей жатқанда, 450 covid-19 тасымалдау қаупі жоғары адамды саналы түрде таратып жіберуді қалай түсіндіруге болады?", - деп ашынады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шұғыл қолға алады деп сенеміз.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы