Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғамда қызу талқыланып жатқан шошқа сынына жауап берді. Айтуларынша, мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді. Жылқы мен шошқа шаруашылығына байланысты субсидия тәртібін түсіндірді.
Елімізде жылқы саны қанша?
1991 жылы Қазақстандағы барлық санаттағы шаруашылықтарда жылқы саны шамамен 1,7 млн бас болды. Одан кейінгі нарықтық экономикаға көшу кезінде мал саны күрт азайып, 2000 жылға қарай республикадағы жылқы саны миллионға да жетпей қалған.
Мемлекет 2002 жылдары қолдау көрсете бастағаннан кейін мал санында өсім байқалды. Асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау - 2011 жылы іске қосылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазір елімізде жылқы саны 2,9 млн басқа дейін өскен (жыл басындағы мәліметтер бойынша). Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Тиісінше, жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі дамып, асыл тұқымды жылқылардың саны артты. 2011 жылдан бастап мемлекет сатып алуды субсидиялап олардың үлесі 1,9 есе өсті.
Жылқы шаруашылығына арналған қандай субсидиялар бар?
Қазіргі кезде мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Атап айтқанда, олар үшін төмендегідей мүмкіндіктер қарастырылған:
- сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін субсидиялау нормасы әр басқа 100 мың теңгеден;
- бие сүтін өндірушілер үшін әр литріне 60 теңгеден;
- асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден;
- жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді;
- несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 10% субсидиялау.
"Адырна" ұлттық порталы
Б