Екібастұздың Qnet-ті қолдағаны несі?!

3718
Adyrna.kz Telegram

Фейсбук бетінде «Не шықса да, Екібастұздан шығады!» деген заманауи «нақыл» бар. Оның неден шыққанын көзі қарақты жұрттың біразы жақсы біледі. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» дегендейін, әр әкімнің тұсында Екібастұзда бір сұрқылтай болып тұрғанын қайтейік.
Аты жаман дертпен күрес қызып, карантин жарияланған шақта Екібастұз қаласы әкімінің бір орынбасары шетел асып таңырқатса («Қауіпті шақта шетел асқан Қадырбаева қызметіне лайық па?!»), екіншісінің 42500 теңгенің жырын түсіндіру үшін жұртты бір жерге жинап, вирусты қолдан тарату қаупін төндіргенін («Екібастұз вирусты қолдан көбейтпек пе?») бұған дейін жазғанбыз.
Жазуын жазып келеміз ғой, бірақ оған тоқтайтын Екібастұз ба?! Күні кеше халықаралық балаларды қорғау күнінде дарынды балаларды паркте жиып алып, вирус өршіп ұрғанына қарамастан, әкім Ержан Иманзаипов маскасыз (қатысушылардан да маска киюді талап етпестен) құттықтады. Оның құттықтау мәтіннің қазақшасын ұмытып қалып, әрі қарай ежелей жөнелгені өте күлкілі болды. Бұл масқара бірден ютуб желісіне шығып, бір тәулікте қалың елге тарап үлгерді.
Оны былай қоя тұрыңыз, екібастұздықтар енді QNet сияқты қитұрқы, саясаты таза емес компанияны насихаттауға айналыпты. Ол туралы қаланың негізгі ресми басылымы – «Екібастұз дауысы» газетінің фейсбуктегі ресми парақшасынан білдік. Басылым қызметкері жария еткен ақпараттағы суретте қабырғадағы Qnet деген жазу соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр.
Кезінде осы Qnet-тен екібастұздықтар ғана емес, қазақстандық талай азамат алданып жапа шеккен. Көп адам баспанасыз қалған. Алдағы уақытта олардың берген аз-маз сыйлығына алданған бүгінгі балалар мұны мақтаулы, ізгі компания екен деп ойлап, келешекте құрығына түсуі әбден ықтимал. Өйткені оны ресми басылымның өзі насихаттап отыр. Бұл өзі қала басшысын кезекті сөгіске итермелеудің тағы бір амалы емес пе екен деген ой келеді осындайда...

Бек Құсыман,

Екібастұз қаласы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер