Мұхтар ШЕРІМ. Біз де жігіт болғанбыз!

540

Қышқыл сатира
Ол шылымын сореп‒сореп алды да, жерге атып ұрып, туфлиінің табанымен мыжғылай бастады. Сосын, әңгімесін бастады:
‒Біз де жігіт болғанбыз, он сегізге толғанбыз, бешір жасап, талай үйде қонғанбыз! ‒деді көршім есіне әлденелерді түсіріп, ‒ қазіргі «шегөлдер» ше?
‒Ия, жасөспірімдер?
‒Қазіргі «шегөлдерге» таң қаламын.
‒Ия, мен де таң қаламын.
‒Менің айтқанымды қайталай бермеші?
‒Жының келіп тұрғандай ма?
‒Ия. Қазіргі жасөспірімдер, шиебөрілер сияқты. Шакалдар жемтігіне жабыла кетеді ғой? Баяғыда, біздің кезімізде де жігіттер арасында келіспеушілік, төбелес болып тұратын. Бірақ, жабылып ұрған емес. Ерегісіп қалды ма? Екі жақтың жігіттері қарап тұратын. Сосын, анау екеуі жекпе‒жекке шығатын. Әке‒шешеден жіберетін енді. Бірақ, жақтаспайды. Сосын екеудің бірі жеңіліп, мұрны қанап, оны жалап, жан‒жағына күліп қарап, нағыз еркектерше бір‒бірінің қолын алысып, дос болып тарасатын. Ал, қазір ше?
‒Қазір ондайлар шиебөріше жабылып кетеді. Бастан тебеді, кірпішпен ұрады, пышақ та сұғады, әйтеуір өлтіріп тынады.
‒Осы да еркектік пе? Қатын тірлік қой? Қатындар да жабылып сабай алады! ‒деген көршім қызына сөйледі, ‒әй, қазір білекті емес, білімді жеңетінін осы жастарға ата‒аналары неге түсіндірмейді? Неге қадағаламайды?
‒Бәрі жұмыста, уақыттары жоқ.
‒Менің таң қалатыным, баласы қылмысқа барып, адам өлтірсе де, «Ойбай, менің балам әдейі өлтірген жоқ, ойбай менің балам ондай емес! Ойбай да, ойбай!» деп ойбайлайтын ата‒аналарға түсінбеймін? Әй, балаң қылмыс жасады ма? «Сол керек, өзіне!» де! Қара жамылып отырған отбасының қарғысын алғанша? Солай емес пе?
‒Солай. Қазір қыздар да төбелесетін болды ғой?
‒Айтпа енді! Түнгі клубтарда секеңдеп жүріп, жігіттерді қызғанып, бір‒бірінің шаштарынан ұстай жұлысып, жерге аунасып, бірін‒бірі тепкілеп жатқан қыздар күні ертең қандай ана? Кімге пана?
‒Ұртымызды томпайтып, ұлтымыздың болашағы деп айтуға ұяласың...
‒Ұялғаны несі? Мен құмырысқаның илеуін көрсем, солармен бірге інге кіріп кете жаздаймын!
‒Дұрыс айтасың, көрші!
‒Енді мынаған көңіл бөлші. Күні кеше Шымкентте 17 жасар студент бір топ бозбаланың жабылып ұрып тастауы салдарынан қайтыс болды. Байғұстың тырнақтарынан дейін жұлып тастаған. Шлакоблокпен басына ұрған. Бұл қандай жауыздық? Қайдан келген қатыгездік? Құдайым, осындай одыраңдаған қанішерлерден сақтасын!

Мұхтар Шерім

Пікірлер
Редакция таңдауы