Бөкей губерниясындағы ашаршылықтың әлеуметтік және экономикалық салдары

3810
Adyrna.kz Telegram

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін кеңес халқын тағы бір зұлмат ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921 жылғы қыста қардың, жазда жауынның болмауы кеңес елінің көптеген өңірлерін әсіресе, Еділ бойы аудандарын құрғақшылыққа ұшыратып, оның соңы ашаршылық нәубетіне әкелді. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады [1, 184 - б.].  Осы тұста Бөкей губерниясының халқы да  1920-1922 жылдары аралығындағы  ашаршылық қасіретін басынан өткізгенін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған тарихи деректерден анық көреміз.

Мәселен,  Бөкей губерниялық Кеңесі атқару комитетінің 1920 жылы 16 наурыз күні өткен мәжілісінде Қамыс - Самар уезі, І Теңіз округі мен Нарын қисымындағы ашаршылыққа ұшыраған  халықтың ауыр жағдайы туралы Қамыс-Самар уездік атқару комитетінің өкілдері Жүсіпқалиев пен Б.Жанекешовтың баяндамасы тыңдалалып, ашыққандарға көмек ұйымдастыру үшін І Теңіз округіне Шынтаев пен Дыбысқалиев, Қамыс-Самар қисымына Н.Залиев,  Нарын Қисымына Измайлов сияқты партия қызметкерлерін жіберу туралы шешім қабылданады. Сонымен бірге   өлкедегі қалыптасқан аса ауыр жағдайды мәлімдеп, Москвадағы қырғыз (қазақ – Б.Б.) өкілдігі арқылы 3 мекенжәйға төмендегідей жеделхат жөнелтіледі.

Срочно

Вне очереди                                           Москва

Три адреса                                             Наркомтрудособез

                                                                Наркомпрод

                          Телеграмма 20 марта № 610

«Букеевский Губисполком донося ужасающем пложении населения частях Букстепи осбовожденных белогвардейцев просил для спасения голодающих экстренной помощи Центра отпускам 100 млн рублей и предоставления вне всякой разверстии наряда на Букстепь на предметы продоволствия. До сих пор нет ни ответа ни помощи. Губисполком вновь настойчиво просит спасти умирающих от голода срочным распоряжением оказания нужной помощи.

№ 986 26 апреля 1921г.

Пред. Букеевского Губисполкома Бергалиев

Член секретарь Чинитаев» [2, 4-п.].

Сондай-ақ Бөкей облыстық Қамыс-Самар уезі азық-түлік комиссарының жазған мына мәлімдемесі өлкедегі ашаршылықтың негізгі себебтерін аңғартады:«В 1919 году в декабре месяце в Камыш - Самарской части были восстановлена Советская власть. В тоже время был основан продоволственный отдел, который и функционировал по май месяц 1920 года. Экономическое положение уезда к этому времени приблизительно был токовое: Камыш -  Самарская часть, как граничащая с Уральской областью естественно больше всего подвергалась опустошению со стороны Уральского казачества, которое вело упорную, гражданскую войну против Советской власть. В этом урагане гражданской войны Уральское казачество брало из Камыш - Самарского уезда все: скот для продоволствия и транспорта, сено для фуража, хозяйственный инвентарь телеги, сбрую, кошмы, седла и также хозяйственные принадлежности» [3, 159-п.].  Демек, біріншіден, азаматтық қарсыласу соғысы, өлкедегі ақ гвардияшылар мен казак әскерлерінің жергілікті халықты қырып-жойып тонаушылық көрсеткен қиянаты, озбырлығы,  екіншіден, өлкеде орны алған қуаңшылық, жұт салдарынан жаппай малдың қырылуы  1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқын ашаршылыққа ұшыратып, күйзелтті.

Тарихи осы кезеңде Бөкей губерниясындағы жылқы саны 146,0  мыңнан 49,0 мыңға, ал қой басы   1,3 миллионнан 0,4 миллионға  кеміген. Сөйтіп, 1921 жылы Бөкей өлкесінде соғысқа дейінгі мал санының  20% ғана қалады [4, 109 - б.].

Ашаршылыққа ұшыраған елдегі халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Х. Чурин: «1919-1921 жылдарда әсіресе Бөкей губерниясы мен оған шектес облыстарда бандалық күшейіп кетті. ... 1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, тырысқақ аурулары етек алды. Бөкей губерниясының оңтүстік шағыл құмды бөлегінің жағдайы өзгелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтіс жасады. Бұл аймақта мал жайылымы да жақсы болды. Ал облыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің халқы ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Бұл елдер қолындағы бар малын сойып алды. Бірақ астықсыз бір ғана ет адамға жөнді азық бола алмады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген семьялар әбден ашығып өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті.  Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып,  талан таражыға түсірді» [5,104- б.] ,- деп баяндайды.

1921 жылдың жазында тағы да қуаңшылық болып, Кеңес елін, әсіресе Повольжені тұтас аштық жайлады. Жалпы деректерге жүгінсек, 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллионнан астам адам ашаршылық нәубетіне ұшыраған [1, 184-б.].

РК(б)П Орталық Комитеті 1921 жылы 17 шілдедегі арнайы үндеуінде елдегі ашаршылықтың себебін: «Ашаршылық – тек құрғақшылық нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі деңгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың отаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанының да салдары» деп түсіндірді. Алайда, үндеуде айтылған бұл себептермен қатар, жаппай ашаршылық Кеңес өкіметі қатаң жүргізген, халық  шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «Әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады [1, 185 - б.].

Өйткені соғыс жағдайында қабылданған «Әскери коммунизм» саясатының негізгі мақсаты – азық-түлік салғырты болғандықтан Қызыл Армияның мұқтаждары үшін ауыл шаруашылық өнімдері шаруалардан жинап алынып отырды. Большевиктердің жүргізген азық-түлік саясатындағы астықты «дым қалдырмай» жинап алу принципі аграрлық өндіріске кері әсерін тигізді. Сондықтан амалы таусылған шаруалар енді өнім көлемін қысқартып, өзін-өзі қамту қамына көше бастады. Артық өнім өндіруші шаруашылықтар санының күрт азайып, шаруалардың егіс алқабын қысқартуының мемлекет үшін зардабы ауыр болды. Экономиканың табиғи зардабын елемеу, шаруаларға үнемі қысым  көрсетіп, зорлық жасау ауыл шаруашылығын ауыр күйзеліске ұшыратты.

Мәселен, РК(б)П ОК ҚАКСР-дің азық-түлік органдарына жіберген конспирациялы үндеуінде: «Сіздер азық-түлікті аштар үшін тойғандардан ғана алып қоймаңыздар, сонымен қатар жартылай аш жалаңаштардан да алыңыздар. Сіздерге басқаша жасау мүмкін емес. Еңбекшілердің аш майданындағы солдаттар сияқты сіздер қатты, иілмейтін, қатаң, кейде қатыгез болуларыңыз керек» [6, с. 45] ,-деп қатаң ескертті.

Азық-түлік салғыртын жинаудағы мұндай әміршіл-әкімшілік күш көрсетуді Қызыл Ту газеті: «Азық-түлік салғырты ешнәрсемен санаспастан тұрғындардың қолындағы ең соңғы азық-түлігін тартып алу жағдайында жүріп жатыр» [4.109 - б.],-деп жазды. Міне, күштеу механизмі негізінде шаруалардан артық астық қана емес, тұқымдық, тіпті күнделікті жейтін астық та тартып алынып отырды.  Репрессияға ұшырамау үшін шаруа байғұс азық-түлік салғыртына қолдарындағы  тұқым қорында  тапсыруға мәжбүр болып отырған. Бұл шаруашылықтардағы тұқымдық астықтың жойылуына әкеліп соқтырды. Оның үстіне салғырт мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақ ауылдарына да салынғандықтан егін салмайтын қазақ малын сатып, ақшасына бидай алып мемлекетке  өткізуге мәжбүр болды.

1920 жылғы салғырт бойынша Орал губерниясынан 1.5 млн. пұт астық тартып алынды. Бұған ет және тағы басқа қосымша салықтар қосылды. Осындай саясаттың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген аудандарын аштық жайлады. Астық шықпаған Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей губернияларында 1921 жылы бар  болғаны 4719391 пұт астық жиналды, ал күн көріс үшін 22105864 пұт астық қажет болатын, мұның өзі жеті есе артық еді. Осылайша 17,5 млн. пұт астық күнкөріске және тұқымға жетпей қалды [7, 163-б.].

Демек, 1921 жылдың тамыз айында Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал және Қостанай губерниялары мен бірге Бөкей губерниясы да аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми түрде енгізілді [1,185-б.].  Бұл губернияларда ашаршылық 1558927 тұрғыны бар 1048100 шаршы метр аумақты қамтып, барлық ашыққан адамдар саны 1508900, оның ішінде 176500 адам Бөкей губерниясының үлесіне тиеді [8, 3- п.].

1921 жылдан бастап Бөкей губерниясында, әсіресе Тарғын, Талов уезінің жерлеріндегі ашаршылық қасіреті туралы Х. Чурин «Дауылды жылдарда» атты еңбегінде:«Бөкей губерниясының тек солтүстік шағыл құмды бөлегінің жағдайы өзгелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтіс жасады. Бұл аймақта мал жайылымы да жақсы болды. Ал облыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала, уездерінің халқы ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Бұл елдер қолындағы бар малын сойып, алды, бірақ астықсыз бір ғана ет адамға жөнді азық бола алмады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген семьялар әбден ашығып, өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда ақ гвардияшыл бандылар да жауыздықты өршітті. Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып, талан-таражыға түсірді»,- деп баяндайды. Сондай-ақ аштық аптын көзімен көрген ол: «1921-1922 жылдардың қысында адамдар аштан көп өлді. Уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өліктерін жинайтынбыз. Мынандай бір оқиға менің есімде қалыпты. 1922 жылы май айында бір күні Жәнібек поселкесіне жақын жердегі танысымның үйіне бардым. Сол кезде әлдеқайдан жаяулап бір аш адам келді. Ол баяғы жалшы Нәби Тұралиев екен. 1921 жылы алыстағы бір дәулетті адамға жалшылыққа тұрыпты. Сол жылы мал қырылып, жалдаған қожалары жұтап, аштан өліпті де, Тұралаиев талай жер жүріп, уезд орталығына әрең жетіпті. Бейшара күптей болып ісіп кеткен, көздері мүлдем көрінбейді. Мен үй иелеріне алдын ала ескертіп, оған тамақты бірден көп бермеу керек дедім, ал ол үй иесінің берген тамағын місе тұтпай қайта-қайта тамақ сұрап жалына бастады. Бірден тамақ көп жесе, өліп кететінін ескерткеннен кейін ғана ол біраз тынышталды. Үй иесі әйел қалған тамақты тығып қойыпты. Мен ол ауылдан кетіп қалдым.  Ал әлгі адам әйелдің қалған тамақты  қайда қойғанын байқап қалса керек, үйдегілер сыртқа шығысымен қалған тамақты алып жейді де үйден кетеді. Екі жүз қадамдай жерге барғанда ауырып, ойбайлап, домалап, жылап-еңіреп ажалдан құтқара көріңдер деп жалбарынады. Бірақ ол сорлының өміріне араша тұруға мүмкіндік болмаған, бейшара тамаққа тойғаннан кейін үш сағаттан соң ауыр азаптан өледі» [5,105-б.],- деп жазды.

Бүкілроссиялық  Орталық Атқару комитетінің (БОАК) декреті бойынша 1921 жылдың 8 шілдесінде ашыққан адамдарға жәрдем беру үшін арнайы комиссия (ЦК Помгол) құрылады [9, с. 122-123]. БОАК-нің төрағасы М.И.Калинин басқарған бұл комиссияның негізгі міндеттері: аштықтың көлемін анықтау, жеке губерниялар мен уездерден келіп түскен шағымдарды қарастыру, ашаршылыққа қарсы күрес қызмет түрлерін ұйымдастыру болды.

Орталықтың қабылдаған шешімінен соң іле - шала 1921 жылы 18 шілдеде РК(б)П-ның Қазақ облыстық комитетінің арнайы шақырылған пленумында Қазақ Орталық Атқару Комитеті жанынан жергілікті ашыққан халыққа көмек көрсету үшін комиссия (Компомгол) кұру туралы шешім қабылданды. Комиссия құрамы Қазақ ОАК, Ұлттар халкомы, Жер қатынасы халкомы, Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы, Бас статбюро өкілдері кірді [6, с. 44-50].

Сөйтіп, 1921 жылдың 20 қыркүйегінде ҚазОАК-тың жанынан ашыққандарға көмек беру комиссиясы (бұдан әрі Компомгол) құрылды. Аталмыш комиссия төрағасы болып С.Мендешов, оның орынбасарлары А.Байтұрсынов пен М.Әуезов сайланды [10, с. 264]. Осылайша елдегі барлық комиссиялар қызметін Қазақстан ОАК-і жанынан ұйымдастырылған, ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссия үйлестіріп отырды.

Республиканың губерниялық және уездік атқару комитет жандарынан  ашыққандарға көмек көрсету жөнінде арнаулы комссия құрылды. Мәселен, ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссияның №18995 санды жеделхатының негізінде 1921 жылы 8 тамызда Бөкей губерниясында ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылып, ол жедел түрде жергілікті бөлімшелердің ашыққандардарға көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырып басқаруға кіріседі [11, 6-п.].

Бұл аталмыш комиссия уездік және болыстық комиссия мүшелерінің атқаратын нақты тапсырмаларын көрсетіп 10 пункттен құралған арнайы нұсқау (инструкция) дайындайды. Нұсқауда  уездік және болыстық жерлерде комиссия бөлімшелерін құру  қажеттігі, ауқатты адамдардан қарызға алған малды сойып ашыққандарды тамақтандыру, ата-анасы жоқ қараусыз қалған балалар үшін жатаханалар ашу, жұқпалы ауруларға қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстары көрсетіліп, ашаршылыққа қарсы атқарылған істер туралы губерниялық комиссияға 2 аптада бір рет есеп беру міндеттелді [12, 4-п.].

Қамыс-Самар қисымындағы аштықпен күрес комиссиясының жүргізген жұмыстары туралы облыстық атқару комитетіне жасаған мәлімдемесінде: болыстық комиссиялар құрылып, тамақтандыру пункттерінің ашылғаны, союға мал таппаған ауылдарда балық аулау топтарын құрып, аш адамдарға балық үлестірілгені,  Жаңақала ауылында жетімдер үшін 50 кісілік асхана ашылғаны,  аш және  ауру адамдар үшін 50 пұт астық берілгенін, алайда  қисым территориясында іш сүзегі ауруы азайғанмен ең қатерлі оба пайда болды. Медицина штатының қызметін күшейту қажет деп көрсеткен [13, 8-п.].

Ал губернияның Тарғын уезіндегі ашаршылыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссия Жәнібек кентіне орналасты. Кеңес аппаратының және партияның уездік органдарының барлық қызметкерлері дерлік ашаршылықпен күресті ұйымдастыру үшін шалғай ауылдарға жіберіледі. Уезд орталығында ашыққандарға арналған 8 тамақтандыру пункті жұмыс істеді, ата-анасыз қалған балалар үшін жатахана ұйымдастырылды [1,189-б. ].

1922 жылдан бастап аштық Бөкей губерниясында, әсіресе Тарғын, Талов және Жаңақала аудандарында өрши түседі. Жергілікті өкімет органдарының аштықпен күрес жөніндегі қызметі және республика үкіметінің ашыққан аудандарға көмегі туралы губерниядағы ашаршылық  қасіретін көзімен көрген Х. Чурин мен Ж. Сәрсековтың жазбаларында былайша сипатталады: «...мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке қоса жергілікті жерлерден қосымша көмек көздерін іздестіруге тура келді. Теміржолдан шалғайдағы құм жоталары арасында жатқан болыстардың бірқатар адамдарын құтқару үшін төтенше жедел шаралар қолданылды. Ашыққн халыққа көмек көрсету мәселесін шешу үшін Жәнібекке С. Меңдешов келді. «Сіздер әлі жас болсаңыздар да, – деді ол –  дегенмен уезді басқарып отырсыздар ... партия мен үкімет сіздерге барлық адамдарды аштықтан құтқару міндетін жүктеп отыр. Ауқатты шаруалардың мүмкіндіктерін қарастыру қажет, революциялық  заңның революциялық қатал тәртібі де болады. Осыдан кейін біз әр болысқа бір-бір адамнан жібердік. Олар болыстық атқару коитеттерінің жандарынан комиссиялар ұйымдастыруы, көмек ретінде, кімде қанша мал, қанша астық, қанша ақша бар, соның тізімін жасауы тиіс болды осы тізімдер болыстық атқару комитеттерінің бекітуіне жатқызылды» [14, 115-116-бб.].

Бөкей өлкесіндегі  ашаршылық апаты  сүзек, тырысқақ, оба және басқа да,  жұқпалы аурулармен  қоса қабат жүріп отырды.  Бұған дәлел 1922 жылы 30 қазан күні Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі  губерниялық аштық салдарымен күрес комиссиясына мынандай мәлімдеме жібереген: «Здравотдел  настоящим сообщает, что за период с 1-го января по 1-го июля, т.е. за 6 месяцев эпидемических заболеваний зарегистрировано. Тиф брюшной заболело 118, умерло 8, Тиф сыпной заболело 232, умерло 35 и на  почве голода заболело 1272,  умерло 255. Холерой заболело 423, умерло 227 человек. Меры борьбы, за отсутствием спецотрядов на места вспышек отправляются местный медперсонал. В назначенной срок получено было от КНКЗ полутора миллиарта рублей, и в настоящее время имеется кредит в также сумме на борьбу с эпидболезнями» [14,133-п.].

Ал бұл архив дерегін жоғарыда айтылған  Х.Чуриннің: «1922 жылдың басында аштықтың етек алғаны соншалық, үкімет ашығып жатқан халыққа азық- түлік жөнінен дереу жәрдем беруге мәжбр болды. Губерниялық және уездік азық-түлік комитеттері жергілікті Советтер арқылы ашыққандарға азық-түлік өнімдерін – ұн, шай, өсімдік майын үлестіріп бере бастады. Елді мекендерде, поселкелерде, темір жол станцияларында аштарға арнап  тамақтандыру пункттері және олардың жанынан жатаханалар ұйымдастырылды. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек мөлшерін толық келтіре алмаймын. Дегенмен осы көмектің арқасында көптеген семьялар өлімнен аман қалды» деген естелігі дәлеледей түседі [5, 104-б. ].

Осылайша Бөкей губерниясындағы ашаршылықтың салдарынан халықтың жаппай қатерлі жұқпалы ауруларға шалдығуы, өлкеде емханалар мен ауруханалардың  және дәрі – дәрмектердің жетіспеуі ел ішінде адам өлімінің санын көбейтіп, нәтижесінде бұл Бөкей өңірінің демографиялық құлдырауына әкеліп соқтырады.

1925 жылы Орал және Бөкей губерниясы кеңестерінің біріккен съезінде баяндама жасаған губерниялық жер басқармасының меңгерушісі Т.Қожанов өте көп адам шығынына ұшыраған Бөкей аймағының ашаршылық қасіретін ең басты оқиға ретінде атап көрсеткен еді. Сандық мәліметтерге сүйенсек егер Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 1917 жылы 251 мың болса, 1920 жылы 181 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жылдың ішінде тұрғындар саны 70  мың адамға азайған [4,112 - б.].

Түйіндеп  айтқанда, Бөкей губерниясындағы  1920-1922 жылдардағы ашаршылық  елге зұлмат әкеліп, аймақтағы шаруашылықтарды күйзелтіп қана қоймады, халықтың демографиялық өсуіне де өз зардабын тигізді. Демек, өлкедегі халық санының төмендеуі аймақтағы экономиканың дамуын тежеді. Нәтижесінде Бөкей даласы елді мекендер сирек қоныстанған аймаққа айналды.

Бақтылы Сансызбайқызы Боранбаева, 

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 4 Т. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 752 б.
  • БҚОММ 312 - қор, 1-т., 6-іс,
  • БҚОММ 312 - қор, 1-т., 8-іс,
  • Бөкей Орда тарихы. – Орал. 2001. – 235 б.
  • Х.Чурин Дауылды жылдарда – Алматы: «Қазақстан», 1971. – 154 б.
  • КПСС в резолюциях и решениях съездов, конференций и пленумов ЦК. – М., Политиздат, 1970. т. 1.
  • Батыс Қазақстан тарихы. ІІ т. – Ақтөбе. 2009. – 335 б.
  • ҚР ОММ 40 - қор, 1 - т., 264 - іс,
  • Страницы истории советского общества. Под ред. А.Т.Кинкулькина М.: Политиздот. 1989.
  • Күзембайұлы А. Абил Е. История Республики Казахстан. – Астана: «Фолиант», 2002.
  • БҚОММ. 19 - қор. 1- т., 2 - іс,
  • БҚОММ. 312 - қор. 1 - т., 2 - іс,
  • БҚОММ. 312 - қор. 1 - т., 9 - іс,
  • Чурин Х., Сәрсеков Ж. Күрес күндерінде. – Алматы: «Қазақстан», 1960. – 163 б.

 

 

 

References

1          Kazakhstan tarikhy. Kone zamannan boqinqe deiyn. Bes tomdyk. 4. T. – Almaty: «Atamyrа», 2010. – 752 b.

  • BKOMM  312 - kor, 1 - t, 6 - is.
  • BKOMM 312 - kor, 1 - t, 8 - is.
  • Bokei Orda tarikhy. – Oral. 2001. – 235 b.
  • Churin H. dauyldy zhyldarda – Almaty: «Kazakhstan», 1971. – 154 b.
  • KRSS v rezoluciah i resheviah siezbov, konferencii i plenumov CK. Т. – Moskva: «Politizdat», 1970.
  • Batys Kazakhstan tarikhy. 2.T. – Aktobe. – 335 b.
  • KROMM 40- kor, 1 - t, 264 - is.
  • Stranicy istorii sovetskoqo obshestna. Pod. Red.A.T. Kinkul’kina. – Moskva: «Politizdat», 1989.
  • KuzembaiulyA, Abil E. Istoria Respubliki Kazakshtan.  – Astana: «Foliant»,
  • BKOMM 19 - kor, 1 - t, 2 - is.
  • BKOMM 312 - kor, 1- t, 2 - is.
  • BKOMM 312 - kor, 1- t, 9 - is.
  • Churin H., Sarsekov Zh. Kures kunderinde. – Almaty: «Kazakhstan», 1960. – 163 b.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер