Әбді Қиялбайұлы: Жаңа бағытқа жаңа ұстам керек

2928
Adyrna.kz Telegram

Елімізде құрылыс істері ірі қалалар мен даңғыл жолдарды дамытуда аса қуатты дамып келеді. Халқымыз осы істердің оң нәтижелі жүруінен экономикалық және әлеуметтік тұрғыда айтарлықтай деңгейде қуат алып отырғандығы анық. Кешегі ауыл шаруасы бүгінде ірі қалалардағы мектептер мен жоғары оқу орындарына өз балаларын оқытуға, іс жүргізуге саналы мүмкіндіктер тауып отыр. Қарап отырсақ, жол қан тамыры секілді еліміздің қай саласы болмасын өз функциясын жоғары деңгейде орындап отыр. Бұл дегеніміз, жол – экономика мен халық тұрмысының қозғалыс тынысы екендігінде.

Құрылыс жүрген жерде сапа мәселесі түйінді орын алары анық. Олай болмаған жағдайда жаңадан бой көтерген саналуан ғимараттар мен жолдардың жілігі татымаған еттей құны болмайды. Міне, сондақтан да Қазақстанның автожол саласы жолдың алғашқы метрін салған күннен бастап сапа бақылауын қатаң қолға алған екен. Біздердің білетініміз 2006 жылы 14 облыста ашылғын «Облжолзертхана» мемлекеттік мекемелері мен сол жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан аймақтық 4 Оқу орталығы. Біздің байқауымызша автожол саласы қолданымдағы техникалық құжаттар мен ережелерді халықаралық деңгейде қайта қалыптастырып жатқанға ұқсайды. Рас, болжау арқылы бұл жетістіктерді айта беруге болады, десек те оның оңы мен солын анықтап түсіну мақсатымен автожол саласы мен жол білімі бағытының маманы, техника ғылымдарының докторы, Л.Б. Гончаров атындағы Казақ автомобиль жолдары институтының профессоры,  Әбді Қиялбайұлын әңгімеге тартқан едік.

Тілші: Әбді аға, біз Сізбен Бұқаралық ақпарат құралдарының кез келген алаңында бірінші мәрте кездесіп отырған жоқпыз. Міне, сәті келіп құрылыс  салаларында атқарылып жатқан технологиялық процестер мен материалдар  сапасы туралы халқымызға ашық түсініктеме береді деген сенімдеміз. Жалпы мына Әлемдік кесапат зардабы жұмыстарыңызға қолбайлау балған жоқ па?

Ә.Қ: Жоқ. Мұндай Әлемдік кесапаттың саналуан түрін Қазақ халқы әр кезеңде өз бастарынан өткізді ғой. Халықтың жаппай аштыққа шалынғаны, оба, шума, безгек, тырысқақ сияқты аурулардың түрлі қиыншылықтарын көрді сабырлы халқымыз. Бұл мақтан емес, бұл қазақ халқының көрген азаптары. Енді міне, техника мен ғылымның дамыған шағында айлап үй шеңберінен шыға алмай отырмыз. Бұл шара, амалсыздықтан дей алмаймын, өйткені ілгерілі елдер де дәп осы тәсілді қатаң қолданып отыр ғой. «Шыдам дүбі – сары алтын», – деген екен. Дей тұрғанмен «Шыдамның да шегі бар» деп асығыстық жасап уыты қайтып келе жатқан бұл дертті қайта ушықтырып алмасақ деймін...

 

 

 

 

 

 

 

 

"Ұлттық сапа орталығы" - жолдың қай мезгілде болмасын күтіп-бапталуындағы, өндіріс мекемелерінің сапалы өнімділігіндегі, тендерге қатысқан фирмалардың кәсіби құрамы мен техникалық жадықталуындағы сапа деңгейін қадағалайтын тәуелсіз мекеме. Сапа – инженерлік қызмет! Сапа – ғылыми негіздеме және бағыттама!".

Жұмыс тоқтаған жоқ. Өз мекемеме ризамын, 100 пайыздық айлығымызды сақтай отырып, жұмысқа деген барлық мүмкіндіктерді туғызды. Докторанттарға, магистранттарға және бакалаврларға сабақ ZOOM бағдарламасы арқылы қашықтықтан өтті. Сапа еш төмендеді дей алмаймын. Өйткені бұл бағдарлама көрнекі материалдарды пайдалануға өте қолайлы екен. Өндіріс зертханаларының қызметкерлеріне кеңес беру жүйесі де осы б

 

ағдарлама аясында өтті. Оның үстіне шығармашылық жұмыстарымызды тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер туынғызды.

Тілші: Жақсы, Әбді аға, біз тақырыпқа ауысайық. Сіз 40 жылға жуық мерзімде Қазақстанның автожол саласына, жол біліміне өзіңіздің өлшеусіз еңбегіңізді сіңірдіңіз. Дегенмен, сапа неден басталады?

Ә.Қ: Осыдан 3 жыл бұрын мен «Автомобиль жолдарының пайдаланымы» деген еңбегімді шығардым. Қазір ТМД елдері бойынша таралып, оқулық ретінде жоғары оқу орындарында пайдалануда. Сол еңбектің бір түйіні бар – ол «пайдаланым мәдениеті» деген. Міне, бізде жетпей тұрған бір мәселе осы мәдениет. Бұл мәдениет адамзат тіршілігіндегі барлық іс-қимылға қажет. Олай дейтінім, сапаның түсуіне ең алдымен осы мәдениеттің төмендігі әсер етеді. Жұмысқа жауапкершілік қажет. Ол қажеттілік материал таңдауда да, оны жол құрылымына пайдалануда да, біткен істі қалыптастыруда да бір заңдылықта сақталуы тиіс. Бұл заңдылыққа бағынбасақ, істеген ісіміздің шикілігі шығып, Кароновирустан да уытты әсерін тигізеді. Екінші мәселе, ол сауатсыздық. Жол құрылысында көріп жүрміз бірқатар процестер «қазақи» орындалады. Бір ғана мысал: жобада 16 тонналық резеңке дөңгелекті таптағыш жазылса, бізде оны басқаша да орындай береді. Тіптен, жобаның қате  жасалғандығын дәлелдеуге тырысамыз. Ал үшінші жағдай, ол сапа туралы Мемлекетіміздің арнайы бекіткен Заңдары мен Ережелеріне немқұрайдылық жасаймыз. Өкініштісі сол, бірқатар жағдайларда  тендер талқылауы кезінде әккі, тәжрибесі мол мекемелер ұтыстан тыс қалып қояды. Одан да сорақылары бар, енді осы арадан тоқтағаным жөн болар.

Тілші: Аға, маған «пайдаланым мәдениеті» деген түсінігіңіз қатты ұнады. Енді мына бір сұраққа жауап берсеңіз. Сапа мәселесін журналистер қауымы да аса терең бақылауда ұстап отырмыз. Осы істі жүргізетін қандайда бір заңдылық бар ма,  бұл іс қандай сатыда ұйымдастырылады?

Ә.Қ: Сұрағың өте орынды. Өздеріңізге белгілі, «қарусыз жауынгер, әскер емес», яғни, бұл нақыл біз үшін сапа кілтінің зертханада екендігін мегзейді. Елімізде сапаны қадағалау жүйесі бірнеше сатыда өтеді, дәлірек айтсақ: алғашқысы, бақылау жұмысы жобалаушыдан басталады. Олар жобаға енгізілген әрбір материалды, оның құрамын, сонымен қатар құнын, шығу тегін зертханалық зерттеу арқылы анықтайды. Кейде бірнеше  нұсқа қаралады. Жобалаушы да бұл істі бей-жай шешпейтіндігі белгілі. Оған кәсіби біліктілік керек. Мен Қазақстанда осындай жобалаушы консалтингтік мекемелердің бірқатарын білемін және олардың істерімен қоян-қолтық араласу арқылы таныстым да. Өте жауапты жұмыс. Мұндағы қателік – сапа деңгейімен өлшенеді.

Қазір автожол саласы тендерге шығатын жұмыстарды саудалар кезінде қатысушыларға қоятын бірден-бір талабы – ол акредитациядан өткен өндірістік сынақ зертханаларының болуы. Бұл мердігер мекемеге өзін өзі бақылап отыруына үлкен мүмкіншілік тудырады. Оның сыртында техникалық бақылаушы инженерлік қызмет бар. Бұл инженерлік қызмет құрылыста атқарылған барлық жұмысқа тікелей жауапты мекеме. Олар дербес мекеме, Тапсырушыға да, Жобалаушыға да тәуелді емес. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу Заңы мен Халықаралық ГОСТ ISO/IEC 17025-2019 «Сынақ және бақылау (калибровка) зертханаларына қойылатын жалпы алаптар» стандартына қатыста инженерлік қызметпен шұғылданушы мекеме міндетті түрде дербес немесе келісім-шарт негізінде жалға алынған зертханасы болуы тиіс. Орайы келгенде атай кетейін, осындай инженерлік және консалтингтік қызметтерді орындау мақсатымен 2010 жылы Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары институты өз базасында жол-сынақ зертханасын ашты, артынша осы зертхана негізінде Қазақстан жоғары оқу орындарында тұңғыш рет Ғылыми-өндірістік департамент (бүгінде Технопарк) құрды. Бүгінде Департамент Қазақстанның әр түпкірінде барлық деңгейлі инженерлік қызметтерді 15 бағытта жүргізіп келеді. Сонымен қатар, төртінші сатыдағы бақылау жұмысын Тапсырушы атқарады. Оның да құзырында кезінде  «Облжолзертхана» мемлекеттік мекемесі болған. Көріп тұрсыз, «Қызға қырық жерден тиым» деген халық нақылының осы арада да өз орнын тауып тұрғанын. Міне, осыдан кейін кемшілік, шын мәнінде,  болуы тиіс емес. Десек те, болып тұрады.

Сапа ісін түбегейлі шешу мақсатында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (РМК) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 наурыздағы №131 қаулысы негізінде құрылды және 2019 жылғы 23 мамырда заңды тұлға ретінде тіркелді. Оның құрамына облыстардығы 14 «ОблЖолЗертхана» Республикалық мемлекеттік мекемелері біріктірілді. Мақсаттары:  жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-баптау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Әрекет ету аймағына республикалық жолдармен қатар жергілікті жолдар да енгізілді.

Қазір тапсырысқа берілген жолдарға бір жыл өткеннен кейін әртүрлі деңгейлі инспекциялық тексерістер ұйымдастыру шарасы дәстүрге айналды. Ондай инспекциялық тексерістерге  заң және финанс органдарымен қатар басқа да құзырлы орындар белсенді ат салысуда. Бұлар да зертхана арқылы жолдың сыр берген орындарына мұқият қадағалау сынақтарын өткізеді. Әрине, ол мекемелерде кәсіби сынақ зертханалары бола бермейді. Сондықтан, ол мекемелер бұл іске жеке, тәуелсіз консалтингтік мекемелерді тартады.

Тілші: Сіз айтқандай, соңғы аталған мекеме 2006 жылы ашылған «ОблЖолЗертхана» ММ мен Алматы мен Астана қалалық зертханаларын біріктіріп, жаңа бағытта өрбіп отыр ғой?

Ә.Қ: Дәл солай. Алдыңғы жауабымда осы мекеменің ашылуы туралы туралы қысқаша тоқталдым. Әрине өзгешелік орасан, және ол бұрынғы сапа бақылау жүйесінен мүлдем өзгеше. Мен осы зертханалардың  ашылатыны тұрғысындағы салалық кеңестерді мұқят бақылап отырдым. Идея сол кездегі Автомобиль жолдары комитетігнің төрағасы Мереке Құдайбергенұлы Пішембаевтан шықты десем көп қателесе қоймаспын. Өйткені ол 2016 жылдан бастап жол ғалымдары мен кәсіби мамандарының барлығын жинап алып, жол байындағы өндірістік кеңестерде жол сапасы туралы бірнеше қайтара талқылама кеңестер өткізді. Саратов, Екетеринбург қалаларындағы прибор шығаратын мекемелердің өндірістік базасында өзі тікелей болып, олардан заманауи құрал-жабдықтар алу шараларына келісім-шарттар жасасты. Бұл айтқанға жеңіл болғанымен, ісі өлшемсіз күрделі әрекет. Әрине, құрал-жабдықты алыс шетелден де алуға болады. Бірақ оны қолдануда бірқатар ерекшеліктер бар: әрбір шетелдік жабдық отандық стандартқа сәйкес келуі тиіс және реестрге тіркелуі шарт; оны пайдалану үшін арнайы мамандандырылғын біліктіліктен өту қажеттігі бар; жыл сайын жабдық калибровкалық (пайдалану сапасын бақылайтын) бақылаудан өтуі тиіс және т.т.

Бүгінде қайта құрылып, жаңа бағытқа бет бұрған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Бас директоры Зәмір Садықұлы Сағынов. «Болар істің басына – жақсы келер қасына» дегеніміз осы болар. Зәмір Садықұлы жол саласы бойынша түрлі мемлекеттік басшылықта болған, тәжрибелі маман-жолшы. Іске қатал, бірақ түсінігі терең азамат. Ол кісімен іс шешу немесе бірлесе атқару аса жауаптылықты қажет етеді. Сондығынан да болар Зәмірдің араласқан ісінен ақау іздеу, құмнан жоғалған инені іздегенмен пара-пар болар. Ол – Сапа басшылығына адал, аса қажетті тұлға.

Тілші: Әбді аға, көрініп тұр осы адамдардың барлығымен қызметтес болғандығыңыз. Бүкпесіз нақты сипаттама бердіңіз. Енді «Жол Активтерінің Ұлттық Сапа Орталығы» ШЖҚ РМК қазіргі бет алысы мен ертеңі қандай болуы тиіс деп ойлайсыз.

Ә.Қ: Рас. Құру оңай, жүргізу күрделі іс. Менің байқауым бойынша бұл мекемеде істің басынан -ақ маман мәселесін алдыға қойған сияқты. Оның үстіне, бірқатар мамандар сол бұрынғы «ОблЖолЗертхана» мен Алматы, Астана қалаларындағы  зертханалардың тәжрибелі инженерлері, лаборанттары. Негізгі құрам бар. Бірақ, бұл құрам қалыптасқан іске ғана бейімделген мамандар. Ол да шындық. Демек, жаңа бағытқа жаңа ұстам керек. Мені ойландырған мәселе осы еді. Білемін, бұрынғы областық зертхана инженерлерінің облыстық немесе қалалық сәулеттік-құрылыс бақылауы басшылығынан инженерлік қадағалау жұмыстарын жүргізуге құқық беретін 1-ші немесе 2-3-ші деңгейлі сарапшы сертификаттары болмады. Олар зертханалық сараптамаға тек инженерлік түйіндеме жасады, ал ғылыми тұрғыда оның маңыздылығын толық аша алмады. Өзіңіз ойлап қараңыз, біздер, ғалымдар әрбір алынған нәтижеге тек инженерлік тұрғыда қарамаймыз. Ол істің барлық қыр-сырын ашпайды. Оның шығу тегінен бастан, күйреуге түскенге дейінгі аралықтағы барлық айғықтық  факторына жан-жақтылық сараптама жасаймыз. Сонда ғана оның ертеңгі қайталамының алдын аламыз. Бұл – жол ғылымының негізгі орны. Онымен тиекті айналысушылар Қазақстанда он саусақтан аспайды. Зәмір інім осыны мамандастыру кезеңінде жобасына енгізсе, нұр-үстіне нұр болар еді.  Бұл арада Бақытжан Сәтмағамбетұлы Мұртазин пен ресейлік ғалым Немчинов Михаил Васильевич ұстаздарымды атамай өте алмаймын. Ол кісілер 80-нен асса да бізге кеңес беруден еш жалыққан емес, әрі ойларымыздың біржүйеде тоғысуына да үлкен әсер етеді. Мекеме кеңесшісі болар инженерлер мен ғалымдар арамызда қаншама. Бұлар тірі Университет емес пе, ағайын!

Тілші: Жақсы, Аға, керемет айттыңыз! Мен де Сіздің осы пікіріңізді құзырлы орындарға айтуға жаршы болуға сенім білдіремін. Бұл сапа ісімен шұғылданатын мекеме үшін таптырмас қазына ғой. Жолдың пайдаланымы туралы қысқаша не айтар едіңіз. Бұл арада аталмыш мекеменің функциясы не болады?

Ә.Қ: Жол пайдаланымы Қазақстан ғылымы мен басшылығында тым кенжелеп қалған мәселе. Өзі әлсіреп тұрған «Қазавтожол» РММ жеке басшылық құзырына өткізіліп,  «Қазавтожол» ЖШС айналды. Мен осыны еш ақылға сиғыза алмадым. Стратегиялық маңызды нысанды жеке басшылыққа тапсыру – әрине, әлі де сараптауды қажет ететін болар. Әдетте, облыстық жол мекемелерінің кез келгеніне кіріп, басшылығымен жол пайдаланымы туралы пікіресіп жүруші едім. Олар да мені өз қызметкерлеріндей қабылдайтын. Осы мекеме жекеге айналғаннан бері бұл қатынасым пышақкесті тоқтады. Есіктері жабық тұр дей алмаймын, бірақ барған сәтімде басшысын кездестіре алмаймын. Кезейсоқтық па, әлде, өкініш пе?

Биыл Қазақстан жолдарында қысқы қозғалыс жағдай өте шиеленністе болды. Теледидар хабарындағы журналистік талқылауда осы мекеменің Бас директорын көре алмадым. Отқа күймейтін, суыққа үсімейтін Ұлан Тоқтарбайұлы Бас директордың орнында тиісті сауалдарға барынша кең ауқымды малұматтар беріп, жол азабындағыларға өзінің мекемесі тарапынан көмегін аямады. Ол жолда, ол мекеме орнында, ол халық алдында жауап беріп тұр, ал нақты жауапты мекеме басшысы қайда?... Әрине, қыс мезгілінде қар басып қалған орынға жолшы жете алмауы – балықтың суда жүзе алмауымен бірдей жағдай ғой. Сонымен қатар, Қазақстанның климаттық жағдайлары соңғы жылдарда мүлдем өзгеріске ұшырағандығы туралы мәліметке де сену қиын-ақ. Бұл арада  климаттық жағдайы ұқсас екі аймақтағы жолдарды мысал етіп айтайын, біріншісі «Қостанай–Сұрған», екіншісі «Алматы–Өскемен». Екі климаттық аймақтағы жел соғы ұқсас,   жербайырлап соғады және жылдамдығы мен бағытты тұрақсыз, әрі өте қарқында. Алайда 260 шақырымдық «Қостанай–Сұрған» автожолының қар алып қалу мүмкіндігі тым төмен, ал екіншісінің бірнеше бөліктері қозғалыс бермейтін жағдайға түсуде. Жауап біреу-ақ, қостанайлық жол үйіндісінің биіктігі 2,5 метрден кем емес, ал өскемендік жолдың басым бөлігі 1 метрден төмен. Осыны қазіргі жобада қатаң қадағаланса деген пікірдемін. Желді, рельефі жоталы  аймақтатардан өтетін жол үйіндісінің биіктігі қардың түсу биіктігімен қабылданғаны, меніңше,  қате ұғым.

Сөзімді түйіндей келе айтпағым: «Жол Активтерінің Ұлттық Сапа Орталығы» ШЖҚ РМК күтерім мол, бағыты мен функциялық істері де жаңаша құрылған. Сапа тек құрылыстық материалдарды таңдау мен құрылыстық технологиялық процестерді қадағалаумен шектелмейді. «Жол Активтерінің Ұлттық Сапа Орталығы» ШЖҚ РМК – жолдың қай мезгілде болмасын күтіп-бапталуындағы, өндіріс мекемелерінің сапалы өнімділігіндегі, тендерге қатысқан фирмалардың кәсіби құрамы мен техникалық жадықталуындағы сапа деңгейін қадағалайтын тәуелсіз мекеме. Сапа – инженерлік қызмет! Сапа – ғылыми негіздеме және бағыттама! Ақ жол тілеймін, Жолшылар!

Тілші: Рахмет, Әбді Қиялбайұлы! Сіздің шындықты ашқаныңыз, ол біреуді сүріндірейін деген пікір емес екені анық көрініп тұр. Керісінше, келесі ұрпаққа деген ағалық пікіріңіз ғой. Ендігі бір кездесуде сол қысқы жол пайдаланымына бағыттасақ, нұр үстіне нұр болатын сияқты. Жолыңыз да, шәкірттеріңіз де таусылмасын, Аға!

Әңгімелескен: А.Сәруар,

"Адырна" ұлттық арнасы

Пікірлер