Қазақстан Республикасы Қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек ЖАНҰЗАҚОВ алты жылға сотталды. Бұл туралы Спутник.кз хабарлады
Ақмола гарнизонынынң әскери соты оны «вице-адмирал» атағынан айырып, 42 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге міндеттеген.
«Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес, «вице-адмирал» әскери атағынан да айырылды. Оған қоса, сотталған адамнан мемлекет кірісіне 42 401 076 теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі», – делінген әскери сот берген мәліметте.
18 мамыр күні шығарылған үкімде вице-адмиралды алты жылға бас бостандығынан айыру туралы жазасы кесілген.
«Жанұзақов Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызмет бабын асыра пайдалану») бойынша 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару түзеу мекемесінде өтейді», – делінген сот хабарламасында.
Әзірге бұрынғы вице-адмиралдың жазасын нақты қай жерде өтейтіні нақтыланбаған, оны ІІМ анықтайды.
Бұдан былай Қылмыстық кодекстің 50-бабына сәйкес, Жанұзақов қарулы күштер қатарында, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда қызмет ете алмайды.
Айта кету керек, әзірге сот үкімі заңды күшіне енбеген.
"Сот үкімі заңды күшіне енбегенін ескере отырып, бұл іске қатысты толығырақ пікір білдіруді орынсыз деп есептейміз. Өйткені оны апелляциялық инстанция пікірі ретінде қабылдауы мүмкін", – деп нақтылады әскери соттың баспасөз қызметі.
"Адырна" ұлттық порталы