Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясының әлі де қауіпті екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустың жаппай тарауы еңбек ұжымынан тыс жерде, яғни, адамдар көп жиналуына байланысты екенін айтады.
"Қонаққа барып, үйге қонақ шақырамыз. Мамандардың ескертуіне қарамастан қарапайым ережелерді сақтамаймыз. (...) Мысалы, Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған бір адам анықталғаннан кейін инфекцияның сегіз ошағы анықталған. Бұл жағдайда ұжымның өзінде 29 адам, ал үй ошағында 11 адам анықталды. Яғни, анықталған 11 жағдайдан кейін тағы 40 адам анықталды. Оның үшеуі - балалар. Түркістан облысында да бір науқас анықталғаннан кейін бірден сегіз ошақ тіркелді. Нәтижесінде 20 адам жұқтырған. Оның екеуі 60 жастан жоғары адамдар", - дейді Айжан Есмағамбетова ОҚК брифингінде.
Сонымен қатар, жүк көлігінің жүргізушісі ұжымындағы 6 адамға коронавирус жұқтырған.
"Олар (алты адам - автор) инфекцияны үйлеріне тасымалдап, тағы 14 адам жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасының бірден бес мүшесі вирус жұқтырған. Оның ішінде қауіпті топтағы егде жастағы адамдар, яғни, олардың ата-анасы. (...) Айта кететін жайт, ауызашарға барғандардан да коронавирус анықталды. Осы секілді мысалдар арқылы ауруды ауыр өткізетін, арты өлімге әкеліп соғатын үлкен адамдар бірден жұқтырып алуы мүмкін екенін айтқым келеді. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар да тіркелді", - дейді Бас санитар дәрігер.
Еске салайық, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 969 адам анықталды. Оның ішінде 3 649 адам аурудан айықса, 35 адам қайтыс болды.