Мейір Оразғали. Фэнтези

5567
Adyrna.kz Telegram

 Фэнтези

Мысалы,

Сен -

осы әлемде болмағанда,

Мен -

осы әлемде болмағанда,

Әкем, үй бетін көрмей қонбағанда,

(...айтарға сөзiм қалмағанда)

"Мыи гуиды" тыңдаймын.

Ешкім жоқта, ешкімің жоқта

айғайлап, Ясын секілді ән айтқым келеді.

Ән айтқым келеді, себебі!

Ән айтып тұрған сәтте,

Жиырма жастағы әкем келiп, менiмен ән салса.

сосын, жан баспаған, шаң баспаған көшелермен жүріп өтеміз.

сосын, үйiмiзге кетеміз.

(...мысалы.)

***

Парфюмер

Кесенеге бара жатқан жолға қарап,

кесенеден қайтып келе жатқан жолға қарап

Түк те түсінбедiк.

Түк те түсінбейтiндей түсінбедiк.

Оқыстан шыңғырған ойлардың "Өзім" екеніне,

Өркениеттің "еркіндік" екеніне

"бостандық" тiлiмен басымды изедiм.

Баяғы жүрген iздерiмдi жыл айналып iздегенде

Асфальт салып тастапты.

***

Теодицея

Шексіздік. Шексіздік деген "шексіздік" емес!

Тылсым дүние де.

Бiз бәрiн дiншiл көрген сайын

Атеист боп барамыз.

Жалаңаш кейiпiмiздi шылымның түтінiмен бояймыз.

...дәл қазір,

Миымның екінші қыртысында "өлім".

...дәл қазір,

Далидың картиналарын қарап отырып,

ұйықтап кеттіппiн шексіздікке.

 

Valse

Жаңбыр астында тұрып,

Тәнiмiздi тамшылармен тазарту үшін,

Жанымызды түннің мелодиясына балқыту үшін

Сiздi -

соңғы вальске шақырамын.

Ерiнiңiзден сүю үшін - вальске шақырдым Сiздi.

Құстарда ұшпайды, көбелектер де жалғыздық биiмен танго билейді.

Ғайыптан, Сiз - бiр жапырақ қағазға айналсаңыз

Сол қағазға арманымды жазып,

өзенге ағызып жiберемiн.

***

 

Вечерняя серенада

Осы тұрған сәтiм -

Сел шайған терезелердің айғыз жасы

Өркениетке мас болған ғасыр.

Осы тұрған сәтiм -

Жазылмаған, жазылмайтын тағдыр жазуы секілді.

Шылым шегуге зауқым соқпаса да,

шегемiн.

Түйсік пен танымның тағдырлас рухы секілді.

Сағат 00:00-ден кейін,

Сағат 00:00-ге дейiн,

Өзіммен түскен жалғыз суретке телмiремiн.

Осыдан басқа жұмысым жоқ қой енді менің!

 

Мейір Оразғали,

 ШҚО , Тарбағатай ауданы,

Комсомол ауылы. 

Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ-нің    филология факультетiнің студенті.

Пікірлер